• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Наурыз, 2018

Ақтөбеде жамағатқа жаңа үлгіде дәріс жүргізді

250 рет
көрсетілді

Ақтөбе облысының өкіл има­мы Төлеби қажы Оспан Нау­рыз мерекесі қарсаңында ақтөбелік жамағатқа жаңа үлгіде дәріс жүргізді. Бұл дәріс Елбасының «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» мақа­ласында қамтылған «Қазақ­станның эволюциялық дамуы» тақырыбына арналды. Оған мемлекет және қоғам қайраткері, профессор Амангелді Айталы, қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік мекеме өкілдері, спорт саласының үздіктері, мешіт алқасы мүшелері, ақсақалдар мен 350-ге жуық мешіт жамағаты қатысты. Сондай-ақ Хромтау ауда­нының мешіт жамағаты сабаққа скайп жүйесі арқылы қосылып, дәрісті тыңдау мүм­кіндігіне ие болды.  

«Революциялар дәуірі әлі біт­кен жоқ. Тек оның формасы мен маз­мұны түбегейлі өзгерді... Бүгінде революциялар өңін өз­гертіп, ұлттық, діни, мәдени, сепаратистік перде жамылды. Бірақ бәрі де, түптеп келгенде, қантөгіспен, экономикалық күй­реумен аяқталатынын көріп отырмыз». Елбасының дәл осы сөзін басты назарға алған өкіл имам бүгінгі түр-сипатын өз­герткен революциялардың бі­рі – қоғамды үркіткен қанды те­рак­тілер екендігін атап кетті. Соң­ғы он жылда орын алған 10-нан аса терактіні мысалға келтіріп, олардың өзге елдердегі бүліктерден бір айыр­машылығы – қазақтың ұлты бір қазаққа қару кезенуі екендігін айтты. Мұның салдары сыртқы күштің саяси идеологиясының құрбаны бол­ған қандастарымызды ұлтынан жирендіріп, өз Отанына деген өшпенділігін оятуға дейін алып бара жатқандығын айтып, ой салды.

Тақырып дін тұрғысынан тал­қыланып қана қоймай, қазақ елінің тарихымен байланыстырылып түсіндірілді. Патша өкі­метінің отар­­лау саясаты, ашар­шылық, сая­си қуғын-сүргін се­кілді зобалаң жылдарында қаза тапқан қазақтар, босқындар туралы статистикалық мәліметтер келтірілді.

«Бүгінгі бейбітшілік заман­­ның қадірін жіті бағаламайтын­дығымыз кей істерде асығыстық пен албырттыққа жол беруімізге әкеп соғады. Мұндай албырт мі­нез бен амбиция, әсіресе қо­­ғамдағы жастарымызға тән қа­сиет. Ал ең өкініштісі, олар­дың тағатсыздығы мен тәжі­ри­бе­сіздігін сыртқы күштер тиім­­ді пайдаланып кетіп жатыр. Же­лікпе жастардың қолымен жасалған кешегі терактілер соның дәлелі»,  деді өкіл имам Тө­леби Оспан.

Сонымен қатар әсіре­дін­шіл­дікке апаратын ағат ойлар, намаз оқымағанды кәпір деу, дәстүрді ширкке балау, өз­ ұлтын ұлықтамау, Ота­нын сүй­меу секілді бүгінгі дін ұс­та­нудағы бірқатар қателіктер кеңі­нен түсіндірілді. Жамағатты жат ағымның зардабынан сақ­тандырып, теріс ағымды насихаттау, теракт ұйымдастыру, оған қатысу немесе қылмысқа қатысты қандай да бір ақпаратқа ие болудың өзі заң алдында жауапкершілік жүктейтіндігі, тіпті жаңа заң жобасында аза­маттықтан айыру мәселесі қарас­тырылып жат­қандығы айтылды.

Өкіл имам Елбасының әрбір Жол­дауы мемлекеттік мекеме­ қыз­меткерлеріне ғана емес, сіз бенен біз, жалпы халыққа жол­данатын Үндеу, болашаққа бел­гіленген бағыт-бағдар екендігін айтып, жамағаттың Жолдау мәтіндерімен танысып, оған үн қоса білуіне баса мән берді.

Қазақстанға қажетті эволю­ция­­­лық даму жолын жүзеге асы­ру үшін адам капиталын қа­лып­­­тастыру керек­тігін айтқан өкіл имам қазіргі қоғамдағы бұ­ған қажетті барлық жағдай жасал­ғандығын тілге тиек етті. Ал оны жүзеге асыруға бастысы адам ка­питалы, табандылық пен төзім керек­тігі туралы ойын былай деп түйіндеді:

«Кез келген мемлекеттің бас­ты капиталы адам және ол Ата Заңымызда анық жазылған. Бұл ақиқатты Алла тағала «Тин» сүресіндегі: «Біз адам баласын ардақтап жараттық» деген Құран аятымен де айқындап қойған. Айналадағы барлық мүмкіндік, жағдай адамзат баласы үшін жасалуда. Облыс орталығының өзін­де соңғы жылдары Өнер орталығы, Мәдениет үйі, «Жек­пе-жек» сарайы, әртүрлі спорт кешендері, кітапханалар, тұрғын үйлер пай­­далануға беріліп, облыстық мұ­ражай секілді жаңа ғимараттар бой көтеруде. Өткен жылы қалада 2­ мешіт ашылды. Енді бізге осынау нығметтің бәрін игеретін адам капиталы, қоғамның құлшынысы мен із­денісі қажет. Бізге білімді жас, білікті маман, өнерлі өрен, салиқалы жамағат пен саналы ұрпақ қажет», деп сөзін аяқтады өкіл имам Төлеби Оспан.

Дәрісті ұйып тыңдаған жа­ма­ғат жақсы әсер алды. Шара соңын­да сөз алған қоғам қайраткері Амангелді Айталы діндар болу дүниені тәрк ету деген сөз еместігін айтып, ғұмыры ізденіске толы, құлшылығы бүтін болған Абайдың мысалын сөз етті. Өкілдік тарапынан бастау алған игі бастамаға оң бағасын беріп, тұшымды тақырып көтерілгендігін, оның жамағатқа дәйекті дәлелдермен ұғынықты түрде түсіндірілгендігін айтты. Елбасының ұлттық сананы жаңғыртуда ұсынған озық идея­ларын ең әуелі, сіз бенен біз, халық жүзеге асыратындығын жеткізді.

Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ

Суретте: дәрістен көрініс