• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 31 Наурыз, 2018

Парламент депутаттары Атырау облысындағы бірқатар нысанды аралады

475 рет
көрсетілді

Мәжіліс депутаттары Бақтықожа Ізмұхамбетов пен Жексенбай Дүйсебаев, Сенат депутаты Ғұмар Дүйсембаев жұмыс сапарымен Атырау облысына келді, - деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.

Жұмыс сапары барысында депутаттар Махамбет ауданындағы әлеуметтік және өндірістік нысандармен танысты.

«Алмалы құс» құс фабрикасы аймақтағы ірі өндірістік нысандардың қатарынан саналады. Мекемеде 100-ден астам қызметкер бар, үш цехта тәулігіне 150 мың жұмыртқа өндіріледі. 2017 жылдан 2018 жылдың наурызына дейін құс фабрикасында 50 мың тонна құс еті өндірілді. Мекеме басшысының айтуынша, өндіріс қуатын ұлғайту үшін қосымша жабдықтар алып, тағы бір цехты іске қосу керек.

-Қазір қолданыстағы үш цехтан шыққан өнімдер Махамбет ауданы мен Атырау қаласындағы дүкендерді жұмыртқамен, құс етімен қамтып отыр. Өндіріс көлемін көбейтіп, қызметкерлердің жұмыстарын жеңілдету үшін жаңа жабдықтар іске қосылып жатыр, - дейді құс фабрикасының директоры Виктор Пацц.

Депутаттар «Бөдене» құс фабрикасының да жұмысымен танысты. Фабрикада 6230 бөдене бар, күніне 1700 бөдене жұмыртқасы шығарылады, олар облыс мектептеріне жеткізіледі.

Депутаттар «Бірінші мамыр» сүт фабрикасында да болды, мұнда 1100 асыл тұқымды голланд сиырлары бар. Күніне 27 түрлі сүт өнімдерін өндіреді. Бір асыл тұқымды сиыр жылына 6400 литр сүт береді.

Махамбет ауданына жұмыс сапары кезінде депутаттар Жайық өзені үстінен салынып жатқан көпір құрылысын барып көрді. Жаңа нысан Махамбет, Индер аудандары арасындағы көлік қатынасын реттеп, облыс орталығын кептелістен босатады.

Халық қалаулылары, сондай-ақ, Махамбет ауданы тұрғындарымен кездесіп, мемлекет басшысының Бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асырудың басты қағидаларын талқылады. Жұртшылықпен жүздесуге облыс әкімі Нұрлан Ноғаев та қатысып, Елбасы бастамасының маңыздылығы жайында айтты және жергілікті атқарушы органдар тарапынан оны жүзеге асыру бағытында жасалып жатқан жұмыстарды баяндады.