Елдің даму деңгейі Қазақстанның тек табиғи ресурстары, өндіріс-өнеркәсіп орындары ғана емес, алдымен кәсіби біліктілігі жоғары, жаңа технологиялармен жұмыс істей алатын, қабілетті кадрлар даярлайтын біздің білім қуатымызға, ғылыми әлеуетімізге сенім артылып отыр.
Расында да біздің еліміз өзінің экономикалық жетістіктері мен саяси тұрақтылық, қоғамдағы ішкі келісімнің өзіне ғана тән моделімен, басқа да жетістіктерімен көзге түсті. Ал өзінің білім берудегі жемістері мен ғылыми табыстарынан үлгі көрсететіндей кезеңге келдік деп айтуға әлі ерте. Біз білім беру саласын реформалауды толық жүзеге асырып болған жоқпыз. Бұл ұзақ мерзімді стратегиялық бағыт. Қазақстанда білім берудегі мемлекеттік талаптардың бірегейлігі, жоғары білім берудің көп деңгейлілігі, білім берудің сапасын арттыру мен әртараптандыру, білім жүйесін басқаруды демократияландыру, мемлекеттік жүйе мен жеке сектордың бәсекелестігі, ақылы білім беруді несиелеу, тағы басқа сипаттары негізінен бір жолға қойылды деп айтуға болады. Ал қазақстандық білім жүйесін әлемдік білім кеңістігіне интеграциялауда, жоғары білімді ақпараттандыруға, білім ошақтарын жаппай компьютерлендіру іске асса да оны оқытудың жаңа технологияларын енгізуде әлі де орындалмаған міндеттер бар.
Бүгінде экономикалық, әлеуметтік, мәдени және басқа маңызды салаларда әлемдік деңгейде алдыңғы қатардан көріну халқының интеллектуалдық әлеуеті жоғары мемлекеттердің меншігінде ғана екені «айдан да анық» болып отыр. Білімін әлемдік деңгейге жеткізбей мемлекеттің дамыған елдер қатарынан орын ала алмайтындығы дәлелдеуді қажет етпейтін шындыққа айналды.
Кемел келешектің иелері, бүгінгі мамандарды дайындап жатқан оқу орындарына жүктеліп отырған жауапкершілік жүгі мол.
Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс» деген болатын.
Олай болса бұл мәселе – еліміздегі жоғары оқу орындарының әлемдік стандарттар деңгейінде білім беруге бағытталған, адами капиталдың сапасын арттыру жолындағы мемлекеттік міндет.
Жастардың өз мамандығын шебер меңгеруіне жағдай жасап, патриоттыққа, жасампаздыққа, азамат болуға үйрету – ортақ парыз. Ал сапалы білім беру үшін, біріншіден, студенттің өзінің білімге деген құлшынысы, екіншіден, профессорлық-оқытушылық құрам деңгейінің жоғарылығы, үшіншіден, оқу-тәжірибелік, ғылыми зертханалар заман талабына сай жарақтандырылып, сонымен қатар теория мен кәсіби тәжірибе қатар жүруі тиіс. Осы төртеу түгел болса, кадр тәрбиелеуде үлкен жетістіктерге жетеріміз анық.
Әлемдік нарық жүйесінде бәсекелестікке түсе алатын, түрлі, соның ішінде техникалық мамандықтарды шебер меңгерген менеджерлер дайындау арқылы, Қазақстан ұлттық менеджерлерінің имиджі әлемге танылуы тиіс.
Жоғары білімді кадрларды тек қалаған мамандығы бойынша оқытып қана қоймай, олардың шет тілдерді, соның ішінде ағылшын тілінде іскерлік қатынастарды, еліміздің адам ресурстарының сапасын арттыруға, мамандығын шебер меңгерген жан-жақты кадр дайындауға қол жеткізуіміз керек.
Сембіғали ЗӘКЕНОВ, техника ғылымдарының докторы, профессор
Маңғыстау облысы