10 сәуір күні «Астана Операның» Камералық залында «Мәңгілік вена классикасы» шырқалады. Австриялық ұлы композиторлардың туындылары дирижер Эльдар Сапараевтың жетекшілігімен «Астана Опера» Камералық оркестрінің орындауында көрермен назарына ұсынылатын болады. Солист – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр оркестрінің солисі, керемет скрипкашы Бағдат Әбілханов, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Кеш бағдарламасына В. А. Моцарттың ғажайып, демократияшыл әрі пәлсапалық «Сиқырлы флейта» операсына жазылған көңілді де шуағын шашқан увертюра енді. Дәстүрлі зингшпиль жанрында жазылған ертегі-опера музыкалық театрдағы ең танымал спектакльдердің біріне айналды. Мәнерлі тәсілдерінің молдығы, гуманистік мазмұны мен шабытқа толы әуенділігі арқасында шығарма барлық әлемдік опера сахналарында салтанат құрды.
Сондай-ақ, музыканттар Й. Гайднның № 85 симфония си-бемоль мажорын ұсынады. Австриялық классиктің шығармашылығына табынушылар бұл туындыны «Патшайым» деп атап кеткен, себебі аталған симфонияны француз патшайымы Мария-Антуанетта ерекше сүйіп тыңдаған. Й. Гайднның музыкасындағыдай, оның дүниетанымында да өмірге деген үйлесімді әрі айқын көзқарас басым, соның нәтижесінде симфонияны жүйелі, бейнелі, қанық түрде өзгермес сенімділік пен жарасымды әзіл сипаттайды.
«Астана Опера» Симфониялық оркестрінің солисі Бағдат Әбілхановтың орындауында В. А. Моцарттың ең атақты скрипкалық концерті – оркестрмен скрипкаға арналған № 5 концерт ля мажор шырқалады.
- В. А. Моцарттың скрипкаға арналған бесінші концерті – кемеңгер композитор шығармашылығының нағыз жауһары, XVIII ғасырдағы концерт стилінің асқар шыңы. Туынды өзіндік ерекшелігімен, ғажайып құрылымымен, театрлығымен, асқақ жалынымен, әсемдігімен және қулығымен өзгешеленеді. Бірегей үшінші бөлігінің арқасында концерт «Түрік» атауына ие болған. Сол замандағы қалыптасқан «жақсы мінез ережесіне» қарамастан, кербез менуэтте (көне француз биі) кенеттен халық арасынан шыққан «көше» кейіпкері – сол уақытта сәнге айналған «түрік» музыкасына еліктеп, биге басқан сыған пайда болады. Концерттің соңы шығармашылық рухтың еркіндігін мадақтайтын батыл серпіліс болды, - деп атап өтті Бағдат Әбілханов. Концерттің басталуы сағат 19:00-де.