• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 02 Сәуір, 2018

Сенат депутаттары Астанадағы жылу электр орталығын аралады

298 рет
көрсетілді

Сенат депутаттары Астанадағы «Астана-Энергия» кәсіпорнының екінші жылу электр орталығының жұмысымен танысты.

Іс-шараға Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева және комитеттің бірқатар өкілдері қатысты. Сенаторлар кәсіпорын нысандарын аралап, басқару тиімділігі, экология секілді келелі мәселелерге тоқталды.

«Баламалы энергетика – болашақ кепілі. Біз оған ұмтылуымыз қажет. Бұл денсаулығымыз үшін қажет. Әйтсе де, мәселе халықтың таза ауа үшін қаншалықты төлеуге дайын екеніне байланысты», деді Д.Назарбаева.

Комитет төрағасы Д.Назарбаева отын көлемін үнемдеуге мүмкіндік беретін инновациялық технологияларды енгізу жөнінде сұрады. Сенатордың пайымдауынша, үнемшіл болмауы себебінен артық жылу далаға кетіп жатыр. Сондай-ақ кәсіпорын жұмысшыларын тұрғын үймен қамтамасыз ету секілді бірқатар өзекті мәселелерге назар аударды.

Депутаттар сауалына орай Астана әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметов: «Ауа райының болжамы бойынша -35 градус болса, ЖЭО-ға 120 градус беріледі. Алайда таңертең температураның күтілген деңгейден жоғары екенін көреміз. Сондықтан су ағындарын реттеп, жылу транзиттері температураны бақылап отыратын автоматты басқару бағдарламасы әзірленуде», деді.

Сонымен қатар Д.Назарбаева кәсіпорынның қала келбетіне кері әсер тигізіп отырғанын да атап өтті. Қ.Айтмұхаметовтың сөзіне қарағанда, биыл ауа зиянды шығарылым көлемі азаяды. Нәтижесінде экология 30-40 пайызға тазара түспек.

Бұдан кейін сенаторлар кәсіпорын жұмысшыларымен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді. Д.Назарбаева «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» айтылған басымдықтарға тоқталып, мамандарды кәсіби біліктілігін арттыруға шақырды.

Жалпы, «Астана-Энергия» 2004 жылы құрылған болатын. Оның құрамына ЖЭО-1 және ЖЭО-2 кіреді. Қазіргі таңда ЖЭО-2-нің 13 қазандығы 5 турбинасы бар. Оның электр қуаты – 480 мВт , ал жылу қуаты – 1918 Гкал.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»