• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Сәуір, 2018

«7 – 20 – 25»: Әрбір отбасын баспанамен қамтудың жаңа мүмкіндігі

624 рет
көрсетілді

Адамның тұрмыс деңгейінің сапасын айқындайтын негізгі жетістіктерінің бірі қолайлы баспана болып табылады. Сондықтан Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен тәуелсіздік алған жылдары еліміздің тұрғын үй құрылысы индустриясын дамытуға барынша басымдық беріліп келеді. 

Соңғы жылдардағы тиімді әлеуметтік экономикалық қайта құрулар барысында елімізде жан-жақты дамыған тұрғын үй рыногы қалыптасты. Міне осындай басымдықтар барысында тек өткен 2017 жылдың өзінде ғана 11,2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Алайда тұрғындарды қолжетімді пәтерлермен қамтамасыз ету мәселесіндегі жылдар бойы қордаланған қиындықтарды жеңілдетуде мұның бәрі жетімсіз болып отыр. Баспана тауқыметін тартып, қолжетімді пәтер кілтіне ие болу үшін үміттерін үкілеген қазақстандықтар қарасы әлі де қалың. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­­тың биылғы наурыз айын­­дағы «Президенттің бес әлеу­­меттік бастамасы» атты халық­қа арнаған Үндеуі қарапайым тұрғындардың қолайлы жаңа пәтерлерге қол жеткізу мүм­кін­дігіне барынша тиімді жол ашты. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы еліміздегі тұрғын үй құрылысының даму қарқынын арттыратын, қалың көпшіліктің тұрғын үй ипотекасына жаппай қолжетімділігін қамтамасыз ететін жаңа «7 – 20 – 25» бағдар­ламасын жария етті. 

Президенттің бес әлеу­меттік бастамасының» негізгі мақсаты анық. Ол халық­тың әлеу­меттік әлеуетін жақсар­ту болып табылады. Бұл ретте әр­бір отбасына бас­пана алудың жаңа мүмкіндік­терін беру, жа­лақысы төмен жұмыс­шылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүкте­мелерін азайту, жоғары білім алудың қолже­тім­ділігі мен сапа­сын артты­рып, студент жас­тар­дың жатақ­ха­наларға деген сұраны­сын қамтамасыз ету, шағын несие көлемін кө­бейту, сондай-ақ елді мекен­дер­ді газбен қам­та­масыз ету ісін жалғастыру жөніндегі мәселелер бүгінгі таңда елдің асыға күткен келелі мә­се­лелері екені дау­сыз. Осы бас­тамалардың ішіндегі халыққа ең етене жақыны әрбір отбасын баспанамен қамтамасыз етудің жаңа мүмкіндіктерін беретін «7 – 20 – 25» бағдарламасы екендігі де анық.  

Мамандардың айтуынша, Елбасының жаңа «7 – 20 – 25» бағдарламасының тетіктерін іс жүзіне асыру кезеңінен бас­тап, елімізде жеңілдетілген екі ипотекалық несие жұмыс істейтін болады. Яғни «Нұрлы жер» бағдарламасының 10 пайыздық жеңілдетілген ипо­те­ка­лық несие ставкасы және «7 – 20 – 25»  бағдарламасының 7 па­йыздық жеңілдетілген несие ставкасы. Тұрғындарға пәтер алу үшін 7 пайыздық жеңіл­детілген ипотекалық несие беру нәтижесінде еліміздегі тұрғын үй құрылысын өрістетуге жаңа серпін беріледі. Мәселен қазір мамандардың айтуынша, еліміздегі ІЖӨ-нің 6 пайызы құрылыс индустриясының үлесіне тиетін болса, жаңа бағдарламаның тетіктері бұл үлесті 10-12 пайызға дейін арттыруы мүмкін. 

Сонымен тұрғындарды қолайлы баспанамен қамтамасыз ету үшін ипотекалық несиенің жалпыға бірдей қолжетімділігін арттыру мақсатында жеңілдетілген 7 пайыздық ставка белгіленді. Осы күнге дейін еліміздегі екінші деңгейлі банктерден 16-17 пайыздан төмен ипотекалық несие алу мүмкін емес еді. Бүгінге дейін банктер бастапқы жарна үшін баспана құнының 30 пайызынан жоғары алып келсе, жаңа бағдарлама бойынша ол 20 пайызға түсіріледі. Несие төлеудің мерзімі 25 жылға дейін ұзартылды. Бұл орташа жалақымен күн көретін жас отбасыларының қолжетімді баспаналарға ие болуы үшін жасалған үлкен мүмкіндік. Бұл бағдарламаның негізгі тетіктерін жүзеге асыру екінші деңгейлі коммерциялық банктерге жүктелетіндігі белгілі. Сондықтан бұл бағдарламаның тиімді де кеңінен жүзеге асуы үшін екінші деңгейлі банктердің жалпыға бірдей түсінікпен  жұмыс істеуі қажет. «7 – 20 – 25» бағдарламасын уақыт талабына сай бүгінгі өскелең сұраныстар үрдісінде іс жүзіне асыруда еліміздегі қаржылық қатынастарды реттейтін Ұлттық банк мемлекеттік парасаттылық пен үйлесімдік шеберлік танытады деп сенеміз. 

Елбасының халық мүддесін көксеген бес әлеуметтік өзекті бастамасы еліміздегі экономикалық үрдістерді өрістетуге тың серпін беріп, халықтың көкейінде жүрген әлеуметтік сұраныстарды кеңінен қанағаттандырады. Жалпы алғанда 7 пайыздық ипотекалық несиелерді 25 жыл мерзімге бөліп төлеу тетігінің астарында еліміздің азаматтарын 25 жыл бойы тұрақты еңбекақымен қамтып, еліміздегі экономикалық әлеуеттің тұрақтылығын қамтамасыз ету міндеттері жатыр. Бұл ұзақ мерзімді ипотекалық несиелердің негізінен жас отбасыларға берілетіндігі белгілі. Сондықтан бұл еліміздің болашағы үшін салынған инвестиция десе де болғандай. 

Елбасының жаңа бастамаларымен берілетін ипотекалық несиелер еліміз бойынша тұрғын үй құрылысының бұрынғыдан да қарқынды дамуына жағдай жасайтын болады. Қарқынды дамыған құрылыс индустриясы басқа да салалардың жұмысын жандандырып, жаңа жұмыс орындарын ашады. Бұл өз кезегінде тұрғындардың әлеуметтік әлеуетін арттыруға негіз болады. Тұрақты жұмысы, қалыпты жалақысы және басында баспанасы бар адамның еңбек өнімділігі де жоғары болатындығы даусыз. 

Мамандардың пікірінше, «7 – 20 – 25» бағдарламасы келесі жылдың екінші жартысынан бастап нақты жұмыс істей бастамақ. Оған дейін тиісті мемлекеттік органдар әсіресе, Ұлттық банк жаңа бағдарламаның жүйелі жұмыс істеп кетуі үшін қажетті барлық талаптар мен тетіктерді белгілеуі керек. Жасыратыны жоқ, еліміздегі екінші деңгейлі коммерциялық банктердің басты жұмысы «жұмыртқадан жүн қырыққандай» пайда табу болып отыр. Оны қарапайым халық та жақсы түсінеді. Сондықтан бұл банктер жаңа бағдарламаны жүзеге асыруды да тек пайда табудың тетігіне айналдырмаса болғаны. Осы орайда көмескіленген халық сенімін нығайту жолында қаржы тетіктерін реттейтін Ұлттық банкке зор міндет, тарихи жауапкершілік жүктеледі.

Қолжетімді баспана – әрбір отбасының тұрмыстық қажеттігі. Қолжетімді тұрғын үй бағдарламасын жетілдіру арқылы еліміздің әрбір отбасын жеке пәтермен қамтамасыз ету бүгінгі күннің өзекті міндеті. Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасы осы көкейкесті міндеттерді шешу жолындағы басты тұғыр болып табылады. 

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»