Қалаға қарасты Солнечный кентінде негізін өз ұлтымыз құрайтын 7 мыңдай адам тұрады. Сондай-ақ 1880 орыс, 141 украин, 82 неміс, 79 татар, 41 белорус, 5 чешен ұлтының өкілдері бар. Жақында Өзбекстаннан келген 24 отбасы қоныстанды.
Елге ел қосылса – құт. Бұл күндері қазақ тілінде білім беретін мектепте 400-дей оқушы, орыс тіліндегі мектепте 366 оқушы бар. Орыс мектебінде 130-дай қазақ баласы оқып жүр. 1-5 жастың аралығында 400-дей бүлдіршін өсіп келеді. Бала санымен бірге қоныстанушылар да көбеюде. Өндірісті кент саналатын елді мекен, тұрғындарының көпшілігі зәулім биік мұржалары бар алып стансада еңбек етуде. Бірнеше шаруа қожалығы, шағын және орта бизнес нысандары жұмыс істейді. Тұрғындардың балалар жаңа мектепте білім алса деген өтініштері де орындалар күн жақын. Қазір 420 орындық қазақ тілінде білім беретін мектеп құрылысын салу үшін Екібастұз қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі құжаттамалық смета жобасын дайындауда. Республикалық бюджет қаражатына салынатын құрылысты жергілікті мердігер компания жүргізбекші. Бұл қуанышты жайт қала әкімі Қайрат Нүкеновтің халықпен болған есепті кездесуінде айтылды.
Наурыз мейрамы күні мектеп салынатын құрылыс алаңына мұғалімдер, оқушылар, ата-аналар жиналды. Сүйіншілеп, бір-бірін құттықтаған кенттің үлкендері Әнурбек, Қалиасқар қажылар, Клара, Зәру, Биғайша әжелер «Мектептің іргетасы берік, шаңырағы биік болсын!» деп бата жасады. Шашу шашылды. Оқушылар мектепке келер жолға ағаш екті. Кент әкімі Маржан Алшымбаева да құттықтау сөз сөйледі.
Ал Абай атындағы мектеп директоры Айман Кенжебаеваның айтуынша, ауыл үлкендері көптен күткен қуанышты Наурыз тойымен бірге мектеп салынатын жерде атап өтуге ұсыныс білдіріпті. Осы қуанышты ел газеті «Егеменмен» де бөліскіміз келді дейді ауылдықтар.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы