• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 22 Наурыз, 2018

БАӘ “Байқоңыр” кешенінің ғарыш инфрақұрылымын жаңғыртуға инвестиция салуға ниетті

374 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы және Біріккен Араб Әмірліктері делегацияларының кездесуінде «Байқоңыр» кешенінде бірлескен жобаларды жүзеге асырып, коммерциялық ұшырылымдарды ұйымдастыру туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жұлдызды қалашықта Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы және Біріккен Араб Әмірліктерінің делегациялары кездесіп, ғарыш саласындағы әріптестік мәселелерін талқылады.

Келіссөз қорытындысымен «Роскосмос» агенттігінің бас директоры Игорь Комаров, ҚР қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібінің министрі Бейбіт Атамқұлов және БАӘ ғарыш агенттігі директорлар кеңесінің төрағасы Ахмад Белхул Аль-Фаласи ғарыш саласындағы үш жақты әріптестікті кеңейту жөнінде хаттамаға қол қойды. Тараптар 2018 ж. сәуір айында ғарыш айлағындағы әлеуеті жобалардың мән-жайын нақтылау үшін бірлескен жұмыс тобын құру туралы келісті.

«2017 жылдың аяғында «Байқоңыр» кешенін дамыту жөніндегі бірлескен тұжырымдамаға қол қойылды. Осы тұжырымдама аясында ғарыш айлағына сыртқы инвестиция тарту мәселесі шешілді. Біріккен Араб Әмірліктері жобаға қатысуға қызығушылық танытты. Арнайы жұмыс тобы құрылып, үшжақты келісімге қол қойылды. Жоба аясында 1961 жылы қосылған «Гагарин старты» алаңы қайта жаңғыртылып, «Союз-2» зымыран тасығыштар шығарылатын болады. Әрі қарай мұнда ғарыш саласы ғана емес, басқа да салаларды дамытып, мәселен, технопаркты саламыз. Яғни, Байқоңыр кешенінің болашағы жарқын деп ойлаймыз», - деді Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, «Байқоңыр» кешеніндегі ҚР Президентінің өкілі Серік Қожаниязов.

ҚР қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің кеңесшісі Мейірбек Молдабаевтың айтуынша, «Байқоңыр» кешенінде бірлескен жобаларды жүзеге асыру аясында ғарыш айлағының дамуына жаңа серпін беріледі.

«Роскосмоспен бірге 2050 жылға дейін бірлескен тұжырымдаманы әзірлеп, бюджеттік қаржыға қарап қалмай, сырттан инвестор тарту туралы келістік. Міне, енді Біріккен Араб Әмірліктері ұсынылған коммерциялық ұшырылымдарды ұйымдастыру мақсатында старт алаңқайы мен зымыран-тасығышты жаңғырту жобасына қызығушылық білдірді», - деп атап өтті Мейірбек Молдабеков.

Естеріңізге сала кетейік, 21 наурыз күні сағ. 23:44-те БАӘ мен Қазақстан Республикасының делегациялары «Союз МС-08» ғарыш кемесінің «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы № 1 алаңынан ұшырылуын тамашалады.