• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
05 Сәуір, 2018

Келісім бар жерде дау жүрмейді

578 рет
көрсетілді

«Удың бетін у қайтарады» дейді. Ал даудың бетін не қайтарады? Байқасаңыз, адамдар арасында туындайтын даулардың дауасы ешқашан табылмайтын секілді. Сон­дық­тан даудың бетін дау ғана қай­тара­ды деп дауласқандар бірін-бірі соттату үшін сотқа жүгінеді. Бірақ одан дау басылмай­ды. Қайта ыза-кек сол нағыз уға айнала түс­е­ді. Сонда не істеген жөн? Мәселені сотта есеп айырысуға дейін жеткізбей, келі­сімге, бітімге келуге болмас па? Ал біле-біл­сек, біздің елімізде кез келген дауласқан жан­ның бітімге келуіне толық мүмкіндік бар.

Әрине заң бұзған, қылмыс жасаған адам­ның тиісті жазасын алуы – заңдылық. Дегенмен болмашы дау, ерегестің соңы тек соттасумен бітуі де жақсы іс емес. Осындай келеңсіздіктер салдарынан адамдардың бір-біріне деген құрметі де азая түсіп, қатыгездік әдетке айнала бастайды. Бұрынғы кеңпейілділік, шынайы құрмет, сыйластық көз алдауға айналғандай көрінеді. Алайда жоғары мәдениетті адам өзге адамға да құрметпен қарай алады. Сыйластық – сый-құрметке жеткізеді. «Бірлік бар жерде тірлік бар». Тіпті өзге мемлекетке құрметпен қарасақ қана арада сенімді серіктестік орнап, екі тарапқа да пайдалы қарым-қатынас дамитыны белгілі. Ендеше бір елдің адамдары арасындағы кикілжің, дау жақсылықтың нышаны емес. Осындайда ата-бабаларымыздың дәстүріне жүгіну артықтық етпейді.

 Мәселен, кеңдік пен кішіпейілдікке жол беріп, мәселені құн төлеумен шешу көп жағ­дайда небір даудың бетін қайтаратыны әлім­сақтан белгілі. Оның үстіне дау біздің қоғамда бүгін ғана туындап отырған жоқ. Ол атам заманнан бері жалғасып келеді. Бұрынғы дау, сол дау. Тек оны шешудің бұрынғы дауасын жоғалтып алған секілдіміз. Мәселен, соның бірі кезінде «қара қылды қақ жарған» билеріміздің әділ кесімдері ғой. Қандай дау болса да, ол қандай тараптың арасында туындаса да, оның мән-маңызы қандай болса да еш жалтақтамай тек адалдықпен, әділдікпен шешімін тура айтып, шынайы кесім шығарып берген соң және оны бүкіл халық қолдаған соң кім болса да ол үкімге наразылық келтіре алмаған. О баста солай болған және үнемі солай жалғасып отырғандықтан билер де халық­тың сеніміне ие болған. Ал қазір ше? Мүмкіндік болса дауларды дабырайтпай шешудің амалдары қазір де қарастырылып жатыр. Бірақ соттасқанмен соттың айтқанына көніп жатқандар аз. Сондықтан лажы болса тараптарды таластырмай, татуластырғанның артықшылығы зор. Осы орайда азаматтық және қылмыстық процестерде дауларды шешудің балама тәсілі ретінде медиация инс­титутын одан әрі жандандыра түсу қажет дейміз. Өйткені дамыған елдердің дауларды медиа­тордың қатысуымен реттеу тәжірибесі көп жа­ғдайда екі тараптың келісімге келуімен аяқ­та­латынын көрсетеді. Бұл даулаушы тарап­тардың санын азайтады. Бізге керегі де осы.

 Оның үстіне сарапшылар медиацияны кеңінен қолдану даулы мәселенің алдын алуға және құқықтың түрлі саласында да, құқықтан тыс шиеленістерде де дауларды шешудің қазір қалыптасқан тәжірибесіне оң ықпал ететінін жасырмайды. Ендеше бұрынғы билердің жолына қайтып оралу мүмкін болмаса да, татуластырудың, яғни қос тарапты бітімге келтірудің дауларды тиімді түрде шешуге оң ықпал етері анық. Тек осы пайдалы істің әлі өркен жаймай тұрғаны көңілге кірбің түсіретіні де белгілі. Оны одан әрі өркендету үшін бірқатар шараларды қолға алу керек секілді.

Ең алдымен медиаторлардың тәуелсіздігі мен бейтараптығы қашанда алда тұруы керек. Медиатор келісімнің екі жаққа ғана тиімді шешілуін көздейді. Өйткені дауласушы тараптарды келісімге келтіру кезінде, яғни медиация талаптарын жүзеге асыру барысында тек бір тараптың ғана мүддесі көзделмейді, қос тараптың да мүддесі ескеріледі. Қос тараптың мүддесі екерілгендіктен және соған олар келісіп, бітімге келіп жатса, бұл биліктің де мерейін үстем қылады. Ал медиация елімізде дауларды шешудің балама түрі болып есептелгенімен, ол қылмыстық және азаматтық істер бойынша дауларды қарайтын судьялар жүктемесін де белгілі. Демек медиаторлар көмегі арқасында судьялар қағазбастылықтан арылып қана қоймай, жүктемелері азайған соң, сот төрелігінің сапасы да артатыны сөзсіз.

Әрине қазіргі таңда бұл бағытта атқары­лып жатқан жұмыстар аз емес екені белгілі. Дегенмен бұл істе халықты ақпараттандыру, құқықтық сауаттылықты ашу тәжірибесі артық етпейді. Елдегі бар медиация орталықтарын, медиацияның техникасын және медиация­ны пайдалану тетіктерін үйретуді жолға қою қажет. Бұл мәселеде алысқа бармай-ақ, елі­міз­дің қоғамдық келісімді, толеранттылық пен ел бірлігін нығайтумен байланысты тәжірибесін ескерсе, артық етпейді. Ал бұған қолайлы жайт, біздің еліміз медиация үшін жасақталған қажет­ті инфрақұрылымды әлемдік тәжірибені ескере отырып құқықтық жүйеде оңтайландыра білді. Оның үстіне «Медиация туралы» заңы­мыз диспозитивтік сипатта, бұл медиацияны кең ауқымда пайдалану туралы айтуға мүм­кіндік береді. Сол сияқты Құқықтық сая­сат тұжырымдамасында жеке-құқықтық дау­лар­ды шешу үшін істі сот талқылауына дайын­дау кезеңінде реттеу ресімдерін пайдалану мүмкіндігі көзделген. Бұл орайда Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық келісім институттары, Аналар, ақсақалдар кеңес­тері этносаралық қатынастарды реттеу мен толеранттылықты қалыптастыруда өлшеусіз рөл атқаратынына сенім зор.

Александр ТАСБОЛАТ,

«Егемен Қазақстан»