Ақтөбе облысында арнайы бағдарлама аясында 43 мыңға жуық адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. Осы арада айта кетерлік мәселе өзін-өзі жұмыспен қамтыған өңір тұрғындары да Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі бағдарламадан тыс қалмайды.
Облыста аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін биылға 6,4 миллиард теңге қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,6 миллиард теңгеге артық. Әрине мұның өзі қанағат тұтуға тұратындай әрі қолға алынған істі аяғына дейін жеткізуге болатындай сома. Сондықтан да қазіргі кезде ілкімді істің басы-қасындағылар бөлінген қаражатты уақытында игеруді әрі оны тиімді түрде жұмсауды басты мақсат еткен. Осы орайда өңірде жұмыссыздықты 4,8 пайыздық көрсеткіштен жоғарылатпау керектігі басты назарға алынған.
Бүгінгі күні бағдарламаның жүзеге асу барысы жөнінде не деуге болады? Бұған дейінгі талдаулар дәл қазіргі кезде бұл мәселеде айта қаларлықтай қызу қарқын туғызыла қоймағанын көрсетеді. Бірінші наурыздағы дерекке қарағанда, жылдық іс-жоспардың 10,3 пайызы ғана орындалған. Әрине тапсырманы орындап үлгеруге уақыт бар. Егер алдағы уақытта өзін-өзі жұмыспен қамтуды белгілі бір нәтижеге қол жеткізе алмай жүрген азаматтарға көрсетілетін қолдау деңгейі одан әрі көтерілсе, бұл жағдай негізгі көрсеткіштің өсуіне де септігін тигізе алатыны айқын. Дәл осындай түйінді мүлдем жұмыссыз жүргендер мен тұрмысы төмен тұрғындарға қатысты да айтуға әбден болады.
Ақтөбе облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаровтың айтуынша, аталған бағдарлама шеңберінде биыл 1000-нан астам адам тегін кәсіптік-техникалық біліммен қамтылмақ. Бұл бағытта еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды оқытуға басымдық берілуде. Оны реттеу үшін аймақта дуалды оқытудың қысқа мерзімді курстары ұйымдастырылған. Бұған 2300-ге жуық адам тартылмақ. Әрине бұл арада басты мақсат тек сертификат табыстау емес, аталған курстарды аяқтаған соң азаматтардың тұрақты қызметке орналасуы болмақ. Өткен жылы мұндай курстардан өткен тұрғындардың 93 пайызы жұмысқа кіргенін ескерсек, мұны төмен көрсеткіш дей алмаймыз.
Тұрғындарды жұмыспен қамту жөніндегі іс-қимыл жоспарының биылғы тағы бір ерекшелігі облыстағы барлық ауданның тұрғындарын кәсіпкерлік бастаулары мен негіздеріне баулу мен дағдыландыру болып отыр. Осыған орай «Бастау Бизнес» деп аталған арнайы курстар ашылған. Өткен жылы оның қамту деңгейі 6 ауданнан аспаса, биыл бұл көрсеткіш аудандар бойынша жүз пайызға жеткізілуі тиіс. Осы арқылы облыстың шалғай өңірлерінде орналасқан тұрғындар кәсіпкерліктің қыр-сырына қанығып, қаржылық сауаттылықтың алғашқы әліппесін бойларына сіңірмек. Олардың басым бөлігі шағын несиелермен қамтуға арналған курстарда оқиды деп күтілуде. Бұл бағдарламаның тұрғындарға тигізетін тағы бір шапағаты ретінде шағын бизнес пен кәсіпкерлікті дамыту үшін арнайы гранттар бөлінетіндігін айтуға болады. Мұның өзі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың шағын несие беруді көбейту жөніндегі төртінші бастамасымен үндесе алатын игі қадам.
Әрине бұл мысалға қарап өңірде шағын несие беруді көбейту ісі түбегейлі шешімін тауып үлгерген екен деп түйін жасауға болмайды. Бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта бұған дейінгі кездегіден де белсендірек жүргізуі керектігі ешқандай талас туғызбайды. Соның бір тармағы шағын бизнесті дамытуға гранттар бөлетін даму институттарымен әріптестік байланыстарды одан әрі тереңдетуде жатыр.
Тағы бір айта кетерлік мәселе өткен жылы облыста шағын несиелер үшін 2,5 миллиард теңге жұмсалған болса, биыл Мемлекет басшысының бастамасына байланысты оның мөлшерін өсіру көзделген. Сондай-ақ қазіргі уақытта облыста экономикалық белсенді халықтың 31 пайызы шағын және орта бизнеспен айналысып жүр. Бүгінгі күні облыста жұмыспен қамтуға ықпал ету жөніндегі іс-шаралар кешені етек-жеңін жинақтап келеді. Сөз жоқ, бұл игі қадам, ілкімді іс.
Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы