• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Наурыз, 2018

Халиолланың «Жан тебіренісі»

943 рет
көрсетілді

Орал қаласында белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бауыржан Халиолла «Жан тебіреніс» атты жаңа кітабын оқырман қауымға ұсынды. Жаңа жыр жинағының таныстырылымы Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында өтті.  

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағы­ның, Айтыс ақындары мен жыршы-терме­шілердің халықаралық ода­ғының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Бауыр­жан Халиолланың бұл кітабы жақында Алматы қа­ласынан жарық көрген. Кітап­тың тұсаукесер салтанатында Алматы қаласынан арнайы келген Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының және Шолохов атындағы ха­лықаралық әдебиет сый­лығының иегері, жазушы Сәбит Досанов сөз алып, жас ақынның иығына шапан жап­ты. Айтыс сахнасында да, жазба поэзияда да өз өр­не­гін салып жүрген ақын шы­­ғармашылығына табыс тіледі.

Кешті Бауыржанның сыныптас досы, белгілі ақын Талант Арғынғали жүргізді. Көрермен қауым кеш иесінің ақындық қырынан бөлек, сазгерлік қабілетіне де қол соқты. Өйткені кеш бойына әнін де, сөзін де Бауыржан Ха­лиолла жазған әндер мен тол­ғаулар орындалып, ша­раның шырайын кіргізе түсті.

Бауыржанның кешіне көршілес Атырау өңірінен облыстық мәдениет басқар­масының басшысы Саламат Сабыр бастаған делегация арнайы келіп, қошемет көр­сетті. Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов өңір басшысы Алтай Көлгі­нов­тің атынан кеш иесін құт­тықтады.

Айта кетейік, Бауыржан Халиолланың бұған дейін «Жұмбақ қыздың жанары» «Нәзік бұлт көшіп барады» «Жұлдыз жауған жарық түн» атты жыр жинақтары жарық көрген болатын.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

ОРАЛ

Суретті түсірген

Рафхат ХАЛЕЛОВ