Абайдың өлеңінде айтылғандай, «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» мәре-сәре болатын керемет кез де келіп жетті. Еліміздің батыс өңірінде Наурыз тойы айдың 14-інші жаңасынан басталады. Таң сібірлеп атқаннан-ақ бір-бірімен сәлемдесіп, жылдан есен шыққандарына шүкір десіп, «Бір жасыңызбен!» деп көрісетін ағайын қандай заман өтсе де осы игі дәстүрден ажырамаған. Ресми мереке болмаса да, батыс өңірі бұл күнге ерекше дайындалады. Бірақ биылғы Амал мерекесінің жөні бөлек болды. Бұлай деуімізге себеп те бар. Алыс-жақын бес елден келген 700-ге жуық өнерпаз Жайық жағасын нағыз тамашаға, сән мен салтанатқа бөледі. Атырауда «Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері» атты халықаралық форум өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған форумда 20-ға жуық шара болып, мұнайлы мекен халқына ерекше мереке сыйлады.
Бірлігіміз жарасқан
Екі күн бойы Жайықтың жағасы жақсылар мен жайсаңдарға толды, той-тамашаға кенелді. Исатай-Махамбет атындағы орталық алаңда бастау алған «Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері» халықаралық форумы қоғамдық сананы жаңғыртып, дәстүр-салтымызды насихаттауды мақсат етті. Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстаннан келген 30-дан астам өнер ұжымы, 700 әртіс Атыраудың әр көшесінде өткен шараларға белсенділікпен қатысты. Орталық алаңдағы форумның ашылу салтанатын мыңнан астам атыраулық тамашалады.
– Тамырын тереңнен тартатын дәстүріміздің, мәдениетіміз бен өнеріміздің арқасында бүгінде еліміз әлемдік аренада айшықты орын алды. Бұған басты негіз – қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық, халықаралық, дінаралық, ұлтаралық татулық. Мұның бәрі де Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жүргізіп отырған сарабдал саясаттың жемісі мен жеңісі, – деді салтанатты шарада сөйлеген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев. – Президенттің халықтың әл-ауқатын көтеру үшін инфрақұрылымды дамыта отырып, өскелең ұрпақты бәсекеге қабілетті болуға шақырған Үндеуін қазақстандықтар толықтай қолдайды. Бұл ретте бізді ұлттық рухтың биіктігі, салт-дәстүр мен мәдениетке беріктігіміз алып шығады.
Наурыз келді, құт келді деп қуанған ағайын бір-бірімен көрісіп, ізгі лебіздерін арнап жатты. Орталық алаңға Атыраудағы 18 этномәдени бірлестік киіз үйлерін құрып, ұлттық тағамдарын ұсынды. Ұлттық спорттық ойындардан жарыстар өтіп, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Мәдени құндылықтың мәні зор
Халықаралық форум аясында ғалымдар да бас қосты. «Наурыз – адамзаттың материалдық емес, мәдени құндылығы ретінде» тақырыбында өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияға Еуропа, Орталық Азия, ТМД мемлекеттерінен келген ғалымдар қатысты. Олар Наурыз мейрамының тарихи негіздері, қоғамдағы орны, мереке феноменін зерделеу мәселелері бойынша баяндамалар жасап, ой бөлісті.
Халықаралық түркі мәдениеті мен өнерін бірлесіп дамыту ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Венгриядағы қазақтар қауымдастығы төрағасы Оңайша Мандоки де лебіз білдірді. Пленарлық мәжілісте Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, белгілі ғалым Тұрсын Жұртбай, Әзербайжан ақыны Ибрагим Хаджиев, Қазақстанның Ұлттық музейінің ғалым-хатшысы Зүбәйда Сұрағанова, басқа да ғалымдар баяндама жасады.
Поэзия падишасына құрмет
Атырау – жырдың мекені. Қазақ әдебиетінің алыптар шоғырына бірқатар таланттарды сыйлаған жер. Бүгінде Фариза деген есім Поэзия деген қасиетті сөздің синониміне айналды. Бар ғұмырын өлеңді аялауға арнаған ақынын туған жері қашанда құрметпен айтады. Халықаралық форум аясында өткен шаралар легіне «Фариза оқуларын» енгізудегі мақсат та аян: қазақтың қара өлеңін қастерлеу, өскелең ұрпақты өнерсүйгіштікке баулу, ақын жырларын насихаттау. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық жазушысы Фариза Оңғарсынова шығармашылығына арналған республикалық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауына еліміздің түкпір-түкпірінен талантты жастар жиналды. Олардың өнерлерін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ақұштап Бақтыгереева бастаған қазылар алқасы бағалады. Фариза Оңғарсынованың өлеңі, ақынға арналған жыр, прозалық шығармадан үзінді оқу бойынша сынға түскен қатысушылардың арасынан бас жүлдені атыраулық Әйгерім Қабдешева жеңіп алды. Батыс Қазақстан облысының атынан қатысқан Назгүл Пахманова бірінші орынның тұғырынан көрінді. Барлық жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен, алғыс хаттармен марапатталды. Шырқа, домбыра!
Атырау – күй Отаны деп бекер айтылмаса керек. Қос ішекке замана үнін қосқан небір дүлдүлдер өткен бұл жерден. Солардың ізін жалғаған Бақыт Қарабалинаның да есімін елі мақтан етеді. Қошалақ құмында дүниеге келген Бақыт Қарабалина асқақ арман қанатында Алматыға барды, халыққа керемет күйші ретінде танылды. Қазақ өнеріне күйші қыздың қосқан үлесі зор. Бақыт Қарабалина атындағы республикалық домбырашы қыз-келіншектер байқауына 15 өнерпаз қатысты. 16-35 жас аралығындағы домбырашы қыз-келіншектер қатысқан байқаудың бас жүлдесін Назерке Базарбаева жеңіп алды.
– Шыны керек, Бақыт Қарабалинаның есімі көптен ескерусіз қалып жүр еді. Осы олқылықтың орны толғандай сезімдеміз. Дина Нүрпейісовадан кейін қазақтың күйші қыздарының атын асқақтатқан Бақыт Қарабалина болатын. Бүгінгі байқаудың бас жүлдесін атыраулық домбырашы қыз жеңіп алды. Бұл – күй анасы салып кеткен сара жолдың осы топырақта бүгінге дейін жалғасып келе жатқанын көрсетеді, – дейді қазылар алқасының мүшесі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі күйші Айгүл Үлкенбаева.
Шебердің қолы ортақ
Наурыз тойы дегенде ұлттық киімдер, бұйымдар, жәдігерлер еске түседі. Облыстық тарихи-өлкетану музейі осы бағытта бірқатар жұмыстар атқарып жүр. Форум аясында белгілі дизайнер, «Алтын сапа» сыйлығының иегері Ырза Тұрсынзаданың шеберлік сабағы өтті. Үш күн бойы музей залдары лық толы болды. Шебердің өзінен тігіннің қыр-сырын білгісі келген атыраулық қыз-келіншектердің саны 500-ден асқан. Олар қыз жасауын дайындап, құрақ құрап, көрпе тігіп үйренді.
– Халықтың этнодизайнға деген ықыласы тәнті етті, – дейді Ырза Тұрсынзада. – Бұл менің жеке меншігім емес, халықтың қазынасы. Сол қазынаны қастерлеуге шақырамын. Ұлттық нақыштағы қанша жақсы дүниелер шығып жатыр, бірақ нарықты толық қамту үшін әлі де еңбектену керек.
Ақындар шықты айтысқа
Қашанда мереке мен той-думанның көркі ақындар айтысы болған. Халықаралық форумда бұл үрдіс ұмыт қалмады. Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында екі күн бойы жыр көрігі қызды. Еліміздің әр өңірінен келген 20 ақын әзілмен әдіптелген әдемі айтыс жасады. Облыстық әкімдіктің қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Қойшығұл Жылқышиев ұйымдастырған жыр аламаны жоғары деңгейде өтті. Амал мерекесіне алғаш куә болып тұрғанын айтқан айтысты жүргізуші, белгілі ақын Жүрсін Ерман елді топтастыратын, береке-бірлікке үндейтін көрісу салтын өзге өңірлерде де қолға алса деген ұсынысын жасырып қалмады. «Атырау бұл тұрғыда көпке үлгі болып отыр», – деді ұлттық өнердің жанашыры.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасы бас жүлдеге екі ақынды лайық деп таныды. Атыраулық Айзада Дәулекенова мен қарағандылық Тілеген Әділов бас жүлдеге тігілген үш миллион теңгені тең бөлісті.
«Бәйге берем жығылған балуанға да...»
Ұлан-асыр тойдың бәйгесіз сәні бола ма? Қазақша күрестен ашық республикалық турнирге еліміздегі ең мықты спортшылар қатысты. Тіпті осы шараға Грузиядан арнайы келген балуандар да жарыс алаңынан тыс қалмады. Атырау облысында соңғы жылдары ұлттық спорт түрлері айрықша дамып келеді. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қолдауымен қолға алынған шаралар қатары көп. Ұлт құндылықтарын ұлықтаған форумда бұған тағы бір мәрте куә болдық. «Қазақстан барысы» турнирінің үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаевтың дүбірлі доданың құрметті қонағы болуы спортшыларға серпін сыйлады. Жарыс қорытындысында бірінші орын – 2 млн теңгені шығысқазақстандық атақты балуан Айбек Нұғымаров қанжығасына байлады. Алматылық Дәурен Нұралинов пен қарағандылық Ержан Шынкеев, алматылық Руслан Әбдіразақов та жүлдегерлер қатарында аталды.
Тартысты тоғызқұмалақ, қызықты көкпар
Тапқырлықты талап ететін ақыл-ой ойыны тоғызқұмалақтан халықаралық турнирге қатысушылар Түркия, Қытай, Ауғанстан, Түрікменстан, Ресей мен Қазақстанның бес облысынан келді. Тартысты бәсекеде ерлер арасында бірінші орынды қызылордалық Бексұлтан Бостандықов жеңіп алса, әйелдер арасында ақтөбелік Алмагүл Тәкішеваның мерейі үстем болды.
«Мәңгілік сарын»
Ұлттық өнердің кәусарынан нәр алып, бабалар мұрасын насихаттау Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір тармағы. Жас өнерпаздардың шеберліктерін шыңдап, үлкен сахнаға шығуларына жолашар болатын шаралардың маңызы зор. Халықаралық дәстүрлі өнер фестивалінің де мақсаты осы. Арқа, Батыс, Сыр, Жетісу, Алтай-Тарбағатай дәстүрлі өнер мектептерінің қазыналары Жайықтың жағасында бір арнада тоғысты. «Сармат» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің орындауындағы «Көшпенділер рухы» әдеби-сазды сахналық қойылымы көрерменге ерекше әсер қалдырды. Еліміздің түкпір-түкпірінен, Ресей, Қырғызстан мен Түркиядан келген өнер шеберлері дәстүрлі әннің даңқын аспандатты. Белгілі жыршы, фольклортанушы-ғалым Берік Жүсіп фестивальда айтылған әр әнді құр хабарлап қана қоймай, тарихын тарқатып отырды.
– Қазақстанға келген сайын төбем көкке жетеді, – дейді ноғайдың әйгілі жырауы Арсланбек Сұлтанбеков. – Қазақ пен ноғайдың түбі бір. Атырауға келіп, туыстарыммен қауышқандай бір керемет сезімдемін. Осындай шараны ұйымдастырушыларға алғысым шексіз.
Фестивальда Қырғызстанның халық әртісі Роза Аманова, Түрік әншісі Ирфан Гюрдал, сүлейлердің сарқыты Алмасбек Алматов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Сәуле Жанпейісова, Ардақ Исатаева, дәстүрлі ән өнерінің шебер орындаушылары Қайрат Кәкімов, Алма Аманжолова, Жоламан Құжыманов, Жанқожа Аяпов, Фархад Оразовтар салған ән Атыраудың аспанын жаңғыртты.
Жастарға тағылым
Форум барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өңірлерде орындалу барысы да баяндалды. «Рухани жаңғыру» республикалық жобалық кеңсесі өкілдерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстелде Елбасы бастамасымен қолға алынған бағдарламаның өзектілігі әңгіме арқауы болды.
Сондай-ақ Атыраудағы Назарбаев зияткерлік мектебіндегі «Рухани жаңғыру» кіші жобалық кеңсесінде үшжақты меморандумға қол қойылды. Енді Исатай ауданындағы Х.Нәубетов атындағы орта мектеп оқушылары халықаралық білім ордасынан тәжірибеден өте алады.
Халықаралық форум жұмысынан жастар да сырт қалған жоқ. Қазақстан эстрада жұлдыздарының концерті атыраулықтар мен қала қонақтарын мерекелік көңіл күйге бөледі.
Ардақтыларға – «аманат» сыйлығы
«Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері» атты халықаралық форум гала-концертпен қорытындыланды. Екі күн бойы өткен түрлі байқаулардың бас жүлделерін иеленген дарабоздар өнерлерін көрсетіп, елімізге белгілі тұлғалардың қолдарынан марапат алды.
Салтанатты шарада сөйлеген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев: «Форумды өткізгендегі мақсат Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген іс-шараларды атқару, ұлттық құндылықтарды дәріптеу еді. Сол мақсат орындалды», деді.
Форумның жабылу салтанатында Түрксой-дың бас хатшысы, қоғам қайраткері Дүйсен Қасейіновке «Тұғырлы тұлға» марапаты табысталды. Халықтың алғысын алып жүрген қоғам қайраткері Қайрат Ищанов, Қазақстан Жазушылар одағы Атырау филиалының төрағасы, ақын Қойшығұл Жылқышиев, «Құрмет» орденінің иегері, «Өнерпаз» ЖШС-нің бас директоры Әлия Бекқожиева, адвокаттар алқасының төрайымы Айсұлу Омарова «Аманат» ұлттық қоғамдық сыйлығын иеленді.
Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан»