Мемлекет басшысының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Қазақстан халқына Үндеуі халықтың әлеуметтік қамтылуына, әсіресе жастар жағдайына баса назар аударуымен ерекшеленеді.
Бірінші бастамадағы «7 – 20 – 25» бағдарламасы, яғни тұрғын үй алу барысында несиенің пайыздық мөлшері 7 пайызға және алғашқы төлемі 20 пайызға түсіріліп, оны 25 жылға дейін төлеуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл өз кезегінде біздің өңірімізде кезекте тұрған мыңдаған адамға, осы бағдарлама арқылы тұрғын үй алуға жол ашады. Сонымен бірге өңірде тұрғын үй құрылысының дамуына үлкен серпін бере отырып, өңірдің дамуына, шағын орта бизнестің өрістеуіне және жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді.
Елбасымыз екінші бастамасында жалақысы төмен қазақстандықтарды қолдау үшін салық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1 пайыз ғана салық салуды ұсынды. Бұл жалақысы аз Қазақстан азаматтары үшін үлкен қолдау. Нарық бағасы айлық айырмашылықты алға тартып отырғаны жасырын емес, осы тұрғыдан алғанда бұл мәселенің салық саласында ескерілгені дұрыс-ақ.
Үшінші бастамада студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсартуды, сонымен бірге жастардың оқу ақысын төлеуде жеңілдік болу үшін, қосымша 20 мың грант бөлуді ұсынды. Бұл өңіріміздегі денсаулық, білім саласында қажетті мамандармен қамтамасыз етуге, қажетті техникалық мамандарды тартуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге облыс орталығы – Ақтау қаласындағы студенттерді жатақханамен қамтуға, олардың жақсы білім алуына, тұрмыс жағдайын жақсартуға жол ашады.
Сондай-ақ шағын несие беруді көбейту бастамасы жаппай кәсіпкерлікті дамытуға, әсіресе ауылдағы жастарды кәсіпкерлікке баулуға сеп болады. Бұл нарықтық экономика талабы, ел дамуы, тұрғындардың жұмыспен қамтылуы үшін маңызды мәселе. Кәсіпкерлерді қолдау қоры арқылы шағын несие беру әрбір азаматқа өзінің кәсібін ашып, мүмкіндігін іске асыруға тиімді болары сөзсіз.
Бесінші бастама ретінде елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру жайы айтылды. Бұл – еліміз үшін өзекті мәселе. Біздің облысымыз толықтай газбен қамтылғанымен, орталық және солтүстік өңірлер әлі де газсыз отыр. Барлық өңірді газбен қамту қазақстандықтар үшін қуанышты хабар екендігі сөзсіз. Оның ішінде елордамызды, биыл 20 жылдық мерейтойы тойланғалы отырған Астана қаласын газдандыруды, экологиялық жағдайын жақсартуды Маңғыстау жұртшылығы бірауыздан қолдайды.
Серікбай ТРҰМОВ,
Маңғыстау облыстық мәслихатының хатшысы
Маңғыстау облысы