Бүгінде әлемде үлкен өзгерістер орын алуда. Жаңалығы желмен жарысқан жаһан жаңа тарихи кезеңнің табалдырығында тұр. Осыған сәйкес біз де өз сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға сіңісті болып қалған таптаурын қағидалар мен ұстанымдардан арылмасақ, дамыған елдердің легіне ілесе алмай қалуымыз мүмкін. Бұл турасында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында кеңінен талдап, жұртшылыққа жете түсіндірген болатын.
Елбасы: «Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады», деп атап өтіп, өзгермелі дүниенің алдыңғы сапында жүру үшін бәсекеге қабілеттіліктің бірінші кезектегі мәселе болатынын қадап айтты. Ал бәсекеге қабілеттілікті қалыптастырып, оны ұдайы арттырып отыру үшін білімнің атқаратын рөлі айрықша зор екені белгілі. Сондықтан да Президент елімізде білімнің салтанат құруы жайына айрықша мән беріп отыр.
Дана қазақта «Білімдінің жүзі жарық» деген қанатты сөз бар. Егемендіктің елең-алаң кезінен бастап Елбасы білім беру саласына ұдайы назар аударып келеді. Биылғы Жолдауында да білім берудің сапасын жаңа деңгейге көтеру талабын алға қойды. Бүгінгі заманда білімнің адами капиталды арттырудың алғышарты екеніне басымдық берген Мемлекет басшысы білім беру жүйесін жаңа индустрияландыру талаптарына бейімдеу қажеттігіне назар аударды. Осыған орай барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету талап етілді. «Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс», деді осы орайда Нұрсұлтан Әбішұлы. Бұл үшін 2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы мен қалыптасуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу қажеттігі айтылды. Сонымен қатар елімізде қазір орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу басталды. Шын мәнінде бұл мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және мамандар деген сөз. Оны жүзеге асыру үшін педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау керек болады. Сол себепті де Мемлекет басшысының университеттердегі педагогикалық кафедралар мен факультеттерді дамыту жөніндегі талабы дер кезінде қабылданған шешім екенін бағамдаймыз.
Елбасы Жолдауымен сабақтас «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуі ұлттың рухани жаңғыру жолында алға қойылған міндеттер мен мақсаттарды жүзеге асыруға бағытталған тағы бір құнды құжат болды. «Бес әлеуметтік бастама» – біздің ұлттық және әлеуметтік бірлігімізді бір мақсатқа ұйыстырған діңгегі мықты платформа. Үндеудегі бес бастаманың бірі жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту мәселесіне арналды. Бүгінде еліміздің жоғары оқу орындарында 530 мыңнан астам жас оқып жатса, олардың 30 процентке жуығы мемлекеттік білім беру грантының иегері. Мемлекет басшысы енді жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу керектігін алға тартты. Біз мұны өскелең ұрпақтың болашағы үшін жасалып отырған қамқорлық деп қабылдадық. Үндеуде «Біз әлемдік стандарттарға сай білім беру жүйесін қалыптастыра отырып, студенттердің білім алуына және тұратын жеріне жағдай жасауға тиісті назар аударуымыз қажет», деп атап көрсетті. Осыған орай жоғары оқу орындары мен колледждер студенттерін жатақханамен қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл тұрғыдан келгенде Қыздар университеті жатақханаға мұқтаж студенттерді жатын орынмен қамтамасыз етіп отырған еліміздегі бірден-бір жоғары оқу орны.
Десе де, бұл орайда туындап отырған бірнеше мәселе бар. Атап айтар болсақ, университет қалашығындағы жатақханаларда ұзақ уақыттан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Кәріз жүйелері тозығы жетіп, басым бөлігі істен шығу қарсаңында тұр. Олқылықты жайттар орын алмас үшін кәріз жүйелерін дер кезінде жаңалап, қалпына келтіру шаралары жасалғаны абзал болар еді. Ал бұл мәселе қаржыға келіп тірелетіні белгілі. Десе де, университет бюджетінде мұндай көлемдегі қаржының жоқтығы қолбайлау болып отыр. Тағылымды тәрбие мен өрісті білімнің іргелі ордасы атанған, көпшілік қауым «ізеттілік пен үлгі-өнеге отауы» деп ат қойып, айдар таққан Қыздар университеті 75 жылға жуық уақыт белесінде Қазақстанда педагогикалық кадрлардың қалың шоғырын дайындауға сүбелі үлес қосып келе жатқан ұлағат ұясы. Бүгінде Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ұжымы да Мемлекет басшысы белгілеген міндеттерді нақты іс жүзінде орындау мақсатында жұмыс атқарып жатыр. Мәселен, ордалы оқу орнындағы білім жүйесін жетілдіре түсу мақсатында Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен университет базасында «Қазақстан жас педагог-ғалымдар ассоциациясы» құрылды.
Аталған жоба Мемлекет басшысының биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауы негізінде іске асырылды. Ассоциацияның негізгі мақсаты – еліміздің жас педагог-ғалымдарының диалог алаңын ұйымдастыру, ғылым мен білімді ұштастыра отырып, жастардың ғылыми идеяларының өндіріске енуіне ықпал жасау. Бұған қоса, ассоциация «Ой-талқы» атты тренингтер, қысқы, жазғы мектептер ұйымдастырып, ұйым мүшелерінің кәсіби дамуын қалыптастыруға күш салады. Шетелдік жоғары оқу орындарымен, колледж, мектептердің жас педагог-ғалымдарының халықаралық ұйымдарымен байланыс орнату да көзделіп отыр. Ассоциация биылғы 26 сәуірде университет қабырғасында өтетін Қазақстан жас ғалым-педагогтарының I слёті қарсаңында өз жұмысын бастайды. Аталған форумға 25 педагогикалық жоғары оқу орындарының өкілдері қатысады деп күтілуде. Қыздар университетінде мектепке дейінгі ұйымдарда білім сапасын арттыру мәселесіне де айрықша мән беріліп отыр.
Осы мақсатта жылдың басында оқу орны «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығымен бірлесіп «Мектепке дейінгі балаларды өздігінен оқуға үйрету және әлеуметтік дағдыларын дамытудың теориялық, әдістемелік мәселелері» атты алқалы басқосу өткізді. Отандық жоғары оқу орындары ой-өрісі дамыған, талантты, зерделі және ұлтжанды ұстаз дайындауды одан әрмен жаңа деңгейге көтере түсу қажет. Осы тақілеттес жиындардың маңызы айрықша екенін атап өткен жөн. Қолға алынған бастамалардың қатарында «Полиглот» орталығының ашылуын да атап өтуге болады. Бұл университеттің профессор-оқытушылары мен студенттерінің тілдік біліктілігін арттыру мақсатында қызмет атқармақ. Орталықта ағылшын, қазақ, орыс, түрік, қытай, француз және неміс тілдерін тереңдете оқыту қолға алынады. Сондай-ақ аударма қызметі көрсетілетін болады. Ынтымақтастық ырысқа бастайтыны белгілі. Қазіргі таңда Қыздар университеті әлем елдерінің 30-дан астам жоғары оқу орнымен әріптестік байланыс орнатқан. Олардың қатарында АҚШ, Үндістан, Франция, Қытай, Германия сынды мемлекеттердің беделді университеттері бар.
Қазіргі күнде қарашаңырақта студенттердің сапалы білім алып, ғылыммен, өнермен, спортпен айналысуы үшін, олардың бойында халқымыздың ұлттық құндылықтарын дарыту орайында бірқатар жұмыстар жасалып, университет отандық жоғары оқу орындары арасында үлкен беделге ие болып отырғаны көңілге қуаныш ұялатады. Сонымен қатар оқу ордасы ғылым мен білімді өзара үйлестіріп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын ғылым мен технологияның жаңа нысандарына бағыттап жүргізуді басты мақсат етіп келе жатқанын атап өткім келеді. 70 жылдан астам уақыт белесінде Қыздар университетінде ұйымдастыру мәдениеті қалыптасып, тиімді кадрлық менеджмент пен корпоративті басқару ісі де жүйеленді. Нағыз ұстаз шәкірт жанына үңіліп, дұрыс жолға сала білуі де қажет. Дамудың даңғыл жолына бағыт алған болашағы баянды елдің өрісі қашанда білікті де саналы ұрпағымен кеңейетіндігі, оларды мемлекеттің тұтқасы етіп тәрбиелеу қажеттігі Елбасының халыққа арнаған Жолдауында үнемі айтылып келеді. Ал, оны іске асыру мұғалімге жүктелген мәртебелі міндет.
Мемлекет басшысының Үндеуінде атап көрсетілген бастамалар елімізде азаматтардың болашағына деген қамқорлықтың нақты іс жүзінде орындалатындығының нақты нышаны. Әрбір отандасымыз осыны саналы түрде ұғынса ғана белгілі бір нәтижеге жетуге болады. Жетістік пен табыс – келісті кеңесе білген, бірлік пен тірлік үйлесім тапқан жерде. Ауызбірлік қашқан, алауыздық тасқан жерде ешқашанда игілікті істер жүзеге асқан емес.
Гаухар АЛДАМБЕРГЕНОВА, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор