Айтылудай-ақ айтылып, атқарылуы кейінге шегеріліп келген Алматы қаласы маңындағы үлкен айналма жолдың құрылысы ақыры басталатын болды.
Ел аузында «БАКАД» аталып кеткен, мегаполистің ғана емес, жалпы еліміздегі жол қатынасы үшін маңызы зор жобаның құрылысына жан бітіретін құжаттарға қол қойылып, инвесторлармен келісімдер жасау жұмыстары аяқталуға жақын қалды. Қазір айналма жолды салатын шетелдік компания анықталып, дайындық жұмыстары басталуда. Ал Инвестициялар және даму министрлігінің құзырындағы осы құрылыстың ауқымды бөлігі Алматы облысының аумағында жүргізілмек.
Түрік-корей бірлескен консорциумы өкілдерінен құралған жұмыс тобы Талдықорған қаласында болып, облыс әкімімен бірқатар келісімге келді. Алматы үлкен айналма жолының негізгі бөлігі облыстың 3 ауданы аумағында өтетіндіктен, құрылыс жүргізу барысында келісіп шешетін мәселе бар. Оның ішіндегі ең маңыздысы, жол құрылысы жүргізілетін аумақтағы жер учаскелерінің жайы болатын. Осы мақсатта 722 жер телімі құрылыс жүргізу мақсатында мемлекет меншігіне қайтарылған.
– Айналма жолдың Алматы облысындағы ұзындығы 66 шақырымға созылады. Республикалық маңызы бар құрылысқа қажетті жер телімдерін сатып алу жұмыстарын толықтай аяқтадық. Біздің облыстың Қарасай, Іле, Талғар аудандарының аумағынан 722 жер телімі мемлекетке қайтарылды. Әрине, бұл тақырыпқа қатысты біраз даулы мәселелер болған еді. Өйткені жол табанында қалатын жерде жеке тұрғын үйлер, өндіріс орындары орналасқаны анықталды. Қазіргі күні біз бұл мәселені 100 пайызға шештік. Адамдар тиісті өтемақыларын алды. Облыс тарапынан жол құрылысын бастауға ешқандай кедергі жоқ, – деді инвесторлармен кездесуден кейін журналистердің сұрағына жауап берген облыс әкімі Амандық Баталов. Жалпы айналма жолдың құрылысы барысында 7 негізгі реттегіш көпір, 38 қосымша көлік өткізу көпірі, суағарлар мен басқа да құрылымдар салынбақшы. Ал айналма жол әлемдік талап бойынша «1 А» стандартына лайықталып, 6 жолақты болады әрі бетоннан құйылмақ. Құрылыс жұмыстарына тартылған инвестиция көлемі де қомақты. Алматы облысы аумағындағы жұмыстарға құйылатын қаржы көлемі 512,3 млрд теңгені құрайды.
– Бұл дегеніміз орасан инвестиция. Мысалға, бұған дейін облысқа әртүрлі көздерден құйылған жалпы инвестиция көлемі 560 млрд теңге шамасында болса, осы бір ғана жол құрылысына 512,3 миллиард теңге тартылып отыр. Бұл – өңір экономикасының дамуына қосылған үлкен үлес, – дейді облыс басшысы Амандық Баталов.
Мұның сыртында жол салуға қажетті құрылыс материалының барлығы облыс аумағында өндіріледі. Инвесторлар Есік қаласы маңындағы және Фабричный кентіндегі қиыршық тас шығаратын орындарға зерттеу жүргізіп, жергілікті құм мен тастың құрамы дүние жүзі бойынша жол құрылысына қойылатын талаптарға толықтай сәйкес келетініне көз жеткізген. Аз күннен соң аталған екі аумақта қиыршық тас шығаратын шағын зауыттар орнатып, жолға қажетті өнім дайындау басталады.
Сондай-ақ маңызы зор жол құрылысының басталуы аумақ тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. Жол салуға жергілікті құрылыс өнімдері қолданылатындықтан, өндірістерге тапсырыс ұлғаятын болады. Ал құрылысты жүргізуге жергілікті мамандар да тартылмақшы. – Талап бойынша инвесторлар жол құрылысын жүргізуге қажетті аса зәру мамандық иелерін ғана квота бойынша өз елдерінен алдыруға құқылы. Олар білікті инженерлер болуы мүмкін. Бірақ негізгі жұмыс күші өңірден тартылады. Біздің есебіміз бойынша жұмысшылардың 90 пайызы жергілікті жерден алынады. Демек жол салынатын аумақтағы ауыл адамдары жұмыспен қамтылады, – дейді облыс әкімі Амандық Баталов.
Қазір еліміздің Инвестициялар және даму министрлігі мен түрік-корей бірлескен консорциумы арасындағы келісім аяқталуға жақын деп жоғарыда айттық. Құжаттарға қол қойылып, қаржылық келісім жасалғаннан кейін жол салу бірден басталады. Қазір қажетті дайындық жасалып жатыр. Құрылыстың басталуы биылғы жылдың екінші жартысында бастау алып, 2021 жылы аяқталатын болады. Ал толықтай пайдалануға берілуі 2036 жылға дейін жалғасады екен.
Сонымен «БАКАД» жобасын жүзеге асыру Алматы қаласы маңындағы көлік қозғалысын жаңа сатыға көтермек. Қаланың 6 көшесі айналма жолға қосылып, мегаполистегі көлік дәліздері ұзаратын болады. Атап айтқанда Абай даңғылы, Рысқұлов көшесі, ақын Сара көшесі, Тілендиев көшесі және Солтүстік айналма жарты шеңбері тікелей «БАКАД»-қа дейін созылып, жаңа көлік жолдары жасалмақшы. Жалпы, айналма жол жүргізілетін аумақ Алматы облысының Қарасай ауданы аумағындағы жоғары трасса аталатын жолдан басталып, Шамалған, Комсомол елді мекендерін басып өтеді де, Талғар ауданы аумағы арқылы қазіргі әл-Фараби даңғылына барып қосылады. Құрылыс жүргізу барысында ішкі жолдар да реттеліп, жақын маңдағы ауылдарға қатынас жақсара түспек.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»
Алматы облысы