13 шақырылымдағы халық өкілдері Жалпықытайлық жиналысында ҚХР конституциясына түзету енгізу жобасы мақұлданды.
«ҚазАқпарат» ХАА Қытайдағы меншікті тілшісінің хабарлауынша дауыс беруге 2 964 халық қалаулылары қатысқан және оның 2 958-і Қытай коммунистік партиясының Орталық комитеті ұсынған конституцияға түзетулерді мақұлдаған, 2 адам қарсы шығып, 3 дауыс беруден бас тартқан және 1 бюллетень жарамсыз болып шыққан.
Жаңа түзетулерге сәйкес, мемлекеттік қызметшілер қызметке кірісерде ел конституциясына қоғам алдында ант береді және ҚХР мемлекеттік органдар жүйесін бақылау ретінде Ұлттық комиссия енгізіледі.
Ал, тарихи мәні бар негізгі түзетулердің бірі - ҚХР төрағасы мен төраға орынбасарына екі мерзімнен артық билікте болуына тыйым салатын 79-баптағы үшінші тармақты алып тастау болды. Бұл ҚХР көшбасшысы Си Цзиньпиньге 2023 жылдан кейін де билік басында қалуына мүмкіндік береді.
Еске сала кетсек, 25 ақпан күні ҚКП Орталық Комитеті ел конституциясына өзгерістер енгізу бойынша ұсыныс жариялаған болатын.