Қазақ пен өзбек – түптамырын түркіден тарататын енші бөліспеген егіз ел. Ежелден келе жатқан ежеттес достық бүгінгі таңда тіпті жаңа кезеңге көтерілген. Байтағы іргелес, байрағы тұғырлас, Мемлекет басшылары етене бауыр екі ұлыстың ол ынтымағы кеше Алаш төріндегі «Астана Опера» театрында өткен Өзбекстанның Қазақстандағы жылының ресми түрде ашылу салтанатында тағы бір мәрте тамаша көрініс тапты.
Орталық Азиядай алып ырдуанның екі тәртесі – Қазақстан мен Өзбекстанның бұл бауырластығы қос мемлекеттің тарихи жадысын қайта бір жаңғыртып, болашаққа байыпты бағыт алғандығын білдірді. Екі елге ортақ мереке, ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы салтанатты шараға Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғыз Республикасының басшылары қатысты.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің арасындағы бауырластық әрі достық қарым-қатынастарды ерекше атап өтті. «Қазақстандағы Өзбекстан жылы екі xалықтың арасындағы бауырластықтың айқын көрінісі болса керек. Бізде ортақ дүниетаным, ортақ көзқарас, ортақ мәдениет, ортақ дін мен ортақ салт-дәстүр бар. Ал тіл мен дәстүр қашанда xалықтардың өзара жақындасуына негіз болған. Бүгін бауырлас елдің үздік өнер ұжымдары Астанаға өзбек мәдениетінің нағыз жауһарларын көрсетеді», деді Н.Назарбаев. Президент екі елдің арасындағы сауда-саттық пен экономикалық байланыстардың сәтті дамып жатқанын жеткізді. Өз сөзінде Елбасы өткен жылдың бірқатар маңызды мәселелері мен келелі келісімдері жайына да тоқталды. Соның бірі, өзіміз кеше куә болғандай, ағымдағы жылдың Қазақстандағы Өзбекстан жылы деп жарияланғандығы болды. Сәйкесінше, келесі жылы Өзбекстанда Қазақстан жылы өтетін болады. Оны Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Аталған екі үлкен бастаманың арқасында елдер арасындағы байланыстар руxани жағынан байып, күшейе түседі. Мәдениет, білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастық нығаяды деп сенеміз», деп атап өтті. Осыдан кейін Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевті I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Өз кезегінде көрші елдің басшысы ризашылығын білдірді. «Бүгін мен ең бақытты адаммын. Себебі осындай үлкен марапатты Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан алып отырмын. Бұл – мен үшін үлкен абырой әрі шексіз бақыт. Бұл орден – екі елдің ордені, бұл орден – үлкен достықтың көрінісі. Марапат жасап отырғаныңызға шексіз алғысымды айтамын», деді Ш.Мирзиёев. Көрші елдің Президенті өз сөзінде бір атаның баласындай болып отырған екі елдің берік бауырластығын тағы бір еске салды. «Бізді бұрынғыдан да бетер жақындастыра түскен қазақ халқының ғасырлардан ғасырларға жалғасып келе жатқан меймандос, қонақжай көңілінің арқасы. Соның нәтижесінде бүгін біз Астананы өз үйіміздей сезініп тұрмыз. Бұл ретте Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа ризашылық білдіреміз. Қазақстан Президентінің былтыр көтерген берекелі бастамасына бүкіл өзбек халқы дән риза. Бізді шекаралық жақындықтан бөлек рухани ортақ тұлғалар, атап айтқанда, Әбу Райхан әл Бируни, Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Бахороддин Нақышбан, Әлішер Науаи мен Абай Құнанбайұлы, Айбек пен Мұхтар Әуезов сынды ұлы тұлғалар біріктіреді. Біз міндетті түрде бұл рухани байлықтарымызды сақтауымыз және көптеп насихаттауымыз қажет», деді ол.
Соңғы уақыттағы қос мемлекеттің саяси еркіндігі мен екіжақты нық қадамы берік достықтың мызғымас мұнарасындай болып қаланып келе жатқаны айқын. Бұл бауырластық басқа жұртқа үрей демейік, үлгі екені анық. Оны Елбасымыздың «Орталық Азия елдері басшыларының байланысы жандана түсті. Сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары Наурыз мерекесіне орай бірлескен мәлімдеме жасады. Кеңестің келесі кездесуі Ташкентте өтеді», деген сөздерінен де анық аңғаруға болады.
Біз бұған дейін де өзбек халқының Президенті Шавкат Мирзиёев мырзаның ұлы ақынымыз Абай мұрасын насихаттау бойынша арнайы қаулы қабылдағанын жазған болатынбыз. Онымен қоса өз сөзінде Ш.Мирзиёев екі елдің татулығын тілге тиек етіп, Ташкент қаласындағы Төле бидің кесенесін де еске алды. «Біз Төле би кесенесінің Ташкент қаласында тұрғызылғанын мақтан тұтамыз. Ол жерге өзбектер де, бауырлас қазақтар да барып, тәу етеді. Әлі есімде, Сіз, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Өзбекстанға мемлекеттік сапармен келгенде біз бірге сол қасиетті жерге барып, екі елдің xалқын татулық мен бейбітшілікте өмір сүруге үндеген ұлы тұлғаны еске алдық. Ата-бабаларымыз біздің қазіргі достығымызды, шынайы әрі ашық байланыстарымызды көргенде қуанатын еді. Бәрімізге – қазақтарға, қырғыздарға, түрікмендерге, тәжіктер мен өзбектерге, жалпы, Орталық Азияда тұратын ұлт пен ұлыстарға татулықта өмір сүруді жазған екен. Бұл – тағдырдың жазуы. Соған бар күш-жігерімізді салып, ортақ үйімізді қорғауымыз қажет», деді Ш.Мирзиёев.
Тарихи рәсім тамашасынан кейін салтанатты кеш мерекелік концертке ұласты. Онда Өзбекстан мен Қазақстанның халық әртістері Фаррух Закиров және Өзбекстанның еңбек сіңірген ансамблі «Ялла» бастаған халық әртістері Нормумин Султонов, Самандар Алимов, Севара Назорхон сынды сахна саңлақтары өнер көрсетті.
Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»