• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
Әдебиет 04 Сәуір, 2018

Түрік журналының тұтас саны Мағжан шығармашылығына арналды

630 рет
көрсетілді

Халықаралық «ТҮРКІСОЙ»  ұйымының ұйымдастыруымен  түркі әлемі бойынша «Мағжан Жұмабаев жылы»  Анадолы елінде салтанатты жағдайда атап өтілгені мәлім. 

Айтулы мәдени шараға Қызылжар өңірінен  арнайы делегация қатысқан болатын. Ақиық ақынның 125 жылдығы қарсаңында түрік ағайындар өлеңдерін жеке жинақ етіп шығарса, жуырда «Кардеш Калемлер» көркем әдеби журналының бір саны өмірі мен шығармашылығына арналыпты.

«Қазақстан мен Түркия–ежелден бауырлас, тағдырлас елдер. Екі тараптың  ынтымақтастығы рухани салада да біте қайнасып келеді. Қазақтың көрнекті жазушылары мен ақындарын, зиялы қауым өкілдерін түрік жұртына таныстыру, мұраларын насихаттау  берік дәстүрге айналған», деп жазады кіріспе сөзінде Еуразия жазушылар қауымдастығының төрағасы, «Бенгу» баспасының директоры Якуп Омароғлы.

Журналда  ел ықыласына ерекше бөленген ақынның әр жылдары жазған өлеңдері, публицистикалық жазбалары, өзгеше ой-толғамдары мен  алғаш ұсынылған қолжазбалары топтастырылған.  Халықаралық «ТҮРКІСОЙ» ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтың, Қазақстанның Түркиядағы елшісі  Абзал Сапарбековтың, Гази университетінің ректоры  Ибрахим  Усланның, ғалымдар Айгүл Ісімақованың, Зарқын Тайшыбайдың, тағы басқаларының жүрекжарды баяндамалары енген. Халқы үшін басын бәйгеге тіккен Алаш қайраткері жырларының  түбі бір туыстас елде өз оқырмандарын табуы, кең ауқымда таныстырылуы сүйінішті жайт, ұлт руханиятына қосылған теңдессіз үлес.Бір жағынан, үлгі-өнеге алатын тәлім. 

Бұдан бұрын  «Кардеш Калемгер» журналы Сүйінбай, Жамбыл,  Қасым Аманжолов, Шерхан Мұртаза, Олжас Сүлейменов, Бердібек Соқпақбаев секілді қазақтың талантты  тұлғаларына бірнеше санын арнаған болатын. Сүйінбай, Абай, Жамбыл, Тәттімбет Қазанғапұлы, Дина Нұрпейісова, Мағжанды ұлықтап, көшелерге есімдерінің берілуі, ескерткіштер орнатылуы, саябақтар ашылуы көңілге ерекше жылылық ұялатады.

Өмір Есқали,

«Егемен Қазақстан»

 Солтүстік Қазақстан облысы