• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Наурыз, 2018

Болат Жүніс­беков: Мақсатымыз – рухани жаңғыруға үн қосу

784 рет
көрсетілді

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы дегенді айрықша ескерте отырып, осындай ұлт ұлылары мен байтақ жеріміздегі тарихи мекендерді өзара сабақтастыра қарастыру халқымызды ұлттық бірегейлікке, мызғымас тұтастыққа бастайтынын айтқан еді.

Мемлекет басшысының жоғарыдағы мақсатты тапсырмасынан кейін елі­міз­­­дегі  қасиетті орындардың тізімі анықталып,  оған Абайдың «Жидебай-Бөрілі» тарихи-мәдени кешені кірген болатын. Осы орайда, біз Семей қа­ла­­сында орналасқан Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мә­де­ни және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директоры Болат Жүніс­бековке жолығып сұхбаттасқан едік. 

– Болат мырза, сіз әуелі өзіңіз басқа­рып отырған музейдің бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы қысқаша баян етсеңіз?

– Музей 1940 жылдан бастап жұ­мыс істеп тұр. Семей қаласында ор­на­ласқан бас ғимаратта 21 мыңнан астам жәдігер бар болса, оның 8 мы­ңы негізгі қорда, қалғаны ғылыми қосым­ша қорда тұр. Сонымен қатар 1997 жы­лы қалада ашыл­ған «Мұхтар Әуезов және Алаш арыс­тары» атты музейі де біз­ге қарасты бол­ған­дықтан, осында жаң­­­ғырту жұмыс­т­ары жүргізілуде. Яғ­ни біз алаштанушы ғалымдармен ақыл­даса отырып, бұл музейге байланыс­ты тақырыптық жоспар дайындап, жаңа экспозиция құрдық. Онда Алаш қоз­ғалысының алты кезеңі қам­ты­лып, экспозиция жаңа құжаттар мен де­рек­тер негізінде өзгеше қырынан көрсетілді.

Одан кейін ғимараттың бірінші қаба­тына ХХ ғасырдың басындағы үй ин­терьері жасалды. Екінші қабатқа – Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынов, М.Ду­латов, Ш.Құдайбердіұлы, М.Әуезов сияқты арыстардың балауыз мүсіндері орналастырылды.

Сонымен қатар, қорық-музей құра­мын­да өңірдегі елеулі нысандар – Абай­дың Жидебайдағы музей-үйі, «Абай-Шәкәрім» кесенесі, Абай ауда­нын­­дағы ақын Шәкір Әбеновтің мұра­жай үйі, Абайдың ақын шәкірті Көк­пай Жанатайұлының музей-медре­сесі, Мақаншыдағы әнші Әсет Найман­байұлының музейі, «Шәкерімнің саят қорасы» экспозициялық көрмесі, «Зере-Ұлжан-Құдайберді» мазары, «Еркежан» зираты, «Еуразия кіндігі» тасбелгісі, «Құнанбай құдығы», «Поэзия бағы», «Этноауыл», «Мәдени-тұрмыстық кешен» секілді бірнеше мәдени-әлеуметтік орындар кіреді.

– Былтыр жазда Астанада өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көр­месі кезінде сіз басқарып отыр­ған қо­рық-музей ұжымы шетелдік қо­нақ­­тарға ерекше тарту әзірлеген екен­­сіздер, осы жөнінде айтып берсеңіз?

– Өткен жазда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен ұйым­дас­­тырылған ЭКСПО көрмесі кезінде біз­дің ұжым Абай мұрасын насихаттау мақсатында шағын ландшафтық көрме ұсынды. Атап айтқанда, көлемі жағынан ауқымды, яғни ұзындығы – екі метрден астам, ені – бір метр, биік­­тігі жарты метр болатын Абайдың «Жи­де­бай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәде­ни және әдеби-мемориалдық қо­рық-му­зейі кешенінің макетін жасап апар­дық.

Осы макеті ландшафтық-дизайндық тұрғыда безендіру үшін ұлы ақын Абай­дың ата қонысы Жидебайдың қараған-бұтасы, құм-тасы пайдаланылды. Кішірейтілген форматтағы көрмелік макет қазір Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде сақтаулы тұр.

– Жоғарыда сіз атап өткен нысан­дардың барлығы дерлік ұлт тарихында айрықша орны бар дүние­лер екені анық. Елбасы тарапынан ұсынылып отырған «Қасиетті Қазақстан» бағдар­ламасының да маз­мұны осын­дай рухани құнды­лық­тарды халықты рухтандыратын жоба ретінде қарастыруды көздеп отыр. Осы мақсатта нендей шаруалар атқарылуда?

– Әрине, сіздер айтып отырған «Қа­сиет­­ті Қазақстан» атты рухани жо­ба­ның маңызы зор. Мұндай маңызды тарихи-әлеуметтік бағдарламамен үн­­дес­тік табатын бірден бір дүние Абай елін­дегі тарихи нысандар екені сөз­сіз. Бұл орайда жасалып жатқан, болашақта жоспарланып отырған біршама істер бар.

Ең әуелі тарихи нысандарды рухани туризм бағытына сай дамыту шарасы қарастырылуда. Орта есеппен жыл сайын мұнда 100 мыңнан астам адам келіп, ұлы ақынның тағылымымен танысады. Ал­дағы уақытта зиярат етуші туристер саны артады. Сол себепті, біз осындағы ру­хани туризмді қанағаттандырарлықтай шара­ларды қолға алуды жоспарлап отырмыз. Мақ­сатымыз – рухани жаңғыруға үн қосу.

– Рухани туризм демекші мұнда көп­ші­лік қызықтайтын қандай жә­ді­герлер немесе артефактілер бар?

– Мұндағы жәдігерлер негізінен түпнұсқалар. Атап айтқанда, Абайдың екі суреті сақталған. Мұндағы ең қадір­лі дүниеміз осы. Бірі 1896 жылы Ақыл­бай, Мағауиямен бірге түскен суреті. Екіншісі – 1903 жылы ақынның өз отбасымен түскен суреті.

Кезінде Абай атамыз көзінің тірі­сінде өз қолымен 60 шақты әртүрлі жәдігерді Семейдің тарихи өлкетану музейіне тапсырғанын білеміз. Осы­лардан қалған 17 жәдігер қазір музейде сақтаулы.

– Атап айтқанда...

– Атап айтқанда, Абайдың өзі қолдан­­ған кесесі. Оны құрсаулап сақ­тап отыр­мыз. Тарихи мұра болған соң, қай­та өңдеуге бермедік. Бұдан бас­қа Абайдың Мағауияға жазған хаты және 1909 жылы Петербордан Кәкітай мен Тұрағұл дайындап шығарған Абай­дың алғашқы кітабының 2 данасы тұр. Сондай-ақ қорда 252 дана көне шағатай-түркі тілін­дегі оқулықтар, кітап­тар бар. Олардың барлығы ғылы­ми зерттеуді қажет етеді.

– Биыл Шәкәрім Құдайберді­ұлы­ның ту­ғанына 160 жыл. Осыған байла­ныс­ты қандай жоба-жоспарларыңыз бар?

– Атап айтсақ, Жидебайдағы «Шәкәрім­нің саят қорасы» және оған баратын жол жөнделеді. Ең бастысы, қажының рухани тағылымын насхаттау үшін «Shakarim.kz» атты сайт ашып отырмыз. Бұл Шәкәрім­тануға зор мүмкіндік қоса­ды деген үміт бар. Сайттың қасбеті ақынның «Бос­тандық таңы атты» өлеңі­мен ашылып, портал қорына көптеген материалдар, құжаттар, архив деректері жинақталуда.

Сонымен қатар ақынның жазба мұралары мен фото деректерін жинақ­тап виртаулды көрме ұйымдастыру ісі қолға алынуда. Көрме «Білімділерге бес сауал», «Әрқашан ұмытылмасқа», «Үш анық», «Шәкәрім және өнер», «Шәкәрім кітапханасы», «Шәкәрім және дін», «Шәкәрімнің ұрпақ­тары», «Шә­кәрім – Алашорда сотының төра­ғасы», «Шәкәрім музыкасы» атты бөлім­­­д­ерден тұрады. Сондай-ақ көр­меге Шә­кәрім­нің қолы тиген шоқпар, сап­таяқ сынды құнды жәдігерлер де қойылады.

Әңгімелескен

Раушан НҰҒМАНБЕК,

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

журналист

Семей