Елімізде денсаулық сақтау саласын ақпараттандыру жобасы басталды. Бүгінде Ақмола, Қостанай, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарында қанатқақты жоба бойынша медицина мекемелерін ақпараттандыру тәжірибесі жүруде.
Денсаулық сақтау министрлігінде арнайы Денсаулық сақтауды цифрландыру департаменті құрылып, нақты жұмыс басталса, өңірлерде де аз уақыт ішінде қыруар шара атқарылған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаевтың айтуынша, өңірдің медициналық ұйымдарында «Kazmedinform» медициналық ақпараттық жүйесі, қаланың 6 емханасында электронды кезекті басқару жүйесі, жедел медициналық жәрдемді басқарудың «АДИС» автоматтандырылған жүйесі енгізілген.
Дәрігерге – смартфонмен
Бүгінде Оралда дәрігердің қабылдауына қалтаңыздағы смартфон арқылы жазылуға болады. Бұл үшін k-vrachu.kz мобильді қосымшасын PlayMarket, App Store «дүкендері» арқылы Android, iOS операциялық жүйесінде жұмыс істейтін мобильді құрылғыларға тегін жүктеп алу керек. 2017 жылдың қараша айында басталған бұл мобильді қосымшаны бүгінге дейін 1742 адам пайдаланыпты.
Мобильді қосымшаның мүмкіндігі көп: бұл арқылы дәрігердің жұмыс кестесімен танысуға, тұрғылықты жері бойынша тіркелген учаскені анықтауға, дәрігер карточкасын қарауға, облыстың медициналық ұйымдарын қарауға және оны картада табуға, дәрігердің қабылдауына жазылуға және қажет болған жағдайда жазылуды өзгертуге болады. Қосымшада сондай-ақ Push хабарламалар және дәрігерге бару жөнінде ескерту функциялары бар.
Дәрігердің қабылдауына жазылуға арналған k-vrachu.kz веб-порталын бүгінде 5344 адам пайдаланған. Бұл веб-портал арқылы тұтынушы тіркелген учаскені іздеп табады, дәрігердің (жалпы тәжірибелік дәрігер) қызмет көрсететін ауданын көреді, дәрігер қабылдауына онлайн түрде жазылады, дәрігердің кестесін, оның біліктілігін көре алады, тіпті дәрігерге өз бағасын бере алады. Облыста биылғы қаңтар-ақпан айларында алдын ала жазылу бойынша 319652 пациентке қызмет көрсетіліпті. Бұлардың ішінде 588 пациент дәрігердің қабылдауына мобильді қосымша арқылы жазылған.
Қағаз толтыру қалып барады
Өңірде емханалар бойынша қазірдің өзінде 644170 электронды амбулаторлық карта қалыптасты. Медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарында кезекті азайту үшін Орал қаласының барлық емханаларында «Электронды табло» электронды кезекті басқару бағдарламасы енгізілді. Қаланың алты емханасында және «Деркөл» дәрігерлік амбулаториясында «Казмединформ» медициналық ақпараттық жүйесімен интеграцияландырылған электронды кезекті басқару жүйесі (ЭКБЖ) енгізілді. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап осы бағдарлама арқылы 188 403 пациентке қызмет көрсетілді.
Қазірдің өзінде Оралдағы 6 емхананың бесеуі медициналық құжаттаманы қағазсыз жүргізуге көшті. «Денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық құжаттаманы қағазсыз жүргізуге көшу жөніндегі қанатқақты жобаны енгізу туралы» министрдің бұйрығына орай облыста қағазсыз құжаттама жүргізуге көшкен мекеме саны 54-ке жетті. Оның ішінде облыстық тері-венерологиялық диспансер, облыстық психикалық денсаулық орталығы, облыстық клиникалық аурухана, облыстық наркологиялық диспансер, облыстық онкологиялық диспансер, облыстық кардиологиялық орталық, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы, Зеленов, Қаратөбе, Тасқала, Теректі аудандық орталық ауруханалары, «Орал» облыстық туберкулезге қарсы ауруханасы, «Ивушка» балалар туберкулезге қарсы шипажайы, «Қарағайлы» туберулезге қарсы шипажайы бар. Осы жүйенің арқасында стационар дәрігері медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін ұйымдардың барлық жазбаларын көре алады. Ал дәрігер бұл жүйеге электронды-цифрлы қолтаңба арқылы авторизацияланады.
Әр минуттың қадірі
Аталған өзгерістер нақты қандай нәтиже береді? Әрине ойға алған мақсатқа бірден жету қиын. Кейде қателіктер де кездеседі. Бірақ салаға ақпараттық технологияның соңғы жаңалықтарын енгізу күн тәртібіндегі мәселе екеніне ешкімнің күмәні жоқ. Мысалы, денсаулық сақтау жүйесін ақпараттандыру шеңберінде облыстық жедел медициналық жәрдем қызметі онлайн режімде жұмыс істеуі үшін ситуациялық орталық орнатылып, жедел медициналық жәрдемді басқарудың автоматтандырылған жүйесі жаңғыртылды.
– Бұл бізге науқасқа жету уақытын 12 минуттан 9 минутқа дейін қысқартуға, сонымен бірге диспетчерлік қызметке келіп түскен шақыртуды өңдеу уақытын 5 минуттан 3-4 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Ауруханаға дейін қайтыс болу жағдайы 0,8 промилиден 0,4 промилиге дейін төмендеді. Қалалық жедел жәрдем стансасы 24 дана мобильді АРМ (планшеттермен) жарақталып, 100% қамтылды. Облыстағы барлық 138 санитарлық автокөлік GPS-мониторингке қосылды, – дейді Қанат Төсекбаев.
Жыл басынан бері жаңа бағдарлама бойынша 16918 шақыртуға қызмет көрсетілген. Жаңа жүйе облыс бойынша жедел медициналық жәрдем бригадаларының геолокациясын көріп отыруға мүмкіндік береді. Диспетчер шақырту туралы ақпаратты (шақыртудың себебі, пациенттің аты-жөні, мекенжайы) оқиға орнына ең тез жететін бригаданың планшетіне жібереді.
Жабдық және интернет
Медициналық зертханалық-диагностикалық жабдықтарды медициналық ақпараттық жүйелерге интеграциялау жұмысы өңірде қызу жүріп жатыр. Облыс бойынша зертханалық-диагностикалық жабдықтардың жалпы саны 760 дана болса, ақпараттық жүйеге 70-і қосылды, енді 29 жабдық әзір тұр.
Инфрақұрылымдық индикаторлар бойынша бүгінгі таңда медициналық ұйымдар 4477 компьютермен жарақталған. Өңірде 2016 жылы 1064 дана (152,3 млн теңге), 2017 жылы 656 дана компьютерлік техника сатып алынды. Жаңа техника алу жергілікті бюджет қаражаты (162,5 млн теңге) және медициналық ұйымдардың өз қаражаты есебінен жүргізілді. Бүгінде облыстың медициналық ұйымдарының компьютерлік техникамен жарақталуы 100%-ды құрайды.
Облыста 394 медициналық нысанның ішінде жалпы саны 120 нысан – шекара маңындағы шалғай аудандардың медициналық пунктері, фельдшерлік-акушерлік пунктер интернет желісіне қосылмаған. Бұл барлық нысанның 30%-ы екен. Әрине көп. Қазіргі кезде «Қазақтелеком» АҚ облыстағы 91 ұйымды кең жолақты интернет желісіне қосу бойынша жұмыс бастады. Бұл жоспар жүзеге асқанда медициналық ақпараттық жүйелермен үздіксіз жұмыс істеу мүмкіндігі туады. Сонымен қатар облыста сапалы интернет байланысымен қамтуды 100%-ға жеткізу үшін «Қазақтелеком», «Astel» АҚ кең жолақты интернетке және спутниктік байланыс арқылы қосылу жұмыстарын жалғастыруда. Медициналық ақпараттық жүйелермен жұмыс оффлайн түрде де (СД-дискілер, флэш карталар арқылы жазып алу) жүзеге асырылып жатыр.
Қандай нәтиже күтеміз?
– Өңірдегі емханаларды, жалпы облыстың денсаулық сақтау саласын ақпараттандырудан күтетін нәтиже көп, – дейді Қ.Төсекбаев. – Мысалы, медициналық құжаттаманы жүргізуге жұмсалатын еңбек шығыны 63,40%-ға азаяды, карталардан үзінді-көшірме беруге жұмсалатын қаржы шығындары 63,40%-ға төмендейді. Зертханалық зерттеулерге кететін шығын 22,40%-ға, дәрілік препараттарға жұмсалатын шығын 15%-ға, радиологиялық зерттеулер шығыны 14%-ға үнемделеді. Стационар бойынша медициналық құжаттаманы жүргізуге жұмсалатын еңбек шығыны 70%-ға төмендеп, медициналық құжаттаманы жүргізуге жұмсалатын қаржы шығыны 70%-ға азаяды. Зертханалық зерттеулер шығыны – 11,80%, дәрілік препараттарға жұмсалатын шығын 15%-ға азайыпты. «Науқасты емдеуге жатқызу мерзімі қысқаруынан орта есеппен 30% пайда болды», дейді сала басшысы. Осы жұмыстар нәтижесінде 2018 жылдың қаңтар-ақпан айларында жалпы есеппен 485 млн теңге қаржы үнемделген.
Өңірдегі денсаулық сақтау саласы 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында қағазсыз ауруханаға толық көшетінін мәлімдеп отыр. Сондай-ақ ауруларды басқару бағдарламасы биыл толық цифрландырылмақ. Бұған қоса халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын барынша жандандырып, порталды пайдаланушылардың санын ұлғайту жоспарда тұр.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы