• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Наурыз, 2018

«Қазпоштаның» өткен жылғы жұмысы қорытындыланды

320 рет
көрсетілді

Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазпошта» АҚ-тың 2017 жылғы жұмыс қорытындылары мен 2018 жылғы жос­парлары туралы баспасөз мәслихаты өтті. «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов компанияда 22 мыңнан астам адам жұмыс істейтінін, 3,5 мыңға жуық бөлімшелердің 80 пайыз автоматтандырылғанын, филиалдардың 70 пайызы ауылдық жерлерде орналасқанын, олар 100 пайыз ауылдық елді мекендерді қамтитынын баяндады. 

«Поштаны тасымалдауға ар­налған автокөліктерден басқа 37 пош­талық вагонымыз бар. Оған қоса шалғайдағы ауылдарға пош­таны 2 килоға дейін көтеретін дрондармен жеткізуді қолға алдық. Былтырдан бері 1,5 тонна хат-хабарлар жеткіздік. Қазір біз 4 кило көтеретін дрондарды сынақтан өткізіп жатырмыз. Компаниямызға өткен жыл көп­теген жаңа жетістіктер әкелді. 2017 жылы компанияның жалпы кірісі 49,2 млрд теңгені құрады, 2016 жылмен салыстырғанда кіріс­тер 18 пайызға артты. Элек­трон­ды сауданың және цифр­­лы тех­нологиялардың дамуы, нарық­­­тағы бәсекелестіктің жоға­ры­­лауы Қазпоштаның жұмыс істеу про­цестерін түбегейлі өз­герт­­ті. Енді біз сапаға бағыт­тал­ған озық технологияларды қол­дана­тын болдық. 2017 жылы біз 138 миллион газет пен журнал­ды жеткіздік. Аудан­дарға олардың 93 пайызы бір күн­нің ішінде жет­кі­зіледі. Был­тыр 17 млн-нан астам сәлемдеме жеткізсек, олар­дың 11 млн-ы халықара­лық сәлем­де­ме­лер. Қазақстан бойын­ша сәлем­де­мелерді жеткізу мерзімі 16 күн­нен 6 күнге дейін қысқар­ды. Сәлем­демелер 35 бағыт бойын­ша күнбе-күн жет­кізіледі. Шетел­ден келетін сәлемдемелерді жеткізу мерзімі 45 күннен 25 күнге дейін қысқар­тылды», деді басқарма төрағасы.

Сонымен қатар ол былтыр іске қосқан автоматтандырылған сұрыптау машинасы өнімділікті 10 есе өсіргенін, енді тәулігіне 10 мың емес, 120 мың сәлемдемені өңдеп пошта бөлімшелеріне жібе­ретіндерін жеткізді.

«Самұрық-Қазына» қоры­ның трансформациялау бағ­дар­ламасын жүзеге асыру мақ­са­тында 140 пошта бөлімшесі жаңғыртылды. Онда электронды кезек, бейнебақылау камералары, сәлемдемелер супермаркеттері мен поштаматтар орнатылды. Сонымен қатар былтыр шағын интернет-магазиндер мен нарықта сауда жүргізетін сатушылар үшін E-commerce орталығын аштық. Бұл – интернет-дүкендерге қыз­мет көрсетуге арналған бөлімше. Қазір орталықта 40-тан астам ин­тернет дүкенге қызмет көр­сетіледі. Биылдан бастап мұн­да интернет-дүкендер үшін тре­нинг­тер мен семинарлар өткізіледі. Мысалы, байланыс орталығын аутсорсингке берген соң қонырау шалу деңгейі 68 пайыздан 97 пайызға дейін артты. Сондай-ақ Контакт-орталығына арналған жабдықты сатып алуға күрделі шығындардың қажеттілігі жойылды. Орта есеппен бұл қызметтің шығындары жылына 21,6 па­йыз төмендейді деп жоспарлап отырмыз. 300 жаңа банкомат, 120 терминал және еліміздің әуежайларында орналасқан сот қарызын өтеу функциясы бар 11 терминал ор­натылды. Бүгінгі таңда бөлім­шелерімізде 101 сәлем­деме супер­маркеті және 151 пош­тамат жұмыс істейді», деді ол.

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов Мемле­кет басшысының жалақылары төмен азаматтардың салық ауырт­­палығын төмендетуге бағыт­­талған бастамаларын қолдап, биыл 9 мыңға жуық жұмыс­шының табыс салығын 10 есеге төмендетуді көздеп отырғанын атап өтіп, оған қоса өндірістік персоналдың жалақысын биыл тағы 15 пайызға көтергендіктерін алға тартты.

Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»