• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Наурыз, 2018

Елорданы дамытуға ерен үлес

642 рет
көрсетілді

Астананың бас қаламызға айналғанына биыл 20 жыл толады. Жалына қол тигізбес жүйрік уақыт, шағын ғана Ақмола-Целиноградтың ен далада бұйығып жатқаны кеше ғана сияқты еді. Бел ортасынан көшелерінің бас-аяғы көрініп жататын шағын қала тарих үшін аз ғана уақыт ішінде әлемнің ірі-ірі шаһарларымен иық тірестірген мегополиске айналып қана қоймай, дүние жүзі державаларының геосаяси қарым-қатынасындағы бейбіт келіссөздер алаңы ретінде мәшһүр болды. Еуразияның тура кіндік тұсында орналасқан Астана Еуропа мен Азияның алпауыт мемлекеттері арасындағы талай мәселеде байсалды бітімгер бола білді.

«Қараөткел – Алаштың ортасы»

Таяуда Қарағанды облысының ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі мемлекеттік архиві Ас­тананың 20 жылдығына орай «Еуразия құрлығындағы жа­ңа Астана» атты дөңгелек үс­тел ұйымдастырды. Басқосуға қа­тыс­қан тарихшы ғалымдар Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның та­қы­рыппен астасып жатқан ұлы арманын еске алысты. «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда универ­ситет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш-Баян сұ­луды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қа­зақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау», деген екен өткен ға­сырдың басында қайран да қай­раткер тұлға.

Шара барысында Қарағанды облысының өзінің жиырмасыншы белесін бағындыруға қадам жа­саған Астананың аяғынан қаз тұруына қомақты үлес қосқаны әң­гімеге арқау болды. Мысалы, бір ғана «Имсталькон» Қарағанды металл құрастыру зауыты» ЖШС-нің өзі Астанадағы «Спорт сарайының», «Бәйтеректің», Ас­тана әуежайының, жаңа темір жол вокзалының, «Қазақ елі», «Мәң­­гілік Ел» монументтерінің, халық­­аралық ЭКСПО-2017 көр­ме­сі нысанының және тағы бас­қа құрылыс орындарының ме­талл құрастырмасын жасап шы­ғар­ған екен. Бұл жөнінде дөң­гелек үстелге қатысушы атал­ған фирманың бас инженері Ри­нат Нұрғалиев айтып берді. Аста­на­дағы зәулім ғимараттар мен тұр­­ғын үйлер іргетастарының табанды берік тіреуіне «КарГИИЗ и К» ЖШС-нің де сіңірген еңбегі зор. Фирма директоры, техни­ка ғы­лымдарының докторы Вик­тор По­повтың айтуынша, ел­ор­дадағы 80-ге жуық ірі ғимараттың гео­де­зия­лық жос­парын әзірлеу осы меке­менің еншісіне тиіпті.

Әңгіме барысында осы По­пов болмаса, әйгілі «Хан Ша­тыр», тіпті Министрліктер үйі ғи­ма­раты тұтасымен батпаққа батып кетуі әбден мүмкін еді деген де әңгімені естідік. Мысалы, ғалым «Хан Ша­тыр» салынбақшы жерде Есілдің жерасты сулары өтетінін, ол жерге қада қаққанмен, кейін оның қауқарсыз болатынын ғылыми тұрғыдан дәлелдеп берген. Соның арқасында ғажайып ғимараттың әу бастағы орнынан 100 метр алыстап барып бой көтергенін қазір біреу білсе, біреу білмейді де...

«Бәйтерек» тұрған жерде картоп өскен

Әлем тарихында мемлекет астанасын жаңадан тұрғызу мы­салдары тым аз. Әрине, бұл жердің бұрын да қала аталғанын жоққа шығармаймыз. Десек те, бұрынғы Целиноград дүниенің кез келген түкпірінде бар шағын ғана еңбекқор қала еді. Қазір соған сенудің өзі қиын. Бүгінде «Бәй­терек» тұрған жерде бір кезде картоп алаңы болған. 1960 жылдардың аяғындағы Цели­ноградта зәулім ғимараттар былай тұрсын, бес қабатты үйлердің өзі санаулы ғана еді. Қала негізінен жер үйлерден құралды. Жергілікті тұр­ғындар қой-ешкі, қаз-үйрек ұс­тады. Байырғы тұрғындардың ай­туынша, ол кезде орталық Тың игерушілер даңғылында (қа­зір­гі Республика даңғылы) тұра­тындардың өзі мал ұстаған екен.

Астанаға географиялық жа­қын­дығы мен өңірдің жоғары ин­дустриялық әлеуетінің ар­қа­сында қарағандылықтар елор­даның құрылысына белсене атсалысты. Президент Н.Ә.Назарбаев жаңа астанаға көшу туралы мәлімдеме жасағаннан кейін көп ұзамай, «Караганда ГИИЗ и К» ЖШС бас қаладан болашақ құрылыс орындарын сайлай бас­тады. Заманауи техникалар мен жаңа технологияларды пайдалана отырып топырақ қабаттарын зерттеуге кірісті. Астананың Бас жоспары да осы негізде жасалды.

Ол кезде қала құрылысы Есілдің тек оң жағалауында ғана жүргізілді. Ал сол жағалауда саяжайлардан басқа ештеңе болған жоқ. Оның үстіне, саз-батпақ жерлер көп еді. Сондықтан мамандар қаланы алдымен қызыл судан қауіпсіздендіруді ұсынды. Бүгінгі Астанадағы ең бір көрікті жерлердің басым бөлігі қарағандылық мамандардың алдын ала зерттеулері мен ұсыныстарының нәтижесінде дүниеге келген. Атап айтқанда, олар Бейбітшілік пен келісім сарайының, «Астана триумфы» және «Бәйтерек» тұрғын үй кешендерінің, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің құрылыстары үшін жан-жақты инженерлік зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Қарағандылықтардың қолы тиген құрылыстар

«Қарағандытұрғынүйқұрылыс» тре­­сі­ Есіл жағалауындағы құрылыс жұмыстарына Астана астана болған алғашқы күндерден бастап-ақ кірісті. Біздің құрылысшыларымыз алдымен болашақ астананың басшылары үшін бұрынғы балабақшаны сегіз пәтерлі үй етіп қайта жаңғыртты. Одан кейін қаланың 9-шы шағын ауданында қызыл кірпіштен заман талабына сай көп қабатты үй тұрғызды. Теміртаулық «Заводстрой» кәсіпорнының құры­лысшылары «Мемлекет басшылары» аллеясын жасап, 9-шы шағын ауданда бес қабатты, 20 пәтерлі үй салды. Біздің кәсіпорындарымыз сонымен қатар Қазақстанның символына айналған «Бәйтерек», Мұз сарайы, «Қазақ елі» стеласы, Оқушылар сарайы тәрізді бірегей ғимраттардың құрылыстарына белсене атсалысты. Қарағандылық жобалаушылар жалпы аумағы 200 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасын жасады. Бұған қоса қарағандылық 30 құрылыс ұйымы тұтас тұрғын үй кешендерін, ондаған мектептер мен балабақшалар, ауруханалар салды. Және солардың бәрінің де сапасы аса жоғары. Облыстағы құрылыс индустриясының кәсіпорындары тұрғын үйлер мен басқа да нысандар тұрғызу үшін Астанаға мыңдаған тонна цемент, пластмасса және металл құбырлар, санитарлық-техникалық өнімдер, жылу радиаторларын, темір-бетон бұйымдар, басқа да құрылыс материалдарын жеткізіп отырды.

Қарағандылықтар Мемлекет басшысының резинденциясын – еңсесі биік Ақорданы тұрғызуға да мол үлес қосты. Еліміздің түрленуі мен гүлденуіне бастау болған талай игі шешімдер осынау шаңырақтан шығып жатыр. Еліміздің әлемдік қоғамдастықтағы ұстанымын ны­ғайтып, дамудың жаңа сатысына бастаған «Қазақстан-2050» Стратегиясы да Ақордада жасалды.

Мерейтойға – толымды тарту

Жерлестеріміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз қолымен түсірген эскиз бойынша жасаған «Отан-Ана» монументі бұл күнде ел мақтанышына айналған. Ал елорда циркінің алдындағы әсем субұрқақты қарағандылықтар Астананың он жылдық мерейтойына тарту еткен болатын. 60 метрлік, төрт деңгейлі субұрқақтың айналасына цирк өнерінің әр жанрынан екі метрлік он мүсін, ал ортасына эквилибрист баланың алты метрлік мүсіні орнатылған. Бұл кешеннің құрамында, сонымен қатар кіреберіс қақпа, Қазақстан Суретшілер одағы Қарағанды бөлімшесінің көркемөнер-өндіріс комбинатында қоладан құйылған қазақ халық ертегілерінің кейіпкерлері аллеясы, жүзшақты гейзер бар. Жобаның ауқымы да, көркемдік шешімі де көрген жанды еріксіз сүйсіндіреді.

Қарағандылықтардың Астанаға тартулары мұнымен түгесілмейді. Астананың азық-түлік қауіпсіздігі тұжырымдамасының шеңберінде облыс елорданы ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Жаңа астанаға білікті мамандар қажет. Мыңдаған қарағандылықтар Астанаға қоныс аударып, барлық салаларда жемісті еңбек етуде. Олар бас қаламызды дамытуға үлес қосып жүр.

Астананың 20 жылдық тойына деген Қарағанды облысының тартуы да толымды болмақ. Кенді өлке құрылысшыларының қолымен елорданың төрінде «Қазақ еліне мың алғыс» атты монумент бой көтермек. Оған қоса сол маңдағы аумақ абаттандырылады. Бұл ауқымды жобаның бар жұмысы 2018 жылдың 1 шілдесіне дейін аяқталуы тиіс деп жоспарланған.

Елбасы еңбек жолы мен саяси қызметін бастаған Қарағанды өңірінің халқы өз мәртебесі мен жауапкершілігін жақсы түсінеді және әрдайым сенімді ақтап, абырой биігінен көрінуге әзір!

Қайрат ӘБІЛДА, «Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ