Америка Құрама Штаттарына сапары шеңберінде ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонмен кездесті.
Америка Құрама Штаттарына сапары шеңберінде ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонмен кездесті.
Қанат Саудабаевтың мұхиттың ар жағына сапарындағы ең маңызды кездесуі де осы болатын. Келіссөз барысында негізінен екі мәселе қарастырылды. Олар: Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі барысындағы іс-қимылдар және Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ басшысы Барак Обаманың шақыруы бойынша үстіміздегі жылдың сәуір айында осында өтеді деп жоспарланған Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ғаламдық қауіпсіздікті сақтау туралы саммитке келу сапарының бағдарламасы.
Хиллари Клинтон Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуін АҚШ-тың қолдайтынын және Қазақстанмен екі арадағы ынтымақтастықтың тереңдей түсуіне мүдделі екендіктерін айта келіп, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Ақ үй басшысының шақыруын қабыл алғанына ризашылығын білдірді. Қазақстан ядролық қарудан бас тарту жөнінде әлемге жақсы үлгі көрсетті, деді ол. Одан әрі АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы Ұйым үшін сындарлы әрі маңызды кезеңдерде өтіп отырғанын мәлімдеді. Сондықтан да Құрама Штаттар өзі тарапынан Қазақстан төрағалығы кезеңінде оның бастамаларын қолдауға әзір. Сайып келгенде, жаңа төрағамен тығыз ынтымақтастық орнату АҚШ-тың мемлекеттік мүддесіне сай келеді.
Одан әрі тараптар ЕҚЫҰ-да мүдделер тепе-теңдігі сақталуы керектігін, соның ішінде оның себеттерінің теңдігі де бұзылмауы қажеттігін атап өтті. Қанат Саудабаев өзі тарапынан ЕҚЫҰ-ның Қазақстан төрағалық еткен жылындағы басты іс-шараларының арасында Сыртқы істер министрлерінің бейресми саммитін Алматы қаласында шақыру ниеті барын және соған Хиллари Клинтонды ресми түрде шақыратынын жеткізді. Қарсы жақ шақыруды құрметпен қабыл алды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Астана қаласында шақырылмақшы ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшыларының саммиті туралы идеяны тараптар мүдделестікпен талқылап, бұл мәселе жөнінде белсенді жұмыстар жүргізе беруге келісті. Сыртқы істер министрлерінің бейресми саммитінде оны ұйымдастыру мәселелері түбегейлі анықталуы қажеттігі атап көрсетілді.
Айта кететін жәйт, келіссөз толық түсіністік жағдайында, екіжақты құрмет білдіру рәуішінде өтті.
АҚШ-тың Мемлекеттік департаментіндегі кездесуден соң ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев осы елдің энергетика министрлігінде болып, Нобель сыйлығының лауреаты, министр Стивен Чумен кездесті. Кездесу барысында екі ел арасындағы дәстүрлі, атом және қайталама энергетика бойынша ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Тараптар осы сала бойынша Қазақстан мен АҚШ арасында құрылған комиссияның жұмысына қанағат білдірді. Комиссия жасаған жаңа бағдарлама бойынша ынтымақтастықты тереңдете түсу қажеттігі айтылды.
Кездесу кезінде Қазақстан мен АҚШ арасындағы атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастыққа да үлкен көңіл бөлінді. Бұл қатарда Қазақстанның уран өндіруден былтыр әлемде бірінші орынға шыққандығы, ал АҚШ әкімшілігі бірнеше АЭС салу туралы бағдарлама қабылдап, оны іске асыруға бюджеттен былтыр 18,5 млрд. доллар бөлсе, ал биылғы бюджетте бұл шығынның екі есе арттырылатындығы сөз болып, осы салада ынтымақтастықтың перспективалы тұстары көп екендігі аталып өтті.
Осыдан кейін Қанат Саудабаев Вашингтоннан Нью-Йорк қаласына жүріп кетті. Ол мұнда БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездеседі және осы халықаралық беделді ұйымның Қауіпсіздік Кеңесінде болып, сөз сөйлейді деп күтілуде.
Жақсыбай САМРАТ – Вашингтоннан.
ТӨРАҒАЛЫҚТЫҢ БАСЫМДЫҚТАРЫ БАЯНДАЛДЫ
Іс басындағы төраға, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың АҚШ-қа сапары одан әрі жалғасуда. Вашингтонда болуы барысында ол “Атlantіc Councіl” (Атлантикалық кеңес немесе консультация) атты тәуелсіз сарапшылар ұйымы қызметкерлерінің алдында сөз сөйледі. Бұл кеңес АҚШ-тың сыртқы саясатына талдау жасап, бағдар беріп отыратын үкіметтік емес ұйым. Аты айтып тұрғандай, оның зерттеу ауқымы жалпыатлантикалық аралықты қамтиды. Соның ішінде ұйымның сарапшылары Орталық Азия елдерінің жай-күйін де сараптап отырады.
Біздің министрмен болатын кездесуге АҚШ саясатының айтулы өкілдері, сенаторлар мен конгрессмендер, университет оқытушылары мен зерттеушілер, дипломаттар, сарапшылар, журналистер және осында оқитын, қызмет ететін кейбір қазақстандық азаматтар қатысты.
Кездесуді “Атlantіc Councіl” президенті Фредерик Кемпе ашып, алғашқы сөзді сенатор Чак Хагельге берді. Ол Америка қоғамының Қазақстанға үлкен назар аударуы заңды екенін, өйткені, Орталық Азия АҚШ мүддесінің тоқайласатын бір тұсы екенін айта келіп, картаға қарап Қазақстанның қай жерде орналасқанын көрсеңіздер біз үшін оның қаншалықты маңыздылығын түсінесіздер, деді. Одан әрі Қанат Саудабаевпен өзінің жақын таныстығын сөз етті. Оның адами қасиеттерін айта келіп, сөз кезегін оған берді.
Қанат Саудабаев өзінің сөзін аудиторияда отырғандардың бәрі де білікті саясатшы мамандар, жетік сарапшылар екенін ауызға ала отырып, сіздердің алдарыңызда сөйлеу де оңай емес деп бастап, өзінің кеңес қызметімен де, оның белгілі қызметкерлерімен де жете таныс екенін атап өтті. Соның ішінде Дж.Джоунстың қазір АҚШ Президентінің кеңесшісі, Сюзан Райстың АҚШ тың БҰҰ-дағы өкілі, Ричард Холбруктың Ауғанстан мен Пәкстандағы арнаулы өкілі екенін айта келіп, дипломаттық ептілікпен кеңестің беделіне тәнтілігін білдіріп өтті. Одан әрі шешен Қазақстандағы демократиялық үдерістер туралы баяндап, Президент Н.Назарбаев өзінің соңғы Жолдауында да елді одан әрі жүйелі түрде жаңаландыру, заңдылықтарға адами сипат беру, құқық қорғау жүйесін реформалау маңызды басымдықтардың бірі екеніне екпін түсірді. Қазақстанның бейбіт өмір сүру мақсатын көздеп, ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан қадамын Президент Барак Обаманың жоғары бағалағанын айта келіп, Президент Н.Назарбаевтың сәуір айында АҚШ-та өтетін Жаһандық саммитке шақырту алып отырғаны осы іске берілген үлкен бағаның көрінісі екенін тілге тиек етті.
Біз былтыр уран өндіруден әлемде бірінші орынға шығып, өндіріс көлемін 13500 тоннаға жеткіздік. АҚШ жаңа АЭС-тер салатындығы туралы жариялады, демек, бұл біздің елдеріміздің арасында экономикалық ынтымақтастықтың жаңа перспективасы ашылады деген сөз, дей келіп ол Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан аумағында ядролық отынның халықаралық банкін ашу туралы идеясын да АҚШ әкімшілігі жоғары бағалап отырғанын жеткізді. Одан әрі өткен жылдың сәуір айында Қазақстанға келген сапарында Иран президенті М.Ахмадинежад та бұл идеяны қолдайтынын білдіргенін көлденең тартты. Осы идеяның шығу төркіні Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі дауды реттеуге бағытталған ғой. Сондықтан ол, көптеген сарапшылардың пікірінше, Америка – Иран қатынастарын жақсартуға септігін тигізер еді деген көзқарасын да білдірді.
Одан әрі Президент Б.Обаманың энергетикалық қауіпсіздік туралы идеясы да Н.Назарбаевтың осы саладағы көзқарасымен дәл келетінін атап өтті. Әлемде астық өндіруден бесінші орын алатын ел ретінде Қазақстан БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун мен АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонның көтерген әлемде азық-түлік қауіпсіздігін жасау туралы бастамасына лайықты үлесін қоса алады. Сонымен бірге, АҚШ-тың Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға және ядролық қатерді азайтуға бағытталған бастамаларын да толық қолдайды, деді Қ.Саудабаев.
ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ретінде Қанат Саудабаев Хиллари Клинтонның “Біз ЕҚЫҰ төрағасы қызметіне кіріскен соң Қазақстанның халықаралық көшбасшылығының одан әрі арта түскенін қалаймыз”, деген сөзін келтіре отырып, жаңа төрағалықтың жоспарларын да санамалап берді.
Қазақстан Президентінің бастамасымен қолға алынған саммит жұмысына ЕҚЫҰ-ның Тұрақты кеңесі қолдау көрсеткені және Франция, Италия, Ватикан, Түркия, Ресей және ТМД-ның басқа да елдерінің лидерлері оның күн тәртібін белгілеу жұмыстарына кірісіп кеткені де назардан тыс қалған жоқ. Сондай-ақ төраға ретінде Қазақстан Грекияның бастаған дәстүрін жалғастырып, сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуін биылғы жазда Алматы қаласында өткізуді мақсат етіп отырғанын көлденең тартты.
Қазақстан министрінің сөзі үлкен ыждаһаттылықпен тыңдалып, сарапшылар тарапынан зор мәнге ие болды. Оған сөз аяқталған соң қаптап кеткен сұрақтар да дәлел бола алады. Іс басындағы төраға сұрақтардың бәріне шебер дипломаттарға тән ептілікпен сараң жауап беріп отырды.