• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 03 Сәуір, 2018

Сенат депутаттары жылу орталығында болды

223 рет
көрсетілді

Сенат депутаттары Астанадағы «Астана-Энергия» кәсіп­ор­ны­ның екінші жылу электр орталығының жұмысымен танысты.

Іс-шараға Сенаттың Халық­ара­лық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төр­ағасы Дариға Назарбаева және комитеттің бірқатар өкіл­дері қатысты. Сенаторлар кәсіпорын нысандарын аралап, басқару тиімділігі, экология секілді келелі мәселелерге тоқталды.

«Баламалы энергетика – болашақ кепілі. Біз оған ұмты­луымыз қажет. Бұл денсау­лы­ғы­мыз үшін қажет. Әйтсе де, мә­селе халықтың таза ауа үшін қан­шалықты төлеуге дайын еке­ніне байланысты», деді Д.Назар­баева.

Комитет төрағасы Д.Назар­баева отын көлемін үнемдеу­­ге мүмкіндік беретін инно­вация­лық технологияларды ен­гізу жөнінде сұрады. Сенатор­дың пайымдауынша, үнемшіл бол­маудың себебінен артық жылу далаға кетіп жатыр. Сондай-ақ ол кәсіпорын жұмысшыларын тұр­ғын үймен қамтамасыз ету се­кілді бірқатар өзекті мәсе­ле­лерге назар аударды.

Депутаттар сауалына орай Ас­тана әкімінің орынбасары Қос­ман Айтмұхаметов: «Ауа райы болжамы бойынша  – 35 гра­дус болса, ЖЭО-ға 120 гра­дус бері­леді. Алайда таңер­тең тем­пера­тураның күтіл­ген деңгейден жоғары екенін көреміз. Сон­дықтан су ағындарын реттеп, жылу транзиттері температураны бақылап отыратын автоматты басқару бағдарламасы әзірленуде», деді.

Сонымен қатар Д.Назарбаева кәсіпорынның қала келбетіне кері әсер тигізіп отырғанын да атап өтті. Қ.Айтмұхаметовтің сө­зі­не қарағанда, биыл ауаға зиян­ды шығарылым көлемі азая­ды. Осының нәтижесінде эко­логия 30-40 пайызға тазара түспек.

Бұдан кейін сенаторлар кәсіпорын жұмысшыларымен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді. Д.Назарбаева «Президенттің бес әлеуметтік бас­тамасында» айтылған басым­дықтарға тоқталып, маман­дарды кәсіби біліктілікті артты­руға шақырды.

Жалпы, «Астана-Энергия» 2004 жылы құрылған болатын. Оның құрамына ЖЭО-1 және ЖЭО-2 кіреді.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»