Тоғызқұмалақтан халықаралық турнир «Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері» Халықаралық форумы аясында өтті. Жарысқа Түркия, Қытай, Ауғанстан, Түрікменстан, Ресей мен Қазақстанның бес облысынан келген ойыншылар қатысты деп хабарлады Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Турнирдің қорытындысы бойынша ерлер арасында бірінші орынды қызылордалық Бексұлтан Бостандықов, 2-орынды астаналық ойыншы Ғалымжан Темірбаев, 3-орынды ақтөбелік Нұрбек Қабиев иеленді.
Әйелдер арасында 1-орынды Алмагүл Такишева, 2-орынды Ақтөбеден келген Диана Кенина иеленсе, 3-орын ОҚО-ның ойыншысы Лина Каримоваға бұйырды. Бірінші орын иелеріне 1000 доллар көлемінде, 2-орынға – 700 доллар және 3-орынға 500 доллар көлемінде ақшалай сыйлықтар берілді.
- Мен Қазақстанға, атап айтқанда осы турнир өткен Атырау қаласына ризашылығымды білдіремін. Өзім жеңіске жете алмасам да, бұл жарыс маған жақсы тәжірибе болды, - деді Ауғанстаннан келген ойыншы Демирал Саид Мурсалин.