Бейбітшілік және келісім сарайында Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін комитетінің төрағысы Е.Оңғарбаевтың төрағалығымен Қазақстанның діни бірлестіктер өкілдерінің жиыны өтті.
Іс-шараға Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясының кафедра меңгерушісі Т.Бурбаев, Ұлттық экономика министрлігі Макроэкономикалық талдау және болжамдау департаменті директорының орынбасары А.Ахметов, осы департаменттің басқарма басшысы міндетін атқарушы Н.Шаймаханов, Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Г.Сералин, сонымен қатар Қазақстанда тіркелген діни бірлестіктердің басшылары мен өкілдері қатысты.
Жиынның күн тәртібіне сәйкес Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуі талқыланды. Е.Оңғарбаев өз сөзінде «Бес әлеуметтік бастама – нақты мақсаттары мен анық көрсеткіштері бар бірегей әлеуметтік бағдарлама. Елбасымыз көрсеткен, ұсынған жолдар отандық экономиканың есептелген мүмкіндіктеріне негізделген, шынайы болып есептеледі» деп атап өтті.
Діни бірлестіктердің басшылары Президенттің әлеуметтік бастамаларын қолдай отырып, бұл Үндеуді Мемлекет басшысының тарихи шешімі ретінде мойындады және бұл бүкіл қазақстандық қоғамның мүддесін ескеретін уақтылы, тұрақты, нақты, объективті екенін айтты.
Жиынның қатысушылары халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған Елбасы жариялаған құжатты қолдады. Астана шіркеуінің протоприесті Байдектің айтуынша, «Бес әлеуметтік бастама», ол бірінші кезекте конфессияаралық келісім мен бірлікке негізделген, біздің тәуелсіз мемлекетіміздің прогрессивті дамуының көрсеткіші болып саналады.
Сондай-ақ «Қазақстанның діни бірлестіктері қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы А.Клюшев Үндеуді мемлекетті одан әрі әлеуметтік даму мен жаңғыртуға бағыттайтын бағдарлама, мемлекеттің әлеуметтік саясатының жаңа деңгейге шығуы деп бағалады. «Әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартатыны сөзсіз», деді ол.
Кездесу барысында Қазақстанның діни бірлестіктер өкілдерінің жиыны атынан Наурыз мейрамын тойлауға байланысты Қазақстан халқына құттықтау хаты қабылданды.