• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Наурыз, 2018

Жолаушысы жүргізген пойыз

780 рет
көрсетілді

«Машинистердің кабина­­сына кіріп жағамды ұс­­та­дым. Ортада жалғыз шөл­­мек жатыр. Ал бәріміз сеніп келе жатқан пойыз жүр­­гізушілері ішімдікке сыл­қ­ия тойып алып, екі жерде ұйқыға кеткен. Оятпақ бол­ғанымда шіркіндерің міз бақ­­пады. Пойызда қамсыз келе жатқан жолаушылар тағ­дырына алаңдаған олар жоқ».

«Егеменнің» Алматы­дағы бөлімшесін арнайы іздеп келген Әбдібек Шүкірбеков есімді оқыр­­­манның әңгімесі еріксіз таңғалдырды. Жасы жетпістің сегізіне келген ол бар өмірін те­мір жол жұмысына ар­наған осы саланың ардагері екен. Жиырма алты жыл бұрын басынан өткен қызық оқиғаны баяндап берді. Ақсақал айтқан жайтты қаз-қалпында қағазға түсірдік.

Темір жол ардагері 1992 жылдың сегізінші желтоқ­санға менің ойымнан бір сәтке де ұмытылған емес дейді. Айтуынша, дәл сол күні өмір­лік жолдасы Сақыпжамал Кәдірбайқызымен бірге «Мәс­кеу-Алматы» бағытындағы №8 пойызға мініп Алматыға келе жатқан. Өздері отыр­ған вагон нөмірі де дәл бү­гінгідей есінде. Оныншы ва­гон. Қас-қарайып қалған шақ­­та Ақтөбе маңындағы «Бер­сүгір» разъезіне тоқтаған жүр­дек пойыз мұнда ұзақ кі­діреді. Өзі темір жол ма­шинисі болған соң байыз тауып отыра алмаған ол мұн­­да ұзақ тұрудың себебін білмек болып далаға шығады. По­йыздың қыр-сырын бес сау­сағындай білетін 1-ші дә­режелі машинист кестеде көр­сетілмеген маңға тоқтау­дың астарында бір шикіліктің ба­рын аңғарады. Бекет дей­тіндей үлкен бекет те емес. Өздерінен басқа жан баласы жоқ. Ал пойызда жоқ дегенде мыңнан астам жолаушы бар. Сол жерде танысқан пойыз­дың электр-механигі орыс жігіті Димка екеуі маши­нистер отырған вагонға ене­ді. Қызықтың кө­кесі сонда басталыпты.

«Машинистердің кабина­­сына кіріп жағамды ұс­­та­дым. Ортада жалғыз шөл­­мек жатыр. Ал бәріміз сеніп келе жатқан пойыз жүр­­гізушілері ішімдікке сыл­қ­ия тойып алып, екі жерде ұйқыға кеткен. Оятпақ бол­ғанымда шіркіндерің міз бақ­­пады. Пойызда қамсыз келе жатқан жолаушылар тағ­дырына алаңдаған олар жоқ. Көп бөгелуге болмайды. Қыс айында Батыс өңірінің ауа райын білесіздер. Енді бі­раз кідірсек пойызды боран үр­леп тастауы әбден мүмкін. Ма­шинистерден қайран болмасын біліп, қарекетке көштім. Апыл-ғұпыл пойыздағы телефонмен Ақтөбе-Шалқар бө­лімінің диспетчеріне хабар­ласып болған жайтты баянда­дым. Өзімнің тәжірибелі ма­шинист маман екенімді де айттым. Телефоннан аң­да­ғанымдай, кезекші бөлім­дегілердің әбден дегбірі қаш­ты. Өйткені мұнда көлік мүл­де келе алмайтын еді. Қан­шама адамның тағдыры қыл үстінде тұр. Уақыт тығыз. Ке­зекші бөлімдегілердің өтінішімен пойызды 40 ша­қырым жердегі «Қайыр» бе­ке­тіне дейін жүргізіп баруыма тура келді. Димка екеуміз әр вагондағы тежеуіштердің же­ке-жеке ауасын шығарып, бірер сағат әлек болдық. Тұт­­қа арқылы диспетчерге по­­йыздың дайын екенін айтып, сигнал ашуын сұрадым. Со­дан кейін әупірімдеп жолға шықтық. Жолдағы арпалысты айтып тауыса алмайсың. Әлгі машинистердің бірі тізгінде бөтен адам отырғанын сезген болуы керек, ұйқылы-ояу күйде маған ауыр кілтті лақтырып қалды. Абырой болғанда ауыр темір шеке тұсымды жай ғана жанап өтті».

Қаһарманымыздың сө­зі­не­ сенсек, машинист бөл­месіндегі бұл жайттан көп жолаушылардың мүлде хабары болмапты. Жұртты да дүр­ліктіріп алмау қажет. Тә­уе­келдің салмағы тіпті ауыр. Бұл аймақтағы по­­йыз жол­дарының сырын же­тік білмейтін Шүкірбеков са­ғатына 40 шақырым жыл­дамдықпен келесі бекетке жолаушыларды дін-аман жеткізіпті. Осы сәтті ол былайша суреттейді:

«Қара терге малындым.­ Иығымдағы жүктің салма­ғы ауыр еді. Қырық шақы­рым жердегі «Қайыр» беке­тіне пойызды аман-сау жет­кізгенімде төбем көкке жетті. Пойыз басшылары бастаған бір топ жауапты мамандар қаумалап қарсы алып, риза­шылығын білдіріп жатты. Әлгі машинистердің бірі оянып кешірім сұрады. Өмір бойы қарыздар екенін айтып, жанары жасқа шыланды. Дегенмен бұл оқиғаны осы саланың айналасындағы жергілікті мамандар ғана білді. Бұл әңгіме жоғарыға жетсе талай адамның басына тықыр таянар еді. Сондықтан еш жерге жария етпей жылы жа­уып қоюға тура келді. Жалғыз мен ғана емес, жауап­ты сәтте жанкештілік та­нытқан пойыздың электр-ме­ханигі Димка Шуприннің еңбегі де ерен», дейді кейіп­керіміз.

Арада біраз жылдар өткен соң біз жай ғана әңгіме етіп отырған бұл жайт бір романға арқау боларлық оқиға. Сын сағатта қарапайым азаматтар осындай батыл қадамға бармағанда жолаушылар өмірі не болатынын парықтай беріңіз. Бір қызығы Әбдібек Шүкірбеков пойыздағы өз орнына оралғанда түк сезбеген жұбайы Сақыпжамал «қайда болдың?» деп сұрапты. Бол­ған жайды баяндағанда сенер-сен­бесін білмепті.

«Әлдеқашан ұмыт болған бұл сәт, менің жадымда әлі күнге жаңғырып тұр. Кім біледі, уақытында айтылмаған соң жай ойдан құралған әң­гімедей көрінетін болар. Өмір бойы темір жол саласында еңбек еттім. Кезінде, Алматы темір жолының локомотив бө­лімшесінде басшылық қыз­метте болдым. Мақсатым өт­кенді мақтан қылу емес, 92-жылдың 8 желтоқсан күні «Мәскеу – Алматы» пойызына мінген мыңдаған жолаушы сол оқиғаны білер ме екен, сонда алдымнан шық­қан Ақтөбе темір жол бөлімшесінің басшысы Борис Есенаманов бастаған азаматтар қайда жүр деген сауал мазалайды» дейді ол бір уақыт. Неге екенін қайдам, қарт теміржолшы сол күнгі оқиғаны әлі күнге жадынан шығарған емес. Өйткені ол тосыннан болған бұл өзгеше ісін тәуелсіздіктің бір жылдығына арнаған тартуым болар деп балапты да қойыпты.

Сол күні жол үстінде бол­ған мың тағдыр, қаншама от­басы осы оқиғаны білер болса Әбдібек Шүкірбековке мәңгілік қарыздар екенін түсінер ме еді?!

Біздің ойымызда, боран өтіндегі вагондар...

Арман ОКТЯБРЬ, «Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ