• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қаржы 28 Наурыз, 2018

Әлемдік астық нарығы және Қазақстанның әлеуеті

4713 рет
көрсетілді

Әлемдік экономиканың өсу көрсеткіші осыдан екі жыл бұрын айтарлықтай төмендеген тұста астық нарығы да біршама тұралап қалған еді. Артынша жаһандық сауда-саттық қайта жанданды. 2018 жылдың басында тіркелген есеп бойынша Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде, Канада, Кытай және Жапония сынды әлемнің алпауыт экономикаларында қаржылық жағдай тұрақталды, өсім үлесі артты. Бұл ретте астық экспорттаушы елдер үшін жағдайдың тұрақты болғаны аса маңызды.

Егер болжам орындалса, таяу бо­ла­шақта бидай бағасы көтерілмейді. Десе де, астық құны өткен жылдармен салыс­тыр­ғанда едәуір қымбаттағаны байқа­лады. Ең қызығы, жер-жаһанда бидай өндірісі межеден артығымен өнді­ріліп жатса да сауда алаңдарында баға өсіп келеді. 2017-2018 жылдары қой­ма­ларда астықтың рекордтық қоры арты­ғымен сақталғандығына сарапшылар алаңдаулы. 

Көп жағдайда өнімнің жетіспеушілігі жиі айтылатыны рас. Таяуда Астанада өткен «KazGrain – 2018» халықаралық кон­фе­ренциясында БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының эко­номисі Наталья Меркушева оны жоққа шығарды. Жүргізілген сараптаманың қо­рытындысы бойынша, сұраныс азайған, ал жиналған астықтың үлесі артып отыр. 

– Соның салдарынан бидай қорларда жылдап сақталады, бұл өз кезегінде сапаға да тікелей әсер ететіндігі белгілі. Сақталған астықтың көп бөлігі Қытайда тіркелген, – деді экономист Наталья Мер­кушева. Оның сөзіне сенсек, бүгінгі күні Қы­тайда 270 млн тоннаға жуық артылған би­дай сақтаулы тұр. 

Ағымдағы жылы АҚШ пен Еуро­одақты басып озған Ресей астық экспорт­тауда көш бастап келеді. Айта кетер­лігі, 2010-2011 жылдары АҚШ-тан ең жоғары көлемдегі астық сыртқы нарық­қа шығарылған. Бұл көрсеткішті әлі ешбір ел қайталай қойған жоқ. Экс­порт көлемін азайтуды жаппай жүзе­ге асырған кезеңде АҚШ өндірісті 15,4 млн тоннаға дейін азайтқан бола­тын. Сондықтан дәл қазір бұл елде қорда­ланып қалған өнім өзгелермен салыс­тыр­ғанда әлдеқайда аз. 

Бірқатар елдер дайын бидай ұнын тікелей Түркия мен Қазақстаннан импорттауда. Осы ретте, түріктер Си­рия мен Иракқа, бертінде Суданға дайын ұнды үздіксіз жіберіп отыр. Ес­ке­ретіні, Ирак пен Сириядағы әскери қақ­тығыстардан бөлек, астық өнімдерін өндіруде де түйіткілдер бар. Соны тиімді пайдаланған Түркия өз нарығын кең көлемде қарастыруға мүмкіндік алып, соңғы 10 жылда экспорт көлемін 3 пайызға арттырған. Осылайша дүние жүзі бойынша ұн экспортында Түркия алдыңғы орынға көтеріліпті. 

Нарық заңдылығына сәйкес, тұты­нушылар көбейген сайын сұраныс та есе­лене түсетіні белгілі. Осы ретте алда­ғы 10 жыл көлемінде Үндістанда халық санының артуына байланысты бидай импорттау 79 млн тоннадан 96 млн тоннаға артпақ. 

– 2026 жылға қарай бидайға деген сұранысты көп жағдайда дамыған елдер емес, керісінше халық көп шоғырланған Африка, Азияның кейбір мемлекеттері құрайды, – деді БҰҰ Азық-түлік және ауыл­шаруашылық ұйымының өкілі.

Халықаралық жиында Arete Research&Consulting in Economics ұйы­мының аға консультанты және сарапшысы Филиппо Бертуцци бидайдың дурум (қатты) сортының тасымалы, сапасы жайында баяндама жасады. Оның айтуынша, соңғы 4 жылда Қазақстанның дурум бидайы әлемдік нарықтағы экспорттық үлесін 280 мың тоннаға арттырып отыр. 2014 жылы 170 мың тонна бидай өндірілсе, 2017 жылы бұл көрсеткіш 450 мың тоннаға дейін ұлғайғаны осыны айғақтайды. Қазақстаннан экспортталған өнім Италия мен Түркия мемлекеттеріне жөнелтіледі.

Әлемдік экономиканың өсу көрсеткіші осыдан екі жыл бұрын айтарлықтай төмендеген тұста астық нарығы да біршама тұралап қалған еді. Артынша жаһандық сауда-саттық қайта жанданды. 2018 жылдың басында тіркелген есеп бойынша Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде, Канада, Кытай және Жапония сынды әлемнің алпауыт экономикаларында қаржылық жағдай тұрақталды, өсім үлесі артты. Бұл ретте астық экспорттаушы елдер үшін жағдайдың тұрақты болғаны аса маңызды.

Нарықтың кілті Канаданың қолында

Филиппо Бертуцци келтірген мәлі­метке сүйенсек, жаһандық бидай экс­пор­тын­дағы ахуал Канадамен тығыз бай­ла­нысты болмақ. Себебі Канада әуел бастан сапасы жағынан әлемдік сұра­ныс­ты өтей алатын елдердің бірі сана­лады. Би­дай­ды көп тұтынатын Италия бұған дейін тек канадалық астықты қолданып кел­ген. Кейінгі уақытта Еуропа елдері де би­дай өндіруді жолға қойып, өнім үлесін ай­тар­лық­тай ұлғайтуда. Дегенмен әлі де ор­та­лық Еуропа жақсы өнім алу үшін қолайсыз. 

– Бидай өніміне қатысты арнайы сараптама жасайтын орталықтармен тығыз қарым-қатынастамыз. Бүгінде әлемдік нарықта Канада бидай өнімін ауқымды көлемде экспорттаушы мемлекет атанып отыр. Оның үлесі 60 пайыз. Одан кейін АҚШ алдыңғы қатарлы экспорттаушы ретінде танылып келеді. Бұл ретте бидай өнімін Еуропаға Қазақстан да жеткізіп отырғандығын айта кеткен жөн. Әсіресе Италия мен Германия біздің елдің басты тұтынушысы. Сондықтан да қазақ бидайы сапа жағынан канадалық өнімнен артық болмаса, кем емес, – деді Arete Research&Consulting in Economics-тің аға консультанты. 

Десе де Филиппо Бертуцци экспорт көлемін ұлғайтып, өнімді сыртқа шы­ғаруды кеңейту үшін қазақстандық өнді­ру­шілерге және дурум бидайын экспорт­таушыларға ұзақ мерзімді стратегия қажет екендігін тілге тиек етті. Сондай-ақ нарықта бәсекеге қабілетті болу үшін ұдайы талдау жүргізу керектігін де жеткізді. 

«KazGrain – 2018» конференциясында Hakan Agro DMCC коммерциялық бөлімшесінің басшысы Корай Озкан баяндама жасап, әлем бойынша тамақ өнімдерінде дәнді дақылдардың 2 мыңнан астам түрі қолданылып жүргендігін жет­кізді. Оның мәліметінше, 2004 жыл­дан бастап 2016 жыл аралығында дәнді дақыл­дардың әлемдік өндірісінің өсімі 75,6 млн тоннаға жеткен. Алайда 2018 жыл­­­ға қарай аталған көрсеткіш төмен­деп­­ті, қазір ол 70,9 млн тоннаны құрап отыр. 

Канада дәнді дақылдардың әлемдік экспор­тындағы үлесін 41 пайызға жет­кізіп, көшбасшы атанып отыр. Бұл тізім­де Аустралия (12 пайыз), Мьянма (11 па­йыз), АҚШ (10 пайыз) алдыңғы қатар­да тұр­ғанын айта кетейік. 

Қазақстан бидайы 35 елге таралады

Астық экспорттауда тасымал жолдарын жүйелеп, логистика саласын әртараптандыру – аса маңызды қадам. Конференцияға Ресейден келген «ТБИ» ААҚ бас директоры Иван Караманов осы ретте Қазақстанға Қара теңіздегі  порттар арқылы экспортты ұлғайтуға мүмкіндік бар екенін айтты. Оның пікірінше, Новороссийск порты арқылы Ресейдің Қара теңіздегі порттарына астық тасымалдауға болады. 

– Бұл ретте темір жол вагонындағы өнімді кеме бортына бірден тиеу жағы жолға қойылған. Былтырғы астық мау­сымында осындай әдіспен экспортқа шамамен 100 мың тонна Қазақстан өнімі жөнелтілді. Алайда бұдан да жоғары өнім ұсынуға болады. Дәнді дақылдарды экспортқа жөнелтудің осындай әдісінің сыйымдылығы жылына 1 млн тоннаға жетеді,– деді «ТБИ» ААҚ бас директоры.

Соңғы уақытта Қазақстан дәнді дақылдарды экспорттауда белсенділік танытып отыр. Бұл өнімдерді арнайы контейнерлер арқылы тасымалдау жолы ұтымдырақ. Яғни тек жақын елдермен қарым-қатынас орнатып қана қоймай, әлемдік сұраныстың ауқымды бөлігін – Оңтүстік-Шығыс Азия нарықтарын да қамтуға болады.

– Қазақстан әлем бойынша ұн экспорттауда алдыңғы қатарда. Негізгі импорт­таушы мемлекеттер шекара­лас: Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжік­стан және Ауғанстан. Сонымен қатар Африка және Азияның шығыс бөлігі­мен де байланыс орнағандығынан хабар­дармыз. Бірақ ұнның сыртқа шыға­рылымын контейнерлік жолмен бұдан да ауқымды түрде арттыруға болатындығын айтқымыз келеді. Жыл сайын тасымалдың бұл түрі айтарлықтай кең көлемде қолданылып келеді,– дейді И.Караманов. 

Қазақстан өзге мемлекеттерге жыл сайын 8 млн тонна астық экспорттайды. Соңғы 5 жылда орта есеппен 19,1 млн тонна өнім сыртқа шығарылған. «KazGrain  – 2018» халықаралық конференциясы барысында Ауыл шаруашылығы министрлігі Егіншілік департаментінің директоры Талғат Болатұлы елдегі бидай нарығы жайындағы ақпараттармен бөлісті. 

– Бүгінгі күні біз астық экспорттаушы үздік 10 елдің тізіміне еніп отырмыз. Өткен жылы жиналған астық­тың жалпы көлемі 20,6 млн тонна­ны құрайды. Бұл өз кезегінде ішкі сұра­ныс­т­ы қамтамасыз етуге, сыртқа өнім шығаруға жеткілікті деп сеніммен айта аламыз,– деді министрліктің департамент директоры. 

Өткен жылы Қазақстан Орталық Азия мен Каспий маңы елдерінен бас­тап, 35 мемлекетке өз өнімін ұсынып үлгерген. Экспорттың 87 пайызы Қытай, Түрікменстан және Иранға жіберіліп отыр. Министрлік келтірген мәлімет бойынша, тасымал логистикасы да жақсарып келеді. Ақтау, Баку порттарында салынған астық терминалдары жұмыс істеп тұр. Иранға Түрікменстан арқылы өтетін темір жолдың да құрылысы аяқталуға жақын. Бұған қоса Қорғас шекарасы арқылы өтетін темір жол Қытайға экспорт бағытын ұлғайтуға мүмкіндік береді. 

Еркежан АЙТҚАЗЫ, «Егемен Қазақстан»