Бүгін Қызылордада жергілікті уақытпен сағат 14.50 шамасында Әйтеке би көшесінде жастар арасында қақтығыс болды. Нәтижесінде бір адам дене жарақатымен облыстық медициналық орталыққа жеткізілді. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ОІІД басшысының орынбасары Нұрлан Анарбаев мәлімдеді.
Сонымен қатар, брифингке облыстық медициналық орталығы директорының міндетін атқарушы Қанат Жундабеков, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Құралай Ерташова және облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Меңлібаев қатысты.
«ҚІІБ кезекші бөліміне Әйтеке би және Желтоқсан көшелерінің қиылысында бұзақылық болғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы жетіп, 7-8 адамнан құралған топтың бұзақы әрекеті анықталды. Нәтижесінде қаланың 1 тұрғыны дене жарақатымен облыстық медициналық орталыққа (ОМО) жеткізілді. Аталмыш дерек бойынша ҚР ҚК 259 бабы, 3 бөлігі, "бұзақылық" фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта күдіктілер, бұзақылық әрекеттің мүшелері ҚІІБ жеткізілді, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты мәліметтер жария етілмейді», деді ОІІД басшысының орынбасары Н.Анарбаев.
ОМО директорының міндетін атқарушы Қанат Жундабековтің айтуынша, зардап шеккен азамат облыстық медициналық орталығының жан сақтау бөліміне жатқызылды. Қазір оған ота жасалып жатыр.
«Науқас облыстық медицина орталығына ауыр жағдайда жеткізілді. Дереу қабылдау бөлімінен жан сақтау бөліміне жатқызылды. Сол мезетте «іш қуысына терең оқ тиген, ішкі ағзалары зақымдалған» деген диагноз қойылды. Дәл қазіргі кезде науқасқа ота жасалып жатыр. Оның жағдайы кейін белгілі болады», деді ОМО директорының міндетін атқарушы Қанат Жундабеков.
Айта кету керек, аймақ жастары арасында қылмысты және басқа да әрекеттерді болдырмау мақсатында білім, жастар саясаты мәселелері басқармалары жергілікті полиция қызметімен бірлесіп түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Мәселен, әр сенбіде жастар көп шоғырланатын орындарда «Стоп - қылмыс» атты рейдтер ұйымдастырылады.