• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Сәуір, 2018

Отандық ит­бегілердің өз ішінде алауыздық көп

1644 рет
көрсетілді

1829 жылы Бөкейліктегі байбақты руының биі Шеркеш Жақсыбайұлын халық толқуына қатысқаны үшін Жәңгір хан тұтқындатып Текеге айдатқанда, Лашын атты тазысы бірге еріп, қанша қуса да қалмапты. Шеркеш би Орал түрмесінде бір жыл жатқанда «Қырықтұрбаның» алдында иесін күтіп, ақыры Сібірге бірге кетіпті деген аңыз бар. Бұл әңгімені Бірәлі Мергенов, Әйіп Бектасов қариялардың айтуынан белгілі тарихшы Исатай Кенжәлиев жазып қалдырған. Жапондық Хатикодан бір ғасыр бұрын иесіне адалдықтың ғажайып үлгісін көрсеткен Лашынға ескерткіш қойылмақ түгілі, естен шығып та кетті...

«Ит – жеті қазынаның бірі» дегенде қазақ иттің бәрін қазына демеген, тек қазақы құмай та­зы ғана осындай құрметке ла­йық!» дейді оралдық Рауан Са­ты­балдиев. Батыс Қазақстан об­лысындағы Тасқала ауданында жастармен жұ­мыс жө­ніндегі ресурстық ор­талығын бас­қаратын Рауан бір­неше жылдан бері қазақы тазы тұ­қымын сақ­тау, өсіру, насихаттау ісімен ай­налысып келеді. 

Ұлтымыздың басынан талай зобалаң өтті ғой. Байтал тү­­гіл бас­ қайғы болған сол кездер­де қазақы салт-дәстүріміз түгел жо­йы­ла жаздаған. Ал тазы жү­гірту, құс салу – ақсүйектік өнер, се­рілік салт екені рас қой. Оның үс­тіне отызыншы жылдардағы репрессия адамның адал досын да айналып өтпепті. «Тері өңдейтін фабрикаға ит терісі керек!» деген ерекше тапсырмамен Қызылорда өңірінде ел ішінен 500 итті жинатқан екен. Сол байғұстардың 90 пайы­зы – таза қазақы төбет пен жарғаққұлақ тазы болыпты. Бір күнде қан-жо­са болып сойылып, терісі «ор­­талыққа» жөнелтілген сол қазақы ит­тердің тұқымы бұл күнде де жойылуға жақын. Өйткені жеті қа­зынаның бірі дегенімізбен, қа­­зақы тазы мен төбетті сақтау, оны көбейту, тұқымын асылдандырып, ресми құжаттау әлі күнге бір ізге түскен жоқ. Сондықтан да болар, халықаралық кинология қауымдастығы реестрінде «қа­зақы төбет», «қазақы құмай тазы» деген ит тұқымы тіркелмеген. Құжаты болмаған соң асыл текті тазы не, көшедегі бұралқы ит не, бірдей ғой...

– Бұл саланың кем-кетігін са­нап айта бастасам, өзім итше ұлып кеткім келеді, – дейді Ра­уан.­­ Өйткені тәуелсіздік алып, ше­­кара ашылғанда тіл мен дінге кел­ген нәубет тазы тағдырын да ай­налып өтпеді. Кеңес дәуірінен әупірімдеп аман жеткен текті ит­тің біразы шет асып кетті. Оның үстіне шетелден келген еуропалық салюкки, грейхаунд,­ хорты сынды ұшқыр ит­тер жер­гілікті итбегілерге жеті­сі­мен, байырғы тазылармен қо­сы­лып, онсыз да аз тазының қа­ны­ бұзылды. Ит ұстап, ұлттық дәс­­түрді жаңғыртады деген жі­гіт­тердің көбінің де ой-ниеті бас­қа. «Мынау қазақы төбет еді, жар­ғаққұлақ тазы еді, атамыз­дан қалған тұқымды сақтап, кө­бейтейін деп жүрмін» дегенді айт­пайды. Қалай да төбелестен бас­қа итті жеңіп, жүлде алсам дейді. «Қазіргі байлардың араб аттарын, ағылшын аттарын әке­ліп, бәйгеге қосқаны сияқ­ты тір­­­лік қой», деп күйінеді Рауан. Тек­ Рауан секілді санаулы аза­мат­тар ғана таза қанды тазы тұқымын сақтап қалуға еңбек етіп, халықаралық кинологиялық қауымдастыққа мойындату үшін тер төгіп жүр. 

Халықаралық кинологиялық қа­уымдастыққа қазақы ит тұ­қы­мын мойындату үшін не­ қа­­жет? Обалы не керек, қа­зақ­­ тазысын ғылыми зерттеп, са­­на­ғын жүргізген биология ғы­лым­дарының докторы, КСРО мем­лекеттік сыйлығының ие­гері Аркадий Слудский сынды ға­лымдар болған. Ол кісіден ке­йін Константин Плахов деген ғалым да бұл жұмысты жал­­­ғастырып, таза қанды қа­зақы тазылардың стандартын анық­тауға көп еңбек еткен. Бү­гінде қазақы тазының стандар­ты бекітіліп, Халықаралық ки­но­логиялық қауымдастыққа тір­кеу басталғанымен, отандық ит­бегілердің өз ішінде алауыздық көп. Қазақстанның әр облысы өз та­­зысын қазақы құмайдың этало­ны ретінде қарап, бір ымыраға ке­лер емес. 

– Әлемдік тәжірибе бойын­ша жеке-дара тұқым болып бекітілуі үшін иттің түр-түсі, дене мүше­лерінің өлшемі біркелкі болып, қа­таң есептелуі тиіс. Барлық жан­­ды мақұлық сияқты, иттің де­ селекциясы – ондаған жылға со­зылатын ғылыми жұмыс. Бұл­­ істі шынында жекелеген во­­­лон­терлер атқара алмайды. Тү­рікменстандағы, араб ел­деріндегі сияқты мемлекеттік қам­қорлық керек бұл іске, – дейді Рауан Са­ты­балдиев.

Иә, қазақ жеріндегі тазы­лар­дың стандарты бекітілгенімен, оны халықаралық қауымдастыққа мойындату үшін таза тұқымды тазылар санын 1 000-ға жеткізіп, ар­найы реестрге тіркеу қажет. Рауанның есебінше, қазірдің өзін­де қазақ даласындағы тазылар саны мыңнан кем емес. Бірақ әркім көрпені өзіне тартып, қалайда өз тазысын биік қою үшін қызылкеңірдек болып жү­рер болса, бұл даудың жуық маң­да бітпесі анық. 

Оқырман «Жұрттың бәрін сы­нап отырған бұл жігіттің өзі не бітірді?» дейтін шығар. Рауан бас­таған батысқазақстандық ит­бегілер 2014 жылы Орал қа­ласында тазылар көрмесін ұйым­дастырған. Ол көрмеге Лидия Львовна Костюнина есімді итбегі маманды арнайы шақыртыпты. Ауыл-ауылда тазы ұстап жүр­ген жігіттерді де көрмеге ал­дыртып, олар­дың тазыларын маманға сынатыпты. Сол жер­де тазыларды арнайы реестрге тіркеу, төлқұжат беру ісі бас­талған. 

– Әттең, керемет бастама аяқ­сыз қалды. Қазір сол құжат ал­ған тазылардың көпшілігі өліп қал­ған. Бар тазылардың құжаты жоқ. Асыл тұқымды иттерді тіркеу, сұ­рыптау ісімен айналысатын бі­регей ұйым да жоқ, Қазақстан кинологтер одағы, «Қансонар» аңшылар бірлестігі, толып жатқан қоғамдық ұйымдар жұмысында бірізділік байқалмайды, дейді Рауан. 

2017 жылы Рауан Саты­бал­­диев­тің бастамасымен Тас­қа­­ла­да тазылардың дала сы­на­ғы­ ұйымдастырылды. Жал­пы, «да­ла сынағы» – асыл тұқым­ды­ иттерді сұрыптау, ірік­теу,­ анықтау үшін аса қажетті ша­ра­ның бірі. Көршілес Ресей Федерациясында, өзге өркениетті елдерде бұл іс әлдеқашан жолға қойылған. 

Рауанның пікірінше, асыл тұқымды тазыны анықтау үшін екі сатылы сынақ шарасы өтуі керек. Оның біріншісі – ит көрмесі. Мұнда тазының дене бітімі, барлық өлшемдерінің стан­дартқа сәйкестігі сарапталады. Сынақтың екінші бөлігі – дала сайысында тазының алымдылығына, ұшқырлығына баға беріледі. Содан кейін ғана «мына иттен тұқым алуға болады» деген шешім шығуы тиіс. Өйткені түр-тұлғасы ке­ліп тұрғанымен, аңға шабуға еш­қандай құлқы жоқ иттер болады. Бұл да білімсіздіктен, теріс се­лекцияның әсерінен туындайтын жағдай.

Қазақы тазылар жарғаққұлақ және шашаққұлақ болып екіге бөлінеді. Аты айтып тұрғандай, шашаққұлақтың құлағында және құйрығының астында да шашағы болады. «Шашақ алар алмас, жар­ғақтан жан қалмас» дейді ит­бегілер. Яғни жарғаққұлақ тазы ерек­ше бағаланады. Өкінішке қа­рай, дәл осы жарғаққұлақ тазы жойылып бітуге жақын. 

«Жүйелі жұмыс болса, жар­ғақ­­құлақ тазыны да қалпына кел­тіруге болар еді. Бірақ ол өте қиын!» деп басын шайқайды Ра­уан. Бірнеше жыл бұрын Ақ­тө­бедегі итбегі досы Асылан Қа­­ленов сыйға тартқан күшік Құндыз қазір қоян да ала бас­тапты. Қаншықтың ұйығатын уақыты жақындаған сайын Рауаннан маза кетіпті. Барынша таза қанды тұ­қым алу үшін жарғаққұлақ арлан іздеп, айнала сұрау салған. Он екі аудан­ды Оралдан ондай «күйеу» та­был­мады. Ақтөбеде Ба­сар атты «жігіт» бар дегенді есіт­ті. Уатсаптан суретін көрді, әріп­тестерімен ақылдасты. Ақыры Рауан жұмысынан бір апталық демалыс алып, Құндызын ертіп жол­ға шықты. 

– Ақтөбеде тазы ұстайтын жі­гіт­терді аралап, иттерін көрдім. Со­сын біреуіне тоқтап, Құндызды Асылбекке қалдырдым. «Итімнің күйін келтіріп, ұйықтырып бе­ру саған аманат!» деп кейін қайт­тым, – дейді Рауан. 

Күнделікті ішіп-жемнің со­ңын­­­да жүрген талай адам біздің кейіп­­керіміздің бұл тірлігін тү­сінбейтін де шығар-ау. Бірақ Рауан­ның қиялы жүйрік. «Ата-ба­бамыз жеті қазынаның біріне балаған тазыны Қазақстан Рес­публикасының билігі ұлттық құн­дылық ретінде бағалап, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мемлекет қорғауына алса!» деп армандайды итбегі жігіт. Несі бар, ит жылы ескеруге тұратын ұсы­ныс емес пе?! 

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы