Наурыз айының соңғы күндері Оңтүстік Қазақстан облысында көктемгі ауа райы жұрт көлеңке іздейтіндей ысыған болатын. Содан да болар саудасы жыл бойы үзілмейтін балмұздаққа тәбеті тартқандардың саны өскен. Кешегі жұмадағы жұртты елең еткізген оқиғаға да дәрігерлер осы балмұздақты себепкер етуде.
Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына бейсенбіден бастап жедел ішек инфекциясы және улану диагнозымен аурулар түсе бастаған. Науқастардың басым бөлігі дәрігерлер көмегіне түнде жүгінген. Сөйтіп жұма күні түске дейін 39 науқас ауруханаға жатқызылған. Осы оқиғаға байланысты өткізілген брифинг Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Иманалина науқастардың 21-і –ересек, 11-і – он төрт жасқа дейінгі бала және 7-еуі – жасөспірім екенін мәлім етті.
«Уланғандардың арасында жансақтау бөлімінде жатқызылған екі жасөспірім бала бөлімшеге ауыстырылды. Қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде жүкті әйел ғана жатыр. Барлық науқастың жағдайы тұрақты, оларға тиісті ем-дом көрсетілуде. Ауруханада төсек орындары жеткілікті. Алғашқы сараптаулар нәтижесінде науқастардың дәмханада балмұздақ жегені анықталып отыр. Науқастар бір мезгілде түскен жоқ. Кейбірі 1-2 күн бұрын денсаулықтарының сыр бере бастағанын айтуда», - дейді ол.
Жүкті әйелдің денсаулығы дәрігерлердің жіті қадағалауына алынған. ОҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Жұмағали Медетовтің мәлімдеуінше, осы жағдай бойынша тексеру жұмыстары басталыпты.
«Департаментке жұма күні сағат 10:23-те Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасынан «жіті ішек инфекциясы», гастроэнтерит диагнозымен науқастар түскені жөнінде хабар келді. Берілген хабарламада науқастардың көбі Шымкент қаласындағы «Южное» дәмханасының киоскісінен балмұздақ жеген деген мәлімет келтірілген. Сол бойынша біз облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің, қаланың аудандық басқарма мамандарынан, облыстық зертхана мамандарынан бригада құрдық. Олар ауруханаға түскендер мен балмұздақты сатып алған жерге, өз құзіреттері шеңберінде, толық тексеру жұмысын жүргізіп жатыр. Сол жерде жұмыс істейтіндерден сараптама алынды. Бір бригадамыз жұқпалы аурулар ауруханасындағы әр науқаспен жеке-жеке сөйлесіп, мәселенің себебін анықтауда. Олардың жеміс дәмдес құйылмалы балмұздақ жегені белгілі болды. Тексеру қашан бітеді, сол кезде қорытындысын хабарлаймыз», - деді Жұмағали Медетов. Сондай-ақ ол сараптама қорытындысы алдағы үш күнде белгілі болатынын айтты.
Уланғандар саны жөніндегі мәлімет жұма күні кешке қарай өзгерді. Облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі балмұздақтан уланғандардың саны 41 адамға жеткенін мәлім етті. Азаматтардың жаппай улануы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Шымкент қалалық ІІБ Әл-Фараби аудандық полиция бөліміне жұқпалы аурулар ауруханасынан 41 адам балмұздақтан уланғаны туралы хабарлама келіп түсті. Аталған жайт Әл-Фараби полиция бөлімінде сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне «санитарлық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу» бойынша тіркелді. Сараптама тағайындалды. Полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтауда», делінген департамент хабарламасында.
Ал Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің баспасөз қызметі уланған адамдардың барлығы жеке кәсіпкерге тиесілі сауда нүктесінен жеміс дәмдес балмұздақ жегенін, алдын ала болжамға сәйкес, балмұздаққа арналған қоспа үй жағдайында жасалғанын хабарлады. Айта кетелік, жағдайды Денсаулық сақтау министрлігі өз бақылауына алған.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, «Егемен Қазақстан»