• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
Футбол 04 Сәуір, 2018

Жаһандық жарыстар: Зидан жазда 8 футболшымен қоштаспақ

278 рет
көрсетілді

Испанияның «Реал Мадрид» клубының бас жаттықтырушысы Зинедин Зидан маусым аяқталған соң командадағы сегіз футболшыны сатуға дайын екенін айтты. 

Бірқатар испан басылымдарының жазуынша, франциялық жат­тықтырушы жаз мезгілінде Кейлор Навас, Тео Эрнандес, Ашраф Ха­ки­ми, Маркос Льоренте, Дани Себальос, Матео Ковачич, Гарет Бэйл жә­не Борха Майоральдарды трансферге шығаруға құлықты көрі­неді.  Айта кетейік, бұған дейін БАҚ беттерінде Иско «Манчестер Ситиге», Роналду болса «Манчестер Юнайтед» командасына баруы мүмкін деген ақпарат тараған болатын.

Хабиб пен Фергюсон кездесуі өтпейтін болды

UFC-дің жеңіл салмақтағы уақытша әлем чемпионы Тони Фергюсон мен ресейлік Хабиб Нурмагомедов арасындағы жекпе-жек осымен төртінші рет кейінге қалдырылды.

2015 жылы  Хабиб жаттығу барысында жарақат алып, айқасты кейінге шегерген. Ал 2016 жылы Тонидің жарақатына байланысты жекпе-жек өтпей қалды. 2017 жылы екі спортшы қайта кездесетін болып келісілген. Алайда Хабиб жекпе-жекке аз уақыт қалғанда салмақ қуамын деп ауруханадан бір-ақ шықты. Биылғы кезек Тониға қайта келді. 

«Бұл жолы еш ақталғым келмейді. Барлық жанкүйерден, UFC өкілдерінен, Хабибтен және жаттықтырушыларым мен серіктестерімнен кешірім сұраймын. Бізді не қырсық шалғанын білмеймін, бірақ түбі жақсы болатынына сенімдімін», дейді.

Лукас пен Пакьяо Малайзияда айқасады

Аргентиналық боксшы Лукас Маттиссенің (39-4, 36 КО) промоутері Оскар Де Ла Хойя (Golden Boy Promotions) 14 шілдеде Маттиссе мен филиппиндік аңыз боксшы Мэнни Пакьяо (59-7-2, 38 КО) Малайзияда WBA белдігі үшін жекпе-жек өткізетінін хабарлады. 

Бұл ақпаратты Пакьяоның өзі де растады: «Жекпе-жекті ұйымдастыру үшін келіссөз қиынға соққан жоқ. Лукас Маттиссеге қарсы кездесуге шығып, әлем чемпионы атағын иеленгенше асықпын. Сондай-ақ Пакьяо үлкен боксқа қайта оралғанын айтқым келеді». Пакьяоның кеңесшісі Майкл Кончтың айтуынша, филиппиндік бокс­шыны Маттиссеге қарсы жекпе-жекке Фредди Роуч дайындамайды. «Бұл Пакьяоның шешімі. Ол маған алдағы айқасқа Бубой Фернандес баптайтынын айтты».

Қақпада – бухгалтер 

Кәсіби спортқа 30-дан асқан шағында келу әркімнің қолынан келе бермейтін іс. Алайда АҚШ-та 36 жастағы азамат оның да мүмкін екенін көрсетті. Бүгінге дейін бухгалтер қызметін атқарып келген Скотт Фостер Ұлттық хоккей лигасында «Чикаго Блэкхокс» – «Виннипег Джетс» ойынында мұз айдынға шығып, кездесудің басты қаһарманына айналды. 

«Блэкхокстың» негізгі қақпашысы Антон Форсберг матч алдындағы дайындықта жарақат алып қалса, Коллин Делли кездесудің үшінші кезеңінде ойынды жалғастыра алмайтынын айтқан. Сөйтіп команданың үшінші қақпашысы Скотт Фостер айдынға шығып, 14 минут өткізді. Бір қызығы, ол қақпаға бағытталған жеті соққының жетеуін де қайтара білген. Нәтижесінде, Фостер Ұлттық хоккей лигасының сол күнгі үздік ойыншысы атанды. «Команда жейдесін киіп отырғанымда не қойып, не істеп отырғанымды түсінбедім. Одан кейінгісі есімде жоқ. Хоккей ойынында қақпашы болу арманым еді, міне арманым орындалды. Енді бұл туралы достарыма, отбасыма мақтанышпен айта аламын. Негізі мен бухгалтермін. Ойын басталардан бір-екі сағат бұрын кеңседе компьютерімнің алдында жұмыс істеп отырғанмын», дейді Фостер. Кездесуде «Чикаго Блэкхокс» 6:2 есебімен жеңіске жетті.

Дайындаған Әли БИТӨРЕ, «Егемен Қазақстан»