• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Наурыз, 2018

Семейде Ертістің ағысын ертерек жүргізу жұмыстары жалғасуда

403 рет
көрсетілді

Семейде төтенше жағдай жарияланып, тасқын су салдарынан болған шығынды анықтайтын арнайы комиссия жұмысын бастады. Бүгін тағы да жарылыс жұмыстары жүреді деп жоспарлануда. 

Кеше жарылғыш заттың барлығы қолданылды. Түні бойы Өскемен қаласынан қосымша жарылғыштар әкелінбек. Осының барлығы да мұзды ойып, суды еркін әрі дұрыс бағытта жіберу үшін жасалып жатқан шаралар. Бас кезінде қаланың бір шетіндегі Түйемойнақ аралының үйлері суда қалса, одан кейін Мирный, Шығыс кенттерінің көшелеріне де су жайылып кетті.  Судың деңгейін төмендетудің барлық шарасын жасауды мақсат қып алған қала басшылығы мұзды жаруды әлі де дұрыстап қарастырмақ.

- Мұзды жардық, сөйтіп Ертісті ертерек жүргізуді жобаладық, - деді қала әкімі Ермак Сәлімов, - бірақ, өкінішке қарай, мұздың үлкен кесегі тері зауыты аумағында тұрақтап қалған. Міне, осы себептен қаланың Затон аумағы да суда қалып отыр. Сөйтіп, бұл ағыс бойындағы Бобровка мекеніне де жетті. Затонда сонымен 75 үй су астында қалып отыр. Бобровкада 150 саяжай осы халге түсті. 235 адам бұл жерден көшірілді. Бірақ, адамдар жағдайдың ауыр екенін ұға алмай, үйлерін тастап кеткісі жоқ. Десек те, судың астында қалмас үшін біз автобустарды дайындап қойдық. Жергілікті қонақ үйлерде орындар дайын тұр.

Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов тікұшақ арқылы Ертістің қалың мұз құрсауланған тұстарын шолып өткен. Бір емес, екі рет биіктіктен шола  қараған кезде Ертістің ағысы еркін кету үшін қаланың сырт емес, ішкі тұсында мұзды жару қажеттігі анықталыпты. Бұл тері зауытының жанындағы «Парус» дүкенінің тұсы. Сонымен бұл тұстағы мұз өте қалың болғандықтан, аз қуаты бар жарылғыш зат бұл мұзды оя алмас еді, дейді қала басшысы, сондықтан да, қуаты күшті жарылғышты іске қосқан. Қалыңдығы 120 см мұз жарылған кезде қасындағы көппәтерлі үйлерге зақым тиген.

- Жергілікті тұрғындар Ертіс маңына толып алып, қалай жарылатындығын тамашаламақ болды,-деді Ермак Сәлімов,-бірақ, ТЖ қызметкерлері мен полиция оларды таратуға тырысты. Өйткені мұздың ойылған бөлігінің астында қалуы мүмкін еді. Адамдар аман-есен, бірақ, үйлерінің терезелері сынып кетті. Қазір келген шығынды анықтау  үшін комиссия жұмыс істеп жатыр. Барлық шығындар өтеледі.

Раушан Нұғманбекова,

суреттер автордыкі.

Семей