«КМК-Мұнай» акционерлік қоғамы Ақтөбе аймағындағы табысты қызмет жасап жүрген компаниялардың бел ортасынан ойып тұрып орын алады. Әйтсе де мұнай өндірумен айналысатын кәсіпорынның жақсысы мен жаманы бірдей болып отыр.
Кәсіпорын жұмысшылары Темір мен Мұғалжар аудандары аумағындағы «Көкжейде», «Құмсай» және «Мәртөк» кен орындарында жұмыс істейді. Еңбек ұжымында 394 адам бар. Олардың ішінде келісімшарт бойынша шақырылған ҚХР-дың бес азаматынан басқасы жергілікті тұрғындар.
Өткен жылы «КМК-Мұнай» АҚ әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыру ісінің нәтижелері бойынша Елбасы белгілеген «Парыз» сыйлығымен марапатталған. Сондай-ақ кәсіпорын осы кезеңде көмірсутегі шикізат өндіру көлемін өсіре келіп, 39 миллиард теңге табыс тауыпты. Бұдан жергілікті бюджетке 6 миллиард теңгеден астам салық төлемдері аударылған. Тіпті компания аймақтағы әлеуметтік нысандардың инфрақұрылымына қомақты қаражат салу ісінен де тартынып қалмапты, оның мөлшері 36 миллион теңгеден асып түседі.
«КМК-Мұнай» АҚ-тың вице-президенті Самат Берденовтің айтуына қарағанда кәсіпорын облыс экономикасына 10 миллиард теңгеге жуық инвестиция құюды жоспарлаған. Компания құрамындағы қызметкерлердің орташа жалақысы 170 мың теңге көлемінде. Оның индексациясы өткен жылы кәсіпшілік қызметкерлер үшін он пайыз құраған. Әрине мұның бәрі компания ұжымының жақсы жағы екені мәлім. Сонда оның теріс жағы қандай? Таңғаларлық жағдай – осындай табысы мол компания өз өндірісінде жергілікті үлесті көбейтуге мүлдем көңіл бөлмей отырғаны. Талдаулар мен қолда бар нақты деректер көрсетіп отырғандай, оның көлемі небәрі сегіз пайыз төңірегінде ғана. Бұл салыстырып айтуға да тұрмайтын өте төмен көрсеткіш екені белгілі.
– Егер «КМК-Мұнай» АҚ-тың төңірегінде шағын және орта бизнесті құру үшін тиісті жағдайлар туғызылмаса немесе олар стандартқа сәйкес келетін тауарлар ұсына алмаса бұл жағдайға бір есептен түсіністікпен қарауға да болатын шығар. Алайда олай емес екені әмбеге аян. Керісінше компания аумағында мұндай әлеует пен мүмкіндік жеткілікті. Біз мұны көріп отырмыз, – дейді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов.
Расында да аталған өндірістік кәсіпорын жергілікті үлесті көбейту ісінен бойларын неге аулақ салып отыр? Әлде мұның өзі тек өз тауым биік болсын дейтін әлеуметтік астамшылдық па? Табысы мол ірі компанияның төңірегіне шуағы мен жылуын түсіргені жөн емес пе?! Шынтуайтына келгенде «КМК-Мұнай» АҚ-тың оң істері жергілікті үлесті көтеру ісіне қырын қарауы арқылы жуылып-шайылып кеткендей әсер қалдырады.
Қазақстандық үлесті көтеру дегеніміз өз елімізде өндірілетін мұнай-газ өндірісіне қажетті құрал-жабдықтарды сатып алу және отандық кәсіпорында көрсететін қызметтерді пайдалану деген ұғымды береді. Бұдан бойларын аулақ салып отырған «КМК-Мұнай» АҚ басшылары өз іс-әрекеттерін немен ақтап алар екен?!
Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы