Қарағандыдағы «Достық үйінде» Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуіне байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясының бірыңғай күні өтті.
Іс-шараға этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Аналар кеңесінің, ғылыми-сараптамалық топтың, Қарағанды облыстық ҚХА жастар үйлестіруші кеңестерінің мүшелері, саяси партиялардың облыстық филиалдарының жетекшілері және БАҚ өкілдері қатысты.
Президенттің бес әлеуметтік бастамасының негізгі ережелері талқыланған басқосуда Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының басшысы Ерлан Құсайын Елбасы Үндеуінің заман талабымен үйлесім тапқан мазмұнына тоқталып, игі жобалардың Мәңгілік Ел болуға ұмтылған Қазақстан үшін қаншалықты мәні зор екенін тарқата айтып берді. «Елбасы Н.Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасы мемлекетіміздің әрбір азаматының әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын нығайтуға мүмкіндік береді, өйткені бұл сала тәуелсіз Қазақстанның конфессияаралық келісімі мен бірлігін одан әрі күшейте түсуге негіз қалайтын іргетас болып табылады», деп атап өтті ол.
Сонымен қатар облыстық ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Д.Касапиди бес әлеуметтік бастаманың өмірлік маңызы бар салаларды жаңғыртудағы жаңа да жақсылығы мол қадамдар екенін атап өтті.
Іс-шараға қатысушылар «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуі жөнінде өз пікірлерін ортаға салып, тұрғындар әлеуетін жақсартуға бағытталған келешегі кемел бастаманы бірауыздан қолдады.
Қайрат ӘБІЛДА, «Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ