«Халықаралық сарапшылар қазірдің өзінде Қазақстанды ең жедел өсіп келе жатқан әлем экономикасының үштігіне қосты. Біздің алдымызда тек Катар мен Қытай ғана тұр».
Президентіміздің осы сөздерін естіген бойда-ақ қолға қалам алдық... «Нұр Отан» съезінде айтылған бұл сөздер қай-қайсымызды болса да мерейлендіреді, қанаттандырады, шабыттандырады.
Күні ертең Тәуелсіздіктің 20 жылдығын атап өтпекпіз.
Дәл ертең, 1 желтоқсанда бүкіл халық болып тұңғыш Президентімізді сайлағанымызға 20 жыл толады.
Осындайда айтпағанда қайда айтамыз жүрек сөзін?
Ең алдымен, бәріміз бағындырған бұл биікке көтерілуіміздің тарихи себебі жөнінде ойланамыз.
Қазақ халқы – ойлау жүйесінде эпостық сипат бар, кең далада еркін ойлап, қиялмен қырық қабат әлемнің кеңістігін барлаған, жоқты бар етуге, барды кеңейтуге құмар халық екені көпке мәлім. Халықтың осы қиялы мен арманына тұсау түсіп, көз алдынан басқаны көре алмайтын, еш нәрсені мұрат тұтпайтын замандарға да тап болып көрдік. Текте бар нәрсе жоғалып кетпейді екен. Бүгін халқымыз егемендік алып, өз еркімізге өзіміз ие болған заманда, сол биік арман, қиялдарға жол ашып, «бұзып-жарып, еңсеріп, еркін басып» (Қасым ақын сөзі) келе жатқанымыз мынау. «Алты айшылық жолды алты-ақ аттап» өткен Қобыланды мен оның Тайбурылының екпіні бізге қайта дарыды. Еркін халық қашан да батыл және өз мүддесі үшін еш нәрседен бой тартпайды. «Өзімдікі дегенде, өгіз қара күшім бар» деген ғой қазақ. Осындай батыл ойлар ұлт әдебиетінде эпостық ойлау жүйесін туғызған. Бүгінгі біздің ісіміз – осы жаңа эпостың үлгісі сияқты.
Еліміздің тәуелсіздік алғанының 20 жылдығын атау үстінде бізді осы ойлар билейді. Шынында да, осы қысқа мерзім ішінде Қазақстанның аса биік қарқынмен дамып, бірқатар дамыған елдердің алдына түсіп жатқаны эпос емес деп кім айта алар. Біз өткен жолға көз жіберіп қарасаң, осыны көресің.
20 жыл ішінде біздің елде тәуелсіз мемлекеттің негізі қаланып, ол бекіп, қарқынды даму жолына түсті. Қазақстанның Кеңес одағы құрамында картадағы шартты сызықпен белгіленген шекарасы нақтыланып, көрші мемлекеттермен ресми шарт жасастық. Нарықтық даму жолына түсіп, әлем елдерімен қарым-қатынас жасай бастадық.
Елімізде ашық демократиялық қоғамның белгілері дамыды. Халықтың тұрмыс күйі жақсарды. Ең бастысы – тағдыр көп халықтарға Отан болуға жазған елде сол халықтардың ынтымағы мен достығына, бір-біріне сеніміне құрылған мемлекеттік құрылым іске асты. Бұл – біздің ішкі қауіпсіздігімізбен бірге, көрші елдермен қарым-қатынасымыздың да негізі болып қаланды.
Мемлекеттігі орныққан халықтың ойы мен арманы іске аса бастады. Озық елдермен тайталасып, ХХІ ғасырдың талап-тілегіне орайлас болуға, бәсекелестікті дамытуға ұмтылудамыз.
Жеке бір мемлекеттердің оқшау өмір сүруінің, оңашаланудың заманы әлдеқашан өткен. Енді әлемдік қауымдастықтың аңысын аңдамай, соған қосылуға ұмтылмай қалсаң, жұртта қалғаның. Осыны түсінген Қазақстан халықаралық қатынаста болған өзгерістерге, әлемдік дамудың беталысына жіті қарап отыруға үйренді. Ол көп жүйелі, сан салалы мемлекеттік байланыстарға түсті. Көрші мемлекеттермен алыс-берістің жаңа түрін бастап, халықаралық бірлестіктерге (ТМД, Европадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы, Шанхай ынтымақтастығы ұйымы, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы, Кеден одағы, Бірыңғай экономикалық кеңістік, т.б.) мүше болуда. Мұндай қарым-қатынас Қазақстан үшін дамыған елдердің үлгісін қабылдауға, технологиялық даму мен экономиканы білікті басқаруға, жаңа құрылыстар мен әлемдік тәртіп жүйесінің ыңғайлы жолдарын игеруге жол ашты.
Тарихи 20 жыл ішінде Қазақстан дамудың бұрын ешкім баспаған тың жолын өтті. «Әуелі экономика, сонан соң – саясат» деген Президенттің ұранымен біртіндеп бүгінгі күнге лайық демократиялық мемлекеттің жаңа моделі жасалды. Қазақстан басшылығы бұл модельді нарықтық қатынастар негізінде жетілдіріп, дамудың «Қазақстан жолы» деп атады. «Қазақстан жолы» ешбір елдің өткен жолын қайталамай, ұлттық ерекшеліктер негізінде жасалып, әлемдік тәжірибеге сүйенді. Шаруашылықты жекешелендіру, отандық бизнесті қалыптастыру, жер реформасын жүргізу Қазақстанның ұлттық экономикасының негізгі тетіктері саналды. Қазақстанның ұлттық валютасы осы шаралардың негізінде нығайды. Қазақстанның өткен қаржы дағдарысынан аман шығуы, экономикасын кері кетіріп алмай, нығайта түсуі – осы шаралардың арқасы. Ұлттық экономиканың тірегі болып, көлденең кездесуі мүмкін жағдайларды ескеріп, ұлттық қор құрылды. Мұның бәрі Қазақстан экономикасының жаңа жолын, бағытын белгіледі. Жыл сайын әлеуметтік төлемдер мен бюджеттен еңбек ақы алушылардың жалақысын көтеру, тұрғын үй құрылысын ұлғайту, үлескерлерге көмектесу, елді индустриялық-инновациялық, технологиялық даму жолына бағыттау, «жол картасы» біртіндеп іске асып жатыр. Бұл – әуелде Президент ұсынған «Қазақстан – 2030» атты стратегияның кезекпен іске асуы және толық орындалатынының кепілі.
Бүгінгі Қазақстан үлкен құрылыс алаңына ұқсайды. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері биыл өмірі болмаған астық өсіріп, қоймаға салды. Республика бойынша өнеркәсіп жаңаша қарқын ала дамуда. Батыс Европа – Батыс Қытай күре жолы осы екі аралықты жалғайтын қарым-қатынастың үлкен көрінісіне айналмақ. Жер астындағы кен байлықты игеруде Қазақстан алға шықты. Соңғы мәліметтер бойынша, Қазақстандағы мұнай қоры 35 млрд. тонна деп белгіленсе, газ көлемі 3 трлн. текше метрге жетеді екен. Жылына 90 млн. тонна көмір өндіреді екенбіз. Дүниежүзіндегі уран өндірісінің 40% біздің үлесімізге тиесілі. Осыларды ел игілігіне пайдалану үлкен өндірісті ұйымдастыруды талап етуде. Биылдың өзінде республикада 234 жаңа өндіріс орындары ашылды. Қазақстан тарихында бұрын болмаған машина жасау өндірісі іске қосылды. Енді ұшақтар, автокөліктер, трактор шығару, локомотивтер, вагон жасау істері өз қолымызбен атқарылмақ. Қазақстан темір жолына керек рельс құюды да игердік. Кен орындары ашылып, бұрынғы өндіру қуатын өсірді, кен байыту бірлестіктері қазақстан қажетін толық өтеп, сырт елдерге рудалар беруде. Өскеменнің «Жаңа металлургия» атты бағдарламасы қазір байыту арқылы 16 түрлі металл (цинк, қорғасын, мыс, платина, алтын, күміс, т.б.) алады екен. Осылардың нәтижесінде даму жолына түскен жас мемлекеттер ішінде Қазақстанның үшінші орынға ие болуы (Қытай, Катар, Қазақстан) жайдан жай болмаса керек.
Қазақстанның 20 жыл ішінде қолжеткен табыстарын осылай санамалай берсек, ол жетіп артылады. Ішкі саясатымызда да, халықаралық байланыста да ол молынан табылады. Алайда осы жолдағы ұлы істерімізге бастамашы болған, халқына ой салып, жетекшілік жасаған кім? Әлде олар өздігінен келе салды ма? Мұны ашып айтпай, құр санамалаған табыс дәлелді көрінбеуі мүмкін. Осы тұрғыдан келсек, Қазақстанда іске аса бастаған әлемдік процестердің заңды жалғастығын, оның ішкі мазмұнын түсіну еліміздің тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты екенін атап айтуға тиіс боламыз. Елбасының атын атап, еңбегін көрсетпеген жерде жаңалық көзге түспейді. Елбасы – Қазақстанда іске асқан барлық жаңашылдықтың негізгі ұйытқысы, бастаушысы, іске асырушысы. Оның көрегендігі ел дамуының жолында анық танылады.
1994 жылы Мәскеу университетінде сөйлеген сөзінде Елбасы өз елінің және бұрынғы Кеңес одағының құрамына кірген бүгінгі тәуелсіз мемлекеттердің келешегі Еуразиялық одаққа бірігуде екенін дәлелдеп айтқан еді. Бірақ Кеңестік одақтан зәбір көрген өзге елдер оған құлақ аса қойған жоқ. Алайда, содан бергі ТМД елдерінің қарым-қатынасы, біртіндеп экономика саласындағы жақындасу Назарбаев айтқан бағытқа бет түзегені даусыз. ТМД елдерінің экономикалық одағы, Кеден одағы осы жолдағы баспалдақтар болатын. Бүгінгі жағдайда Еуразия одағын құру идеясы кеңестен кейінгі дәуірдегі экономикалық байланыстардың, оның қалыптасуы мен дамуының нақты көрінісіне айналып отырғаны жасырын емес. Ол әр республиканың ұлттық дамуына барынша жағдай жасайды, көмектеседі, саяси дамуының да кепілі болып саналады. Бірақ бұл одақ емес, тәуелсіз мемлекеттердің экономикалық кеңістікте бірігуі, бір-біріне сенім көрсетуі, сөйтіп, өз елінің ішкі жағдайларын көтеруге ұмтылуы, әлемдік дамудың жаңа жолына түсуі. Мұны күні кеше ғана (18 қарашада) Мәскеуде кездескен Кеден одағын құрған елдер президенттері атап көрсетті. Олар, сөйтіп, болашақ Еуразия одағының құрылуына бір қадам аяқ басты. 2000 жылы «Независимая газетаның» бас редакторы В.Третьяковке берген сұхбатында осы саясаттың негізгі идеясын ұсынған Н.Назарбаевтың «Еуразиялық көзқарасты ұстану саясатқа құрылған ой емес, тарихтың даму бағытын терең түсінуден туған. Бүгінгі әлемдік даму интеграциялық процестермен тығыз байланысты. Мұндай процестен сырт тұрғандар барлық жағынан да артта қалады. Осыны түсінген европалықтар бір-біріне деген ескі өкпесін ұмытып, бірігу принципін қолдады. Мен де осылай бірігуді ұсынам. Мен болашақта Еуразиялық одақ туралы идеяға қайта оралатынымызға сенемін. Қазіргі дәуір – оңашалана дамудың жолы емес, Еуразия кеңістігінде бірігудің басқа жолы жоқ. Өтпелі дәуірге сілтеме жасауға да болмайды. Халықаралық терроризм, діни экстремизм, наркотик тасымалдау, әлі де шешілмеген басқа да экономикалық, әлеуметтік, экологиялық проблемалар – біздің басымыздың бірікпеуінің, істеген ісіміздің өнбеуінің және көрегендігіміздің жетіспеуінің белгісі» – дегені бар еді.
Бұл – қазіргі әлемдік дамудың жаңа бағыты туралы ойлану емес, бұл процесс туралы философиялық ой қорыту, кеңес одағынан кейінгі оқшау қалған елдерді дамытудың жаңа жобасы болатын.
Дамудың белгілі бір кезеңінде жеке тұлғалардың қызметі өркениетке бағыт беретінін, шешуші рөл атқаратынын тарих жоққа шығармайды. Оның ойы мен ісі, ұстанған саясаты уақытты ілгері жылжыта алатынын, өмірді өзгертіп, ескі ұғым-түсініктерді қоқысқа тастайтынын, сөйтіп мүмкіндіктің шекарасын ұлғайтатынын Назарбаев тәжірибесінен күн сайын көріп, танып келеміз. Оны әлем мемлекеттері басшыларының көбі-ақ мойындап отыр.
«Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – халқы мойындаған Ұлттық мемлекет көшбасшысы, әлемдік дәрежедегі саясаткер, өмірлік тәжірибесі көп, бойына туа біткен қуаты мол және жұмыс қабілеті зор адам. Ол өз елінде де, онан тыс жерлерде де аса беделді. Нұрсұлтан Әбішұлының Ресей мен Қазақстанның стратегиялық әріптестігінің қаз тұруы мен дамуына қосқан үлесін айтып тауысу мүмкін емес. Оның саяси еркі мен көрегендігінің арқасында біздің елдердің халқы ХХ ғасырдың соңғы кезінде бастан кешкен қиын жағдайда көршілік және сенімділік дәстүрін сақтаумен бірге, дамыта алғанын аса зор бағалаймын. Бір-бірімізге көмектесе отырып, біз Ресей-Қазақстан арасындағы көп салалы байланысты ұлғайтып келеміз. Бұл – Еуразия кеңістігіндегі өзара ынтымақтастықтың дәлелі болып табылады», деп жазды 2010 жылы Ресей Президенті Д.А.Медведев.
Мұндай пікірлерді әр кезде В.Путин де, Дж.Буш та, М.Тэтчер де, Ли Куан Ю де, Ху Цзиньтао да, Жак Ширак та, т.б. айтқан.
Н.Назарбаевтың Қазақстан Президенті ретіндегі қызметінде жай ғана ел басқарып, оған ие болып отыруы ғана емес, ел ішінен тыс, әлемдік кеңістікке ықпал еткен, көпті дүр сілкіндірген іс-әрекеттер, бастамалар мол. Олардың ішінде Қазақстан жерінде ядролық сынақты тоқтату және жою, республика астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру, кезінде шетел асып кеткен қазақтарды елге қайтару сияқты жай ғана айтумен іске аса қоймайтын, үлкен ерлікті, жүректілікті, ұйымдастыру жұмыстарын қажет ететін шаралар бар. Осының көбі-ақ Нұрсұлтан Әбішұлын ел билігіне араласқан тұстан ойландырып, толғандырып жүрген нәрселер сияқты. Семей полигоны қазақ халқына көп қайғы-қасірет алып келген, ұзақ жылдар бойы даламызға өлім отын сеуіп келген нысан болатын. Онда ядролық қарудың мол қоры сақталды. Біз тәуелсіздік алған тұста әлі де Ресей әскерлерінің базасы саналған полигонда Н.Назарбаев президенттік құқын пайдаланып, сынақты тоқтатуға Жарлық шығарды да, АҚШ, Ұлыбритания, Ресей басшылықтарымен келісе отырып, қаруды жою туралы шешім қабылдады. Сөйтіп Қазақстанды қарусыз елге айналдырды. Бұл шараның дүниежүзі халықтарының ядролық қаруға қарсы күресі тарихындағы орны тым үлкен. Мұны Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы Пан Ги Мун ядролық қарудан бас тарта алмай отырған елдерге үлгі етіп ұсынды. Ол Семей полигоны жабылған күнді (29 тамыз) «Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні» етіп бекітті.
Бұл шара, сонымен қатар, әлем кеңістігінен Қазақстанның өзіне лайық орын іздеуінің басы болғаны анық. Ол ЕҚЫҰ төрағалығына жол ашты десе де болады. ЕҚЫҰ-мен қарым-қатынас Қазақстанда демократиялық институттардың орнығып, жетілуін қамтамасыз етті. Қазақстан ЕҚЫҰ-ның саяси қызметін жетілдіруге, дағдарыстарды реттеуде көп жұмыс атқарды. Қазақстан өткізген ЕҚЫҰ Саммиті 55 мемлекеттің басшыларын, 65 мемлекеттің өкілдерін, БАҚ қызметкерлерін бір жерге жинап, әлем халықтарын толғандырған мәселелерді талқылады. Астана Декларациясы қабылданды.
Н.Назарбаев ұйғарымымен шет елдермен бірлесе жүргізген мұндай шаралар біздің ішкі дамуымызға серпін берді.
Ел тәуелсіздігін орнықтырып үлгермей, астананы басқа қалаға көшіріп, жаңа қала салу – Н.Назарбаев ерлігінің жаңа бір көрінісі. Бұдан да Президенттің шешімділігін, тәуекелшілдігін көреміз. Ол ойына алғанын істемей тынбайтын адам. Қаланың жобасы ғана емес, оның әрбір кірпішінің қалануы – Елбасының таза еңбегі. Ол әлемнің ең таңдаулы архитекторлары мен құрылысшыларын шақырды. Халық даналығы мен адамзат ойының бұрын-соңғы жаңалықтарын осында әкеп салды. Сөйтіп етек-жеңі жиналмаған ұлы даланың кеңдігі аясында, аспанмен таласқан биік ғимараттар тұрғызылды. Оларда әр елден, әлемнің ең ірі қалаларынан ауысқан ғимараттар табысты. Қаланы қоршаған орман алқабы бір шеті қазақтың кең даласымен, екінші беті Сібір ормандарымен шектесуі көзделген. Бүгінгі Астана – қазақ халқының жарқын болашағын елестететін символдық маңызы бар ұлы қала. Ол әлемнің атақты астаналарының қатарына қосылуға дайын тұр. Ғаламдық ғимараттар бір Астана емес, Алматыда, облыс орталықтарында салынып жатыр. Олар да әлеуметтік-экономикалық жаңалықтарға толды.
Назарбаев іске қосқан айтулы жобаның бірі – кезінде, кеңестік режімнің қатал тәртібіне ұшырап, тентіреп, шетел асып кеткен отандастарымызды елге қайтаруы. Осы бағдарлама бойынша тәуелсіздік алғаннан кейін елімізге бір миллионнан артық қазақтар оралды. Олар Моңғолия, Қытай, Ауғанстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Еуропа елдерінен келді. Осылардың бәріне жағдай жасау, үй және тұрмысқа қажетті дүниелерді жинауға көмектесу, ақшадай қаражат бөлу, жұмысқа орналастыру да өзі жаңа қаз тұра бастаған мемлекетке тым жеңіл емес еді. Соған қарамай, Елбасы «Нұрлы көш» атты бағдарламаны іске қосты, ол әлі жалғасын табуда. Бұл өзінің Отанында азайып қалған халыққа үлкен демеу болды.
20 жыл ішінде Қазақстанның ішкі саясатында да адам айтқысыз жаңалықтар орын алды. Ол республиканы қоныс еткен халықтардың бірлігі мен ынтымағын нығайту, азаматтық бейбіт тіршілікті жалғастыру шараларынан, халықтардың бір-біріне деген сенімі мен сыйластығын қалыптастырудан басталды. Бұл тұрғыда Қазақстан халқы Ассамблеясын ерекше атау орынды. Бүгін ол конституциялық статусқа ие мемлекеттік және азаматтық құрылымға айналды. Бұрынғы 1 мамыр мейрамы «Қазақстан халқының бірлігі күні» деп аталды. Кеңес өкіметі тарап, біраз жерлерде халықтар арасында қақтығыс, келісе алмаушылық орын алған тұста, Қазақстанда осындай шаралардың жүргізілуі тым батыл, ақылды шешілген мәселе болып табылды. Бұл Н.Назарбаевтың тікелей өз ойынан туған дүние. Қазір Ассамблея дүние жүзі мемлекеттерінің, Біріккен Ұлттар Ұйымының назарын аударып отыр. Олар мұны ұлттар арасында бірлік пен ынтымақтастықты дамытудың жаңа моделі деп қабылдауда.
Тәуелсіздіктің үлкен бір табысы есебінде қабылдануға лайық ендігі бір шара – қазақ тіліне мемлекеттік тіл есебінде мәртебе берілуі. Бұл – 1995 жылы қабылданған Қазақстан Конституциясында атап көрсетілді. 1997 жылы «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» заң қабылданды. Ұзақ жылдар қазақ тілінің қолданылу аясы әлсіреп кеткен қоғамда бұл мәселенің бірден шешіле қоюы оңай да емес еді. Соған қарамай, қазақ тілі шын мағынасында мемлекеттік тіл болуға бет түзеді. Қазақстан халқының ішінде қазақтар ең көп орынға шықты. Мұның ұлт тілін мемлекеттік дәрежеге көтере алатыны даусыз.
Ішкі саясаттағы тәуелсіздігімізді баянды еткен оқиғалардың қатарында Қазақстанның мемлекеттік туын бекіту, Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасы мен әнұранын қабылдау туралы іс-шаралардың өзіндік орны бар. Бұлар Қазақстан азаматтарының отаншылдық сезімін арттыруға, қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға зор көмек болғаны күмән тудырмайды.
Бүгін Қазақстан мәдениеті кең көлемді даму жолына шығып отыр. Қоғам алмасуы жағдайында күйреп қалған білім, ғылым жүйесі, денсаулық сақтау, мәдени ошақтар, шығармашылық одақтар бүгін қайта жанданды. Президент 2000 жылды «Мәдениетті қолдау жылы» деп атады да, Қазақстан мәдениетін көтеру шараларын бастады. Мемлекет сол жылдың өзінде бұл іске үлкен қозғалыс берді, кейін жыл сайын көлемді қаржы бөліп отырды. Елбасы Қазақстан мәдениетін жеке бір елдің мәдениеті есебінде емес, Батыс пен Шығысты жалғастырған үлкен мәдени көпір есебінде бағалап, оның дамуына ерекше қамқорлық жасады. 2004 жылы қабылданған атақты «Мәдени мұра» бағдарламасы Елбасының өз бастамашылығымен туды да, атқарылып жатқан шаралардың көлемі жағынан әлемдік сенсация болып табылды. Иә, сенсация. Өйткені, дәл мұндай ауқымды бағдарлама әлемде жоқ. С.Абдрахманов ана жылы маған мынандай әңгіме айтып еді. Ақпарат министрі қызметінде АҚШ-тың сол кездегі елшісі Э.Джонсты қабылдапты. Министрлік атқарып жатқан жұмыстарды айта келіп, «Мәдени мұра» бағдарламасының мәніне байланысты: «Қазақ фольклорының жүз томдығын шығару жоспарланып отыр», депті. Елшінің аудармашысы министр том санын жаңылыс айтқан болар деп ойлап, ол сөзді «он томдық» деп аударыпты. Кездесуге қатысып отырған министрлік қызметкері сыпайы түрде ағылшыншалап, «он том емес, жүз том» деп түзетеді. Сонда елші ханым хатты таңданғанын қайта-қайта айтумен болды, дейтін Сауытбек бауырым. Көрдіңіз бе?!
Бұл іске кірісерде Елбасы ұсынысымен мәдени-қоғамдық мәселелерге көңіл аударту мақсатында әрбір жыл нақты тақырыптарға арналды. Тарих жылы, Ақтаңдақтар жылы, Ұлттық татулық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, т.б. шаралар осылай туды. Тәуелсіздік алғаннан бері жаңа таным негізінде басылып келе жатқан 100 томдық «Бабалар сөзі» атты фольклорлық шығармалар жинағы, «Әдеби жәдігерлер», «Әлемдік философиялық мұра», «Әлемдік фольклористика», «Әлемдік әдебиеттану», «Әлемдік өнертану» сияқты көп томдық жинақтар мен «Қазақстан тарихы», «Қазақ халқының философиялық мұрасы», «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Қазақ өнерінің тарихы» сияқты зерттеулер жарыққа шықты. «Қазақтың 1000 дәстүрлі күйлері», «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» сияқты жинақтар басылды. Ұлттық мәдени мұра мен оған қатысты әлемдік әдебиеттің бұл сияқты үлгілерінің жинақталып оқырманға жол табуы осы көлемде бүкіл дүние тарихында бірінші рет Қазақстанда іске асуы қазір әлем елдерін таңқалдырып отыр. Осы үлкен істің бастамашысы да, оның орындалуын қадағалап, жүріп жатқан істі қозғаушы да Елбасы.
Елдің болашағы жас ұрпақ екенін ескере отырып, 1993 жылы Президент жаңа Қазақстан құратын мамандарды шетелдің алдыңғы қатарлы оқу орындарында дайындап алу үшін «Болашақ» бағдарламасын жасауды ұсынды. Содан бері бұл бағдарлама бойынша Қазақстанға 3338 маман оралып, шаруашылықтың сан саласында еңбектеніп жүр екен. Биылдан бастап, «Болашақ» жоғары білімі бар кадрларды білімін жетілдіру курстарынан өткізіп алу үшін пайдаланатын болды да, жоғары білімді жергілікті оқу орындарынан алу ұсынылды. Дүниежүзілік білімнің биік үлгісін таныта алатын Астанадағы Назарбаев Университеті шет елдердің алдыңғы қатарлы университеттерінің үлгісімен құрылды. Қазақстанның басқа да оқу орындарында білім сапасын көтеру, ғылыми университеттердің қатарын кеңейту қолға алынды. Соңғы он жылда білім саласын қаржыландыру 7,5 есеге өсті. Алдағы жылда білім мен ғылымға 900 млрд. теңге бөлу қарастырылып отыр. ЮНЕСКО 2011 жылғы бағдарламасында Қазақстанның 129 мемлекет ішінде алғашқы төрттің қатарына кіргені көрсетіліпті. Мұның бәрі Н.Назарбаев айтқан «адамзат биігін білекпен емес, біліммен бағындыру заманы туғанын» түсініп, сол бағытта қарқынды жұмыс атқарғанымыздың нәтижесі.
Ойланып қарасақ, өткен 20 жылдың әрқайсысы тәуелсіз жас ел үшін бір ғасырға тең жұмыс атқарыпты. Әр жылдың өз жүгі болса да, олар тұтасып келіп Қазақстанды биікке көтеретін алып еңбектің нәтижесін көрсетеді. Экономиканы көтерудің, халықтың тұрмыс-күйін жақсартудың, қоғамды демократияландырудың қағидаттары елімізде саяси әлеуметтік, қоғамдық қатынастардың жаңа түрін туғызды. Ел жаңарды, елмен бірге адам өзгерді, мемлекеттік және жеке меншік ұйымдардың қызметі тұрақтады. Қазақстанда іске асқан өзгерістердің барлығы Елбасының бастауымен жүрді де, жалпыхалықтық қолдауға ие болды. Президент шешімінің орнықтылығы оның көреген саясатынан туындады.
Біздің Президентіміз – өз адамымыз. Көз тартар тұлғасы да, алымды ойы да бар, пікірі ашық, алды-артын барлай алатын көреген де көсем, қазақы қонақжай мінезді, рухы жоғары, ойлағанын іске асыра алатын тегеурінді тұлға. Ұзаққа баратын елге мұндай сенімді басшы керек. Нұрекеңмен біздің жолымыз ашық. Онымен бірге еліміз осы қарқынмен, «алты айшылық жолды алты-ақ аттауға» дайын.
Соңғы айтарым мынау. Қазақта: «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», деген сөз бар. Тәлімді, өмірге сабақ болатын сөз. Біз Елбасының еңбегі жайлы айтқанмен, оған лайық марапат ұсынуды ойға алмаймыз. Қазақстан Президентінің еліне сіңірген еңбегі – біздің қай-қайсымыздан да артық. Қатардағы еңбекқорлар ішінен Қаһарман да, Еңбек Ері де шығып жатыр. Ал еңбегі бәрінен артық адамның ауызға алынбауы – әділдік емес. Әсіресе мынандай торқалы той тұсында! Еліміздің Тәуелсіздік алуының 20 жылдығында Елбасының халық алдындағы еңбегіне баға беру – бәріміздің борышымыз. Нұрсұлтан Әбішұлы қандай да болсын биік марапатқа лайық екені анық.
Мереке құтты болсын, ағайын!
Серік ҚИРАБАЕВ, Ұлттық Ғылым академиясының академигі.
Алматы.