«Бірлік» – ынтымағы жарасқан ауылдардың бірі. Оннан астам ұлт өкілдері тұратын елді мекенде қалыпты өмір сүру үшін барлық жағдай жасалған деуге болады. Бірнеше дүкен, клуб, фельдшерлік-акушерлік пункт, монша, наубайхана жұмыс істейді. «Әліби-Ишим» серіктестігі мен төрт шаруа қожалығына жұмысқа тартылған тұрғындар төрт түлік өсірумен де айналысады.
Республикалық маңыздағы тасжолдың бойында орналасқандықтан, қоғамдық көліктердің қатынасында еш іркіліс жоқ. Ауылдық округтің әкімі Ольга Азлердің айтуынша, Президенттің бес әлеуметтік бастамасы бірліктіктер тарапынан үлкен қолдауға ие болып, халықтың тұрмысы жан-жақты қарастырылған алдыңғы шешімдердің заңды жалғасы ретінде қабылданған. 106 оқушысы, 28 мұғалімі бар мектеп үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен өткен республикалық бірыңғай күнге жиналғандар арасында жастардың қарасы мол болды. Елбасының халыққа арнаған Үндеуін ризашылықпен қабыл алғандары жүздерінен білініп тұрды.
– Мемлекет басшысы халықтың жағдайын жақсарту жолында қазақстандық сара жолды таңдап, ілкімді ілгерілеудің тың жолдарын ұсынды. Бұл бағдарламада ауқымды әлеуметтік жобаларды жүзеге асырудың тетіктері мұқият ойластырылған. Жаңа асуларға жетелейтін жарқын белес екені бірден анық аңғарылады, – дей келіп ауыл әкімі жерлестерін әлеуметтік бастамаларға белсене қатысуға шақырды.
Нина Ерощенко, Күләй Ақпанова секілді келіншектердің іскерлігіне ауылдастары дән риза. Бұлар жеке кәсіптің білгірлері, ұйытқылары саналады. Бастапқыда өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етушілердің қатарында болса, енді басқаларға да көмек қолын созып отыр.
«Игілікті шаралардан ұстаздар қауымы да шет қалмайды. Әрбір отбасына баспана алудың мүмкіндіктері берілгенін қуана қостаймын «Бізде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша еңбек етіп жатқан мұғалімдер аз емес. Қатарымыз жастармен толығып келеді. Олардың «7 – 20 – 25» бағдарламасына қосылып, әлеуметтік жағдайларын түзеуіне тілектеспін», деді өз сөзінде мектеп директорының орынбасары Айнаш Қабдөшева.
Алыстағы ауылдағы жақсы істердің қолдаушылары мен жанашырларының ой-пікірлері бір арнада тоғысты.
Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы, Ғ.Мүсірепов ауданы