Әулиеата өңірі үшін Наурыз мерекесі биыл жылдағыдан ерекше басталды. Күн көзі шуақтанып, Жер-Ана қуаттанған шақта жамбылдықтар да Ұлыстың ұлы күнінің салтанатын өзгеше қарсы алды. Көктемнің жаймашуақ күнінде халық амал мерекесін атап өтті.
Бұл күні Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында сонау сақтар заманынан, Тұмар патшайым дәуірінен бері жалғасып келе жатқан ұлттық дәстүр насихатталды. Аталған игі шараны облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырды.
Бұл орайда облыстық қазақ драма театрының әртістері Көрісу күнінің ұлттық дәстүрімізге енгенін бейнелейтін қойылым қойып, көпшіліктің ықыласына ие болды. Осы күні ерлер бір-бірімен төс қағыстырып, ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелер ұрпақ тәрбиесі жөнінде өнегелі әңгімелер өрбітті. Көпшілік бірін-бірі жаңа жас қосуымен құттықтап, мәре-сәре күй кешті. Мереке барысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Жамбыл облысының құрметті азаматы Еркінбек Солтыбаев сөз алып, көпшілікті келіп жеткен көктем мерекесімен құттықтады. Алда келе жатқан Ұлыстың ұлы күні елімізге бейбітшілік пен татулық әкелсін деген тілегін білдірді. Сондай-ақ еңбек ардагері Нұрмахан Тілегенов Тараз қаласының тұрғындары мен қонақтарына бата берді.
Айта кетейік, Наурыз мерекесі биыл әулиеаталықтар үшін жаңа мазмұнға ие болуда. Олай дейтініміз, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің қаулысымен 14-22 наурыз аралығында өңірде Наурыз мерекесі тойланатын болады. Тоғыз күн бойы халық «Көрісу күні», «Мейірім күні», «Тағзым күні», «Алас күні», «Наурыз-шашу», «Ынтымақ күні», «Шаттық күні», «Үйлесім күні» және «Ұлыс күні» сияқты айтулы күндерді атап өтіп, әр күннің өз ерекшелігіне сай салтанатты шаралар ұйымдастырылады. Осынау думанды күні облыстық филармония өнерпаздарының өнері мен өңірдегі этномәдени бірлестіктердің концерттік бағдарламасы да көпшілікке көктем әсерін сыйлады. Сондай-ақ мерекеге жиналған көпшілік арнайы тігілген киіз үйдің ішіне кіріп, наурыз-көжеден және тәтті бауырсақтардан дәм татты.
Хамит Есаман, «Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы