• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 14 Наурыз, 2018

Амал оң болсын, ағайын!

2744 рет
көрсетілді

Амал мерекесі – еліміздің Батыс өңірі тұрғындары үшін айрықша маңызға ие. Бұл күн – тірлігі шаруашылықпен байланысқан халық үшін табиғат мейрамы, яғни жер аяғы кеңитін, жер-дүние қайта жасанатын көктемнің мерекесі. 

Екіншіден, ақ тілектер ақтарылған ақ пейіл, адал жүректің мейрамы және ағайын-туыс, ауыл-аймақ жұртының арасындағы туыстық қарым-қатынасты нығайтып, бауырмалдық сезімді арттыратын, ренішті ұмытып, жаңа жылмен бірге жаңаша араласа бастауға шақыратын имандылықтың мейрамы. «Бұл күнді батыстықтар «көрісу» деп те атайды. Наурыздың 14-нің ақ таңы атысымен халық жасы үлкендермен, ауылдастарымен, ағайындармен көрісуге шығады. Бұл, әсіресе, маңғыстаулықтар үшін еш жерде заңдастырылмаған міндет, бұлжымайтын халықтық қағида. Көрісіп келген қонақтарды жылы қабылдап, астан ауыз тигізу – үйдегілерге парыз. Ал көрісудің мәні – бір жылдан бір жылға аман-есен жетудің қуанышы, бір-бірін сау-саламат көру бақытының бұйырғанына шүкір ету және алдағы күндерге, келген жаңа жылға жақсы тілектер тілеу. 

Кешегі ұлттық құндылықтарды құрсауда ұстаған қиын кезеңнің өзінде халық жүрегінде сақталып, ел арасында сән-салтанатын, маңыз-мазмұнын жоймаған мереке кейінгі жылдары жаңаша қалыпта, кең сипатта тойлана бастады. 

Жыл сайын Амал мерекесін Қаратаудың ең биік шоқысы саналатын Отпан тауда салынған Адай ата кесенесі басында тойлау дәстүрге айналып келеді. Маңғыстаулықтар үшін Отпан тау – қасиетті, әрі тарихи орын. Қазақ тарихы оқыстан ат ойнатып сау ете түсетін жаугершілік жылдармен өрілген десек, сол қиын кезеңдерде бейқам жатқан ел-жұртты, еңкейген кәрі, еңбектеген баланы, қаракөз қарындасты ел шетіне ентелей енген жаудан сақтау үшін қапы қалмай ертерек қам жасап, азаматтар атқа қонуы үшін «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар» беретін биіктік ретінде қастерлі. Бұл белгі – Ұран от. Осы Ұран от арқылы талай қазақтың ауылы шабылудан аман қалды, талай қаракөз атқа өңгерілмей өз елі – өлең төсегінде ерке өсті, қанша бозбала тақыр басына көнтері кепе киіп мәңгүрт болудан сақталды?! 

Алайда, Отпан биігінде жағылар оттың бүгінгі мәні өзге, ол – өткенге тағзым ету, келешектің ке­мелдігін көксеу және оған тілек тілеу, кең-байтақ Қазақ­станды мекен еткен қандастарымызды, сон­дай-ақ барлық ұлтты татулыққа, береке-бірлікке, тұтас­тыққа шақыру мақсатындағы Бірлік оты. Ұлттық ерекшеліктерді сақтап, ұрпақты елжанды, арлы, иман­ды етіп тәрбиелеуге ұйытқы болуды, сондай-ақ хал­қымыздың өзіне ғана тән салт-дәстүрін сақтау және дамытуды, төрт тараптағы қазақ руларын бірік­тіріп, бір мақсатқа жұмылдыруды, «Мәңгілік Ел» болу үшін бір жеңнен қол, бір жағадан бас шыға­рып, қазақ болып тұтасуды көздейді. Бұған дейін Батыс аймақта ғана аталып өтетін ерекше мей­рам – Амалды бүкіл ел көлеміне таратып, күллі қазақ­тың ағайындық ақжарма пейілмен айқара құшақтасып, аңқылдай көрісуіне бастама беруді мақсат еді. Жыл сайын ауқымын кеңейтіп келе жатқан Амал мерекесі биыл да «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында және «Қасиетті Қазақстан» арнайы жобасы аясында республикалық деңгейде аталып өтуде. Наурыздың 13-і күні кеште Бірлік оты жағылып, оған зерттеушілер, тарихшылар мен өлкетанушылар, сонымен бірге Мәшһүр Жүсіп кесенесі, Абай-Шәкәрім кесенесі, Қорқыт ата кесенесі, Қожа-Ахмет Ясауи кесенесі, Ұлытау кешені, Ақмешіт кесенесі, Сарайшық кесенесі, Бекет ата кесенесі өкілдері қатысты және еліміздің әр өңірі – Жетісу, Арқа, Батыс, Алтай – Тарбағатай жыр мектебі өкілдері мен «Мен қазақпын» мега жобасы жүлдегерлері қатысып, жиылған жұртшылыққа ән-жыр сыйлады. Шара Амал күні – 14 наурызда жалғасын табуда. Оның аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасының жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енген 15 тарихи-мәдени ескерткіш пен өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енген Маңғыстау өңірінің 28 тарихи-мәдени ескерткіші қамтылатын «Отпан тау – рухани дәстүрдің негізі» тақырыбындағы республикалық дөңгелек үстел өтіп, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы аясындағы өңірдің алдағы уақыттағы жұмыс жоспары таныстырылады. Бұл жоба бойынша Бозжыра, Манаты ата, Бекет ата мешітінің маңында визит орталықтарын салу, Шайыр, Сенек, Үштаған селоларында сервистік нүктелер ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар өңірдің киелі жерлерін таныту және дәріптеу үшін бейнероликтер түсіріп және төрт тілде шығатын «Маңғыстау аңыздары» кітабын, «Қазақ мифологиясы» атты тұңғыш энцикло­пе­диялық жинағын, «Туған өлке» сериясымен архивтік мәліметтер жинағын жарыққа шығару жүзеге асуда.

– Амал күні «Отпан» тарихи-мәдени кешенінде «Армысың, Амал!» атты облыс жыршыларының жыр кеші және «Шашу боп жырым шашылсын» атты концерттік бағдарлама ұйымдастырылады. Сондай-ақ облыс қолөнершілерінің көрме-жәрмеңкесі және «Аялы ағаш – саялы» тал отырғызу акциясын өткізуді жоспарлап отырмыз. Екі күндік шарада 50-ден астам киіз үй тігіліп, 200-ден астам өнерпаз өнер көрсетеді, ұлттық спорттық ойындардан жарыстар өтіп, аламан бәйге ұйымдастырылады. Жүлделерге бағалы сыйлықтар мен ақшалай сыйақы беріледі. Жалпы қатысушылар саны 5000 адамды құрайтын бұл шарада қазақ даласының өнері, салт-дәстүрі, ұлттық болмысымызды бейнелейтін қойылымдар қойылып, ән-күйден, жыр-термеден шашу шашылып, қолөнер және түрлі тақырыптағы көрмелер жұртшылыққа таныстырылады, деді Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының басшысы Пәния Сармұрзина Амал мерекесінің ұйымдастырылуы туралы.  Амал оң болсын, ағайын!

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы