Қазіргі таңда Ақмола облысында төтенше жағдайлар қызметі көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарына кірісіп те кетті. Әсіресе Атбасар ауданында өткен жылғы жағдайдың қайталануы мүмкіндігі де жоққа шығарылмауда.
Осыған орай жақында бұл ауданда «Көктем-2018» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуының өткізілуі дайындық жұмыстарының қаншалықты ұйымдастырылғандығын ашып көрсетіп берді.
Қазақта «Аузы күйген үрлеп ішеді», демекші былтырғы көктемде су тасқыны біраз жұртты әбігерге салып кеткені әлі есімізде. Жолдар шайылып, малдар суға ағып, жергілікті тұрғындардың баспаналары суға толған еді. Осылайша көктемгі қарғын су өңірге айтарлықтай экономикалық шығын алып келген. мұндай жағдай жаңадан қызметіне белсене кіріскен облыс әкімі Мәлік Мырзалин үшін үлкен сын болды. Жан-жақтан келген қолдаудың арқасында қиындықты еңсере білген облыс басшысы артынан сол су алған өңірлерге арнайы барып, жағдаймен жақын танысқан. Нақты тапсырмалар да берген. Содан бері жағдай біршама оңдалып қалған сияқты. Алайда ол тапсырмалар қаншалықты тыңғылықты орындалды, оны биылғы көктемгі жауын-шашын дәлелдемек.
Атбасар ауданына жасалған баспасөз туры барысында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Алексей Советов алдын алу шараларына қатысты мәліметтермен бөлісті. Жалпы, Атбасар су басу қаупі жоғары аудандар қатарында. Олай дейтініміз, осындағы Жабай өзенінде, сол төңіректе ылғалдың мөлшері шамадан тыс. Оның үстіне бірнеше жылға созылған бақылаулар нәтижесі көрсеткендей, аудан аумағына наурыз және сәуір айларында жауын-шашын түспей қоймайды. Ал бұл бөгеттерге салмақ салып, апат қаупін күшейте түсетіні сөзсіз. Осыған орай су тасуының алдын алу мақсатында жоғарыда атап кеткендей құтқаруға құрылған оқу-жаттығудан өзге көптеген нақты іс-шаралар қолға алынған. Тіпті бұл мақсатқа аудандық бюджеттен 57,3 миллион теңге де бөлініпті. Жалпы, Атбасар қаласы тіршілігін қамтамасыз ету нысандарының, төтенше жағдайлар қызметтерінің жұмысын үйлестіру мақсатында аудан әкімі аппаратының өкілдері ішінен жедел штаб жұмысы ұйымдастырылған. Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжанов жақында арнайы-тактикалық оқу-жаттығулардың сәтімен өткендігімен де бөлісе кетті. Сөз реті келгенде аталған арнайы-тактикалық оқу-жаттығуға барлығы 99 адам және 18 бірлік өрт, авариялық-құтқару, инженерлік техника тартылса, төтенше жағдай орын ала қалған кезде сапқа 270 адам және 94 бірлік арнайы техника немесе одан да көп күш жұмылдырылады деп күтілуде.
Бұдан басқа, өткен жылдардағы кеткен кемшіліктер ескеріліп, су тасқынының алдын алу машықтары жан-жақты ескерілген. Сондай-ақ биылғы көктемгі су тасқынының алдын алуда төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында азаматтық қорғау құрамалары мен апаттық-құтқару қызметтерінің бірлескен іс-қимылын үйлестіру жағы да жан-жақты пысықталған. Бірақ соған қарамастан, Атбасар ауданындағы елді мекендерді су басу қаупі әлі де сейілмеуіне байланысты Новосельское, Покровка, Полтавка сияқты ауылдарда су тасуының алдын алуға қатысты түрлі шаралар жүргізілген. мұның барлығы да Атбасар ауданындағы елдімекендерді инженерлік қорғаудың кестесіне сәйкес жүзеге асырылуда. Ал өзге ауылдық округтарда жұмыстар ағымдағы жылдың 15 наурызына дейін аяқталады деп жоспарланған.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы