Ақтөбе агломерациясын құру мен қалыптастыру ісі жаңа сапалық кезеңге аяқ басты. Мұның басты дәлелі Үкіметте Ақтөбе агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы қабылданғаны болып отыр.
Оқырманға түсінікті болу үшін айта кетсек, Ақтөбе агломерациясы аумағына Ақтөбе қаласы мен Алға, Қарғалы, Қобда, Мәртөк, Мұғалжар және Хромтау аудандары кіреді. Бүгінгі басты міндет оның ресурстық және минералды-шикізаттық әлеуеттерін ескере отырып, өндірістік қуатының артуын қамтамасыз ету болмақ.
Бұл бір күннің немесе бір жылдың ісі емес. 2030 жылға қарай өңірде жоғары технологиялы салалар мен инновация, ғылым, сауда және қызмет көрсету жүйелері қарқынды даму деңгейіне көтерілмек. Айталық, өңір аумағында көлік-логистика әлеуетінің мүмкіндігі мол екені айтылып та, жазылып та жүр. Республика аумағындағы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі құрылысы ең алғаш рет Ақтөбе жерінен бастау алып, Ақтөбе жерінде аяқталды. Мұның маңызы мен рөлі өте жоғары.
Сондай-ақ мұнда «Хромтау-Алтынсарин» және «Жезқазған-Сексеуіл-Шалқар-Бейнеу» темір жол желілерінің пайдалануға берілуі де оның көлік-логистика қызметіне өте ыңғайлы екенін көрсетеді. Қазіргі күні агломерация аумағында 143 километр электрлендірілген темір жол желілерін тарту белгіленген. Мұның сыртында 8 көлік-ауысу торабын құру көзделген. Агломерация орталығы Ақтөбе мен басты және негізгі көлік бағыттары – Атырау мен Қостанайда, Орал мен Орынборда, Шұбарқұдықта, Орск мен Мәртөкте жылдан-жылға өсіп келе жатқан көлік тасқынын реттеудің тың жолдары қарастырылған. Белгіленген бағдарламалар мен іс-шаралар Ақтөбе қаласының еліміздің стратегиялық нүктесі ретіндегі орнын одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге агломерация аумағында инженерлік инфрақұрылымдардың бір-бірімен өзара байланыста, иықтаса дамуы тұрғындар мен бизнес өкілдерінің су мен газға және электр қуатына деген сұраныстарын өтеуге кең жол ашады.
Агломерация жағдайында газдандыру ісінің рөлі жоғары. Бұл көрсеткіш қалааралық және ауыларалық газ тарату желілері құрылыстарын іске қосу арқылы 99 пайызға жеткізілмек. Сумен қамтудың жай-күйі де тиісті инфрақұрылымдардың көмегінің арқасында жаңа сатыға көтерілмек. Оның қамтылу аумағына 70 елді мекен енгізілген.
Агломерация ұғымының ауқымы мейлінше кең. Ол тек бірыңғай өндірістік мәселелерді реттеумен шектелмейді. Мұнда әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамытудың орны айрықша. Бұл ретте балаларды мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелерімен қамту деңгейі жүз пайызды құрамақ. Айталық, 2030 жылдарға қарай мектепке дейінгі ұйымдардың мүмкіндігін 2,5 есеге дейін ұлғайту жөнінде алдын ала есептер жасалған. Бұл шамамен 90 мыңға таяу орын деген сөз. Тағы бір бұлжымас талап бар. Агломерация аумағындағы экологиялық ахуал қалыпты болуы тиіс.
Сондықтан да қазіргі кезде мұндағы табиғи экожүйенің тұтастығын сақтау үшін Қарғалы ауданында өңіраралық табиғи парк құру көзделген. Бұған қоса Хромтау ауданындағы Айдарлыаша айрығында геологиялық парк жасақтау жоспарланған. Өткен жылы газетімізде жарияланған «Електің ағысы неге бәсең?» деген мақалада осы аттас өзеннің күрделі экологиялық жағдайға тап болып отырғаны айтылған еді. Оның алты валентті хроммен және бормен былғанғаны нақты деректер арқылы жазылып көрсетілді. Алайда материал газетте жарияланғаннан кейінгі кезеңде де оны реттеу ісінде айта қаларлықтай өзгеріс бола қоймағаны өкінішті-ақ. Бүгінгі күні агломерация аумағындағы Елек өзенін зиянды өндірістік қалдықтардан тазарту ісі кезек күттірмейді. Мұның өзі Ақтөбе агломерациясын кешенді түрде дамытудың бір тұтқасы іспеттес.
Қазіргі кезде облыста агломерацияны дамыту бағыттары бойынша қызмет жасайтын арнайы жұмыс тобы құрылған. Оның мүшелері агломерацияның басты қазығы болатын он бағытты айқындады. Бұл бірінші кезекте индустриялық-инновациялық орталық, индустриялық-аграрлық аймақ, шағын және орта бизнесті дамыту, көлік-логистика орталығы, медициналық және білім беру кластерлері болып жалғаса береді.
Өңірдегі өміршең даму үрдісі агроөнеркәсіптік секторда ет және сүт кластерлерін құру мен дамытуға берік негіз қалайды. Соңғы уақытта облыста жүзеге аса бастаған фермерлерге қызмет көрсету орталығы, индустриялық-аграрлық аймақ және «Болашақтың ауылы» секілді қанатқақты жобалар да бар. Оның даму үрдісінің басты талабының бірі – қарқынды құрылыс. Мысалы, өңірде өткен жылы 800 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй салынса, биылғы меже – 850 мың шаршы метр. Алдағы жылдары бұл көрсеткішті бір миллион шаршы метрге дейін жеткізу жоспарланған. Бұл баспаналардың басым бөлігі агломерация аумағында тұрғызылмақ.
Әрине Ақтөбе агломерациясын құру мен қалыптастыру ісінде ешқандай кідіріс пен түйткіл жоқ десек, ұшқарылыққа ұрынар едік. Айталық, мұнда инженерлік инфрақұрылымдарды одан әрі жетілдіру мен автомобиль жолдарының сапасын жақсарту ісінде шешімін күтіп тұрған мәселелер бар. Ақтөбе халықаралық әуежайының ұшу-қону жолағын күрделі жөндеу ісі де Үкіметтің қаржылай қолдауын қажет етеді.
Қалай дегенде де Үкімет мүшелері Ақтөбе агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасын бірауыздан мақұлдады. Талас жоқ, бұл игі қадам. Алдағы ілкімді істердің бастамасы. Келесі кезекте атқарылатын істің салмағы орталықтан өңірдің өзіне қарай ауысып келеді. Аймақта бұған тиісті алғышарттар қаланған.
Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ