• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Наурыз, 2018

Түрік ақыны Юнус Эмренің жырлары қазақ тілінде жарық көрді

1265 рет
көрсетілді

Есімі бүкіл түркі әлеміне кеңінен танымал түрік ақыны Юнус Эмре жырлары барша қазақ оқырмандарына жол тартты. Эмре өлеңдерін түпнұсқадан қазақ тіліне аударған Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қызметкері, жазушы Мәлік Отарбаев. Алматыдағы Ұлттық кітапханада, жуырда ғана жарық көрген жауһар туындының тұсауы кесілді. «Ан Арыс» баспасынан шыққан су жаңа кітап «Жырлар» деп аталады.

Түркі әлеміндегі сопылық поэзияның аса көрнекті өкілі  Юнус Эмре Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың ілімін жалғастырушы рухани шәкірттерінің бірі саналған. Бар өмірін имани әлемге бағыштаған оның өлең-жырлары Түрік елінде зор танымалдылыққа ие.  Мәлік Отарбаев Эмре өлеңдерін аудару оңайға соқпағанын, тіпті кейбір өлеңін аудару барысында бір айдан аса уақыт кеткенін айтты. Дегенмен, аударма кезінде Юнус Эмре тілінің қазақ тіліне өте жақын екені  байқалған.

«Түпнұсқадан аударғанымыз әлдеқайда  жеңіл болды, неге десеңіз, аударма барысында қазір түрік ағайындардың мүлде қолданбайтын сөздерін кездестірдік. Мәселен  Юнус Эмре дәл біздің тіліміздегідей «қашан?» деп жазады. Ол сөздің орнына қазір түрік ағайындар «не заман?» деген сөзді қолданып жүр. Айта берсек мұндай ұқсастықтар өте көп. Сондықтан, Эмре өлеңдері бізге бөтен емес.  Өлеңдердің қазақ тіліндегі көркем аудармасын ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы жасады» дейді Мәлік Отарбаев.

– Эмре шығармаларын аудару осыдан 5-6 жыл бұрын басталған. Кітап баспаға жіберілер алдында, қазақша аудармамен қоса түрікше түпнұсқасын берейік деген ұсыныс түсті. Кітап көлемі 27 баспа табақты құрады. Аударма барысында түпнұсқадан мейлінше алыстамауға тырыстық. Эмре жырлары Яссауи хикметтерімен үндес, – дейді кітап редакторы Кәдірбек Құныпияұлы.

Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы кітап алғысөзінде аталған туынды тамырлас екі ел арасындағы рухани байланысты одан әрі нығайта түсетінін, Юнус Эмренің қазақ жұртына танылуы рухани өміріміздегі айрықша атап өтуге татитын үлкен жаңалық екенін жазған.  Оның сөзінше, Абай, Мұқағали шығармаларынан бастау алған осынау әдеби үрдіс болашақта да жалғасын таппақ.

Шараға қатысқан зиялы қауым өкілдері де бұл бастама түбі бір түркі халықтарының бірлігін арттырып,   рухани үндестікке жетелейтін игі қадам деп бағалады.

– Қазақстан мен Түркия арасындағы саяси-экономикалық байланыстармен қатар әдеби-мәдени қарым-қатынастар да барынша өрістеп келеді. Соның бір дәлелі екі ел көркем сөз шеберлерінің шығармаларын аударып, таныстыру ісі кеңінен жолға қойыла бастады. Қазақ оқырмандарының қолына тиіп отырған Юнус Эмренің «Жырлары» оқырман қауымның көңіліне шуақ себеді деп сенеміз. Бұл екі ел үшін, әсіресе, бауырлас екі елдің өлең сүйер ойлы оқырмандары үшін аса қуанышты жағдай. Мен қандастарымызды осы шынайы қуаныштарымен шын жүректен құттықтағым келеді. Атажұрт пен Анажұрт арасындағы әдеби байланыстарымыз бұдан әрі де мәңгі гүлдене бергей! Анкара мен Астана арасындағы «алтын көпір» әдеби-мәдени қарым-қатынастарымыз ды болашақта да нығайтып, бүкіл түркі әлеміндегі туыс халықтар бірлігіне қызмет етеді деп сенемін, – дейді кітап таныстырылымына Түрік елінен арнайы келген Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің Өкілетті кеңес төрағасы Мұса Йылдыз.

Ойлы оқырманға жол тартқан жауһар жырлар туындысы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының қорына табысталды.

Арман ОКТЯБРЬ, «Егемен Қазақстан»