Елбасы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ адами капиталдың дамуына баса мән беріп келеді. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы адами капиталды «жаңғыру негізі» деп атады. Мұның қорғаныс саласына да тікелей қатысы бар.
Барлық озық елдерде жауынгерлердің сапасына, жеке құрамның моральдық-психологиялық жағдайына деген қамқорлық мемлекеттік саясат деңгейіне көтерілген. Өйткені, әскерилердің биік рухы, Қарулы Күштердегі қызметін мақтаныш тұтуы, сайып келгенде, жауынгерлік даярлықты және елдің қорғаныс қабілетін жоғары деңгейде қамтамасыз етуге ықпал етеді.
«Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде Қорғаныс министрлiгi аппаратынан, Республикалық Ұланнан, Шекара және Iшкi әскерлерiнен, әскери мекемелерден бастап роталарға дейiнгi буындарда командирлердiң (бастықтардың) тәрбие және әлеуметтiк-құқықтық жұмыс жөнiндегi орынбасарларының институты енгiзiлсiн», деп анық жазылған еді Президенттің 1993 жылғы №1084 Жарлығында. Осылайша тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қарулы Күштердегі тәрбие және әлеуметтiк-құқықтық жұмыстың (бұдан әрі – ТӘҚЖ) іргелі негізі қаланды.
Алайда бұл сала кейін өзгеріске ұшырап, қазіргі уақытта Қарулы Күштерде аталған жұмыс Бас штабқа жүктелген. Осының нәтижесінде, қазіргі кезде Қорғаныс министрлігінің орталық аппаратында ТӘҚЖ-ның дербес басқару органы жоқ; тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстарды ұйымдастырумен, жеке құрамның моральдық-психологиялық ахуалын және әскери тәртібін нығайтумен Бас штабтың тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаменті айналысады. Ал бұл ТӘҚЖ органдары мәртебесіне жауап бермейді.
Осыған байланысты ТӘҚЖ деңгейін көтеріп, Қорғаныс министрінің тәрбие және әлеуметтiк-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары лауазымын қайта қалпына келтіруді ұсынамын.
Қазақстанда қорғаныс саласындағы мемлекеттік саясатты, Қарулы Күштердi əскери-саяси жəне əскери-экономикалық басқаруды жүзеге асыру Қорғаныс министрлігінің құзырында. Демек, Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарда ТӘҚЖ ұйымдастыруда бірыңғай әдістеменің негізін қалаушы да Қорғаныс министрлігі болуы тиіс. Алайда Министрліктің аталған басшылық рөлінің жоқтығы нәтижесінде ТӘҚЖ ұйымдастырудың бірыңғай жүйесі де жоқ болып отыр. Ал әскери ведомстволардың (ҰҚК Шекара қызметі, Ұлттық ұлан, Мемлекеттік күзет қызметі) әскери басқару органдары өздері басқаратын әскери қызметкерлерді тәрбиелеу саласындағы көзқарастар мен нұсқамалар жүйелерінің тұжырымдамасын әрқайсысы өз бетінше анықтауға мәжбүр.
Осы айтылғандарды ескеріп, әскери құрылымдарда тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстарды ұйымдастыру Тұжырымдамасын әзірлеуге тапсырма беруді ұсынған депутаттық сауал Премьер-Министр Б.Сағынтаевтың атына жолданды.
Сонымен қатар жұртшылық, әсіресе, жастар арасында әскери қызметтің беделін көтеру, қоғамдық санада Отан қорғаушының оң бейнесін сомдау үшін Қазақстанда жеке әскери телеарна құру мәселесін қарастыру сұралды. Сондай-ақ Елбасы жариялаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы бастаманы үлгі ете отырып, тәуелсіз Қазақстанның Отан қорғаушыларының қаһармандығы мен жетістіктерін көрсетіп, қоғам арасында насихаттайтын «Әскердегі 100 жаңа есім» жобасын өткізу де ұсынылды.
Бақытбек СМАҒҰЛ,
Мәжіліс депутаты