Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа арнаған әр Жолдауы, мақаласы және Үндеулері – аса өзекті, стратегиялық маңызға ие тарихи саяси құжаттар.
Парламент палаталарының бірлескен отырысында өз отандастарына арнаған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуі бұған дейінгі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы мен «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының заңды жалғасы. Үндеудегі бес бастаманы жоғарыда аталған бағдарламалардағы міндеттердің орындалуын қамтамасыз ететін тетіктер деуге де болады. Өйткені, бұл бастамалар негізінен халықтың, оның ішінде еліміздің келешегі жастардың әлеуметтік проблемаларын шешуге арналған.
Үндеудің бірінші бастамасы «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» деп аталады. Бұл бастамасында Елбасы баспана алудың «7 – 20 – 25»бағдарламасын ұсынған. Бағдарламаға сай несиеге алынған қаражаттың үстемақысы 14-16 пайыздан 7 пайызға дейін төмендеп, банкке төленетін бастапқы жарна 30-50 пайыздан 20 пайызға дейін қысқарған. Ал толық төлеу мерзімі 10-15 жылдан 25 жылға дейін ұзартылмақ. Әрине бұл шара қарапайым азаматтар мен енді ғана шаңырақ көтерген жас жұбайлар үшін үлкен көмек болады.
Елбасының 2019 жылдан бастап, жалақы мөлшері 60 мың теңгеден аспайтын азматтардың табыс салығын 10 есеге дейін қысқарту туралы ұсынысы да көпшіліктің көңілінен шығып, қолдауына ие болып отыр. Сондай-ақ Президент Үндеуінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз жүрген азматтар үшін шағын несие беру тетіктері, елді көгілдер отынмен қамтамасыз ету мәселесі де ұмыт қалмаған.
Еліміздің студенттері мен ұстаздар қауымы білім алудың мемлекеттен бөлінетін гранттар санының 20 мыңға дейін ұлғайтылатындығын зор тебіреніспен қарсы алды десек артық айтқандық болмас. Сөз жоқ, бұл шара жоғары білім алуды қолжетімді етудегі игі бастама болмақ.
Сондай-ақ Президенттің Үкіметке 2022 жылдың соңына дейін 75 мың орындық жаңа жатақханалар салуды тапсыруын, оның студент жастарға деген әкелік қамқорлығының шынайы көрінісі деп білуіміз қажет.
Сүйікті Отанымыздың халықаралық бәсекеге қабілеттілігі, оның гүлдене өркендеп, әлемнің мейлінше дамыған 30 елінің құрамынан көрінуі жастардың қолында. Елбасының биылғы Жолдауында көтерілген төртінші өнеркәсіптік революцияны жүзеге асыру терең білімді, жоғары білікті мамандарсыз тіпті де мүмкін емес. Қоғамның негізі қозғаушы күші болып табылатын сол мамандар, біздің бүгінгі студентер. Міне, сондықтан да Президент студентердің әлеуметтік жағдайын бір мезет те назардан тыс қалдырған емес.
Халқына арнаған өз Үндеуін Президент: «Бүгінгі бастамалар еліміз тұтас, қоғамымыз тұрақты болса ғана табысты жүзеге асады. Ал ел бірлігі – ең бірінші қазақтың бірлігі. Жаһандық көштің басында жүретін мерейлі ел болу үшін, бірлік пен ынтымақ алдымен өзімізге – қазаққа керек», деп түйіндеді. Елбасының бұл жерде сирек те болса байқалып қалатын рушылдық, жершілдік деген келеңсіз құбылыстарды меңзеп отырғандығы айтпаса да түсінікті.
Ынтымақ пен бірлігімізді көзіміздің қарашығындай сақтап, ту етіп ұстайық, қадірлі ағайын!
Саттар ҚУАШБАЙ, экономика ғылымдарының докторы, профессор