Бұл сурет осыдан 10 жыл бұрын Қытай астанасы Бейжіңде өткен XXIX Жазғы Олимпия ойындарының финалында түсірілген. Қазақ спорты үшін бұл тарихи маңызы бар аса құнды сурет.
Қазір кез келген қазақстандық суреттегі екі спортшымен мақтана алады. Себебі бейнедегі екі қазақтың бірі (Бақыт Сәрсекбаев) – Олимпиада чемпионы атанса, екінші қазақ (Қанат Ислам) Қытай құрамасы сапында сынға түсіп, қола жүлде алды. Сөйтіп екі бірдей оғланымыз Олимпиадада медаль алып, тұғырдың ең биік сатысында өткенге өнеге, жастарға үлгі болатындай тарихи суретке түскен еді.
Бір қызығы Олимп шыңын бағындырған Бақыт Сәрсекбаев пен Қанат Ислам өзге елде туып, тарихи отанына оралған спортшылар. Бақыт Сәрсекбаев 1981 жылы Өзбекстанның Ташкент облысы, Табақсай ауылында туған. 2004 жылы Афинада өткен жазғы Олимпия ойындарында Өзбекстан құрамасымен бара алмай, сол жылы Қазақстанға оралған.
Ал қытайдың 10 дүркін чемпионы болған Қанат Ислам Қытайдың Іле Қазақ автономиялық облысы, Алтай аймағында туған. Бейжің Олимпиадасынан кейін 2010 жылы азаматтығын ауыстырып, атамекені Қазақстанға қоныс аударды. Ол Қазақстанға Лондон Олимпиадасына тарихи отанының атынан қатысуды мақсат тұтып келген болатын. Бірақ Қытай тарапы Қанат Исламға қарсылық танытып, Қазақстан атынан сайысқа түсуге рұқсат бермеді. Сөйтіп ол 2012 жылдан бүгінге дейін кәсіпқой бокста бақ сынап келеді.
Тарихи суретті таспаға түсірген қазақстандық фототілші Станислав Филиппов сол уақытта Олимп тұғырында тұрған екі қазақты суретке түсіріп тұрғанын білмегенін айтады. «Қателеспесем, Олимпия ойындарының соңғы күндері болатын. Басшылар бүгін Бақыт Сәрсекбаев финалда жұдырықтасады. Бұйырса, құрама қоржынына алтын жүлде түсіп қалуы мүмкін, сен сол сәтті суретке түсіруің керек деді. Күткеніміздей Бақыт финалдық айқаста жеңімпаз атанып, ел мерейін үстем етті. Аренаға жиналған қазақстандықтардың қуанышын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ол өз алдына бөлек естелік. Сөйтіп кезек жеңімпаз бен жүлдегерлерді марапаттау сәтіне келді. Бар ойым – жақсы кадр жинау болатын. Ресми марапаттау сәті аяқталған соң Бақыт жанына Қанатты шақырып, суретке түсуге ыңғайланды. Қазақстандық спортшының әрбір қимылын назардан тыс қалдырмау үшін оның әрбір әрекетін суретке түсірумен болдым. Қапелімде еш ой жоқ, Бақыт жақын досымен суретке түскісі келген екен ғой дедім де екеуін суретке түсіріп алдым. Жарыс аяқталып, суреттерді өңдеп жатқанда ақпараттық сайттардан «Қытайдағы қазақ боксшысы Олимпиаданың қола жүлдесін алды» деген сыңайдағы ақпаратты көзім шалып қалды. Сонда ғана Бақытпен бірге суретке түскен Қанат Исламның қазақ екенін білдім. Өзімнің тарихи сурет түсіргенімді де сол кезде аңғардым десем болады. Дегенмен, фототілшілердің кез келген кадры құнды ғой», дейді Станислав Филиппов.
Қазіргі таңда Бақыт пен Қанат еліміздің мақтаныштары. Қос қазақ оғланының Олимп төріндегі жеңісі мен жетістігі соңдарынан ерген боксшыларға үлгі. Бақыт пен Қанаттың бұл жетістігін көріп, естіп өскен саңлақтар дүбірлі додаларда Қазақстанның намысын қолдан бермейтіні анық.
Әли БИТӨРЕ, «Егемен Қазақстан»