Мен биыл өзімнің 90 жылдығымды атап өттім. Өзім ғана емес-ау, елім атап өтті десем де болады. Дос-жарандарым ғана емес, түрлі мекемелер, ұйымдар, қайраткерлер құттықтады. Сондағы үлкен қуанышым, мерейімді тасытқаны – мені еліміздің басшысы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев құттықтап, өзінің қабылдауына шақырып, құрмет көрсеткені. Бұл оқиға маған ұмытылмастай әсер қалдырды.
Менің осынау жасым маған еліміздің біраз өміріне куә болуға мүмкіндік берді. Куә болып қана қойғаным жоқ, сол елімнің өміріндегі оқиғаларға белсене араластым. Біраз уақыт жоғары партиялық қызметте, сегіз жыл сауда министрі, 15 жыл республика Үкіметі төрағасының орынбасары болдым. Жоғарыда айтқандай, мерейтойымды елім атап өтті дегенде, ол менің сол ел өміріне белсене араласуымның, азын-аулақ еңбегімнің арқасы.
Біз Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын тойлағалы отырмыз. Ол өміріміздегі айтулы оқиға болмақ. Оның шын мәнін жете түсіну үшін оны өткен өмірімізбен салыстыруымыз керек. Күні кеше біз КСРО дейтін үлкен державаның құрамында болдық. Басқалармен тереземіз тең болды десек те, сол Одаққа кірген республикалардың, халықтардың, ұлттардың тәуелсіздігі, еркіндігі, саяси құқықтары барынша шектеулі еді. Байлығымыз, табысымыз ортақ қазанға құйылды. Одан алатын үлесіміз аз еді. Көп нәрсе, көп байлық басқа державалармен әскери тайталасқа, жаппай қарулануға жұмсалып жатты.
Әрине, әлеуметтік салада қолымыз жеткен жетістіктерді біз ұмытпауымыз керек. Әсіресе, білім беру, денсаулық сақтау салаларындағы жетістіктер атап айтуға тұрарлық. Бірақ әр халықтың тарихи арманы – тәуелсіздікке қолы жетпеді. Ең алдымен осынау алып Одаққа біріккен көп халықтың тарихы бұрмаланды. Халықтардың өміріндегі бел-белестер айтылмады. Тіпті оларда еленетіндей тарих болмағандай, мәдени-рухани байлық жұтаң болғандай көрсетілді. Әсіресе тілге байланысты халықтардың қасіреті күшті болды. Үлкен Одақты нығайту мақсатында бір тілді меңгеруге басты назар аударылып, көптеген халықтардың ана тілдері шет қақпайланды. Ұлт тіліндегі мектептер күрт азайды. Менің туған қалам Алматыда бір-ақ қазақ мектебі қалғаны – соның айқын көрінісі.
Халық тәуелсіздікті армандады. Ғасырлар бойы армандады. Оған осы жолдағы халықтың күресі куә. Қазақ халқы да осы жолда талай қан төкті. Арғысын былай қойғанда, соңғы үш ғасыр бойғы Ресей империясы мен кеңестік империяның боданында болған кезде, қаншама көтеріліске шығып, азаттық үшін күресті. Бүгінгі қол жеткен тәуелсіздігіміз – сол халықтың күресі мен арманының нәтижесі.
Қашанда тәуелсіздік дегенде, менің көңілімде халық тұрады. Кешегі Желтоқсан оқиғасы кезінде жастар бас көтеріп, ерлік көрсетті. Сол жастардың өзі халықтың бір бөлігі екені өз алдына, олар халықтың арман-мүддесін алаңға алып шықты. Бұл арман-мүдде олардың бойына ана сүтімен дарыған. Ондай арман-мүдде ғасырлар бойы халықтың жадында қалыптаспаса, жастардың сондай ерлікке баруы екіталай болар еді.
Тарихты қашанда халық жасайды. Оның сол күш-жігерін негізгі арнаға салатын тұлға табылса – оның бақыты. Сонда халықтың арманы жүзеге асады. Ол тұлға – Нұрсұлтан Назарбаев. Олай дейтінім, елдің, ұлттың болмыс-бітіміндегі жоғарыда айтылған барлық қасиет, ерекшелік Нұрсұлтан Әбішұлының бойында бар. Біз соған қуанамыз, соған риза болып, тәубе дейміз.
Халық дегенде, халықтың қаһармандығы дегенде, ең алдымен менің ойыма кешегі екінші дүниежүзілік соғыс, біздіңше Ұлы Отан соғысы оралады. Менің жастық шағым сол соғыстың от-жалынына оранып өтті. Соғыс басталысымен-ақ өз өтінішімізбен майданға жіберуді сұрадық. Онда мен университеттің екінші курсында оқитынмын. Алматыда жасақталған 100-ші қазақ бригадасының 90 пайызы қазақ жастары еді. Мен осының өзінен-ақ қазақ халқының отансүйгіштігін, патриоттық сезімінің күштілігін, азаттықты ерекше қастерлейтінін аңғарамын.
Сол соғыста қазақ халқы ерекше қаһармандық ерлік көрсетті. Совет халқының ұлы ерлігіне айрықша үлес қосты. Ол жайында талай айтылды. Оны әлем мойындаған. Сол ерлігімен де халқымыз тәуелсіздік, азаттық үшін аянбай күресетінін дәлелдеді. Қазіргі күнде сол Отан соғысы, ондағы ерлік жайында әртүрлі пікір айтылып жатады. Сол соғыс, жеңіс жолындағы қантөгіс керек пе еді, деген пікірлер айтылады. Өзіміздің тәуелсіздігімізді шектеген кеңестік империяны біреулер отан деп қабылдағысы жоқ. Бұл ұшқары пікірлер. Жақсы ма, жаман ба, ол біздің отанымыз болды. Оны қорғау арға сын еді. Қазақ халқы арын таза ұстады. Тіпті, бір мемлекеттерде болмағандар да жауға қарсы одақтасып жатады. Сол жолда қанын да төгеді. Ал қазақ халқы өзінің ержүректігімен басқаларды мойындатты. Сол соғыста мен халықтың шын қаһарман екенін көзіммен көрдім. Ерлік жеке адамдардың ғана үлесі емес, ол жаппай халықтық сипат алды. Рас, талайлардың ерлігі еленбей қалды. Біреулер атаққа ілінбеді, марапатталмады. Жауды жеңсек деп барғандар сол жеңіске ортақ болғанына қанағат тұтты. Ерлікті халық болып жасады.
Тек соғыста ғана емес, халық өзінің қаһармандығын бейбіт өмірде де көрсетті. Бұл ретте мен республикамызда көптеген алып құрылыстардың бой көтеріп, жаңа қалалардың пайда болғанын айтпақпын. Соларды халық салды. Рас, оған республиканың ішінен ғана емес, сырттан да адамдар келіп, ырысымызға ортақтасты. Сол алып құрылыстар, сонда орнаған қалалар қазір тәуелсіз еліміздің игілігіне қызмет етіп жатыр.
Халық тәуелсіздікті жан-жүрегімен аңсады. Ал соған қолы жеткенде, алғашқы жылдардағы алапат қиындыққа халық қаһармандықпен шыдады. Кейінгі ұрпақ болмаса, дүкен сөрелерінің бос тұрғанын, азық-түліктің жетімсіздігін, зейнетақы мен жалақының мардымсыздығын және соның өзінің уақтылы берілмеуін, азын-аулақ малдың бартерге айырбасталғанын жұрттың бәрі көзімен көрді. Сондай жағдай басқа уақытта кезіксе, халық оған төзбес еді-ау дейсің. Аңсаған тәуелсіздігіне жеткен халық сол тәуелсіздіктің баяндылығы үшін қиындықтың бәріне төзді.
Сол қиындықтан шығудың өзі де ұлы ерлікке пара-пар еді. Сондай қиын кезде республика басшылығында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтай тұлғаның болғаны халқымыздың бағы деп білемін. Заман өзгерді, ел де өзгеруге тиіс еді, ескі тәртіпке үйренген халықтың жаңа өмірге бейімделуі де қиын болды.
Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің үлкен мүмкіндігін білгірлікпен пайдаланды. Шетелдерден инвестиция тартты. Халық өз Президентін қолдады. Қолдағанда, Президент ұстанған бағытпен, жекешелендіру бағытымен жүріп, өмірге тез бейімделді. Және осынау істе үлкен белсенділік көрсетті. Соның арқасында еліміздің экономикасы қарышты қадаммен өсті. Сол экономика дамуының бір көрсеткіші ішкі жалпы өнімнің өсімі болса, ол тәуелсіздік жылдарында 12 есе өскен екен. Мұндай өсім басқа ешбір елде болмаған.
Мұны да мен халқымыздың қаһармандығы дер едім. Жолды таңдау бар, сол жолмен жүру бар. Бір ел баяу, бір ел шапшаң жүреді. Мен өз елімнің жүрісіне тәнтімін, бірлігіне ризамын. Ел болған соң, ішінен қыңыр тартатыны да табылады. Бірақ басым халық ел таңдаған жолмен келе жатыр. Және көші түзу.
Мен әркез Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның Назарбаевтай басшысы бар халық бақытты халық деген сөзін еске аламын. Біздің Тәуелсіздікке қолымыз жеткен кезде ел басшылығының тізгінін басқа адам ұстағанда, қалай болар еді деген ой да келеді. Бүгінгі биігімізге көтеріле алар ма едік, жоқ па, кім біледі. Сонда басқа көрші елдерге қарайсың да, өз еліңнің тағдырына шүкіршілік етесің.
Былтыр Нұрсұлтан Назарбаевтың 70 жылдығы қарсаңында «Егемен Қазақстан» газетіне берген көлемді сұхбатымда Тұңғыш Президентіміз туралы ойларымды ортаға салдым. Сонда оның сан-салалы қызметін, тыңдырған істерін айта келіп, өзімше ерекше бағалайтын үш жайға кеңірек тоқталғаным бар: «Оның біріншісі – Сарыарқаның төрінен Астана дейтін әсем қала орнаттық... Екіншісі – кезінде тарихтың тәлкегімен жер бетіне тарыдай шашырап кеткен қандастарымыздың тарихи атамекеніне оралуына барлық жағдай жасалды... Үшіншісі – ата-бабаларымыздан аман жеткен мемлекеттік шекарамызды барлық халықаралық құжаттарға сай бекітіп алдық...».
Енді соған еліміздің тарихына айтулы оқиға болып кіретін тағы бір жайды қосқым келеді. Ол – былтырғы жылдың аяғында Астанада өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті. Бұл әлемдік мәні бар оқиға болды және ол Қазақстанның, оның басшысының бастамашылдығымен жүзеге асты. Бұл еліміздің атын шығарды, басшымыздың беделін бұрынғыдан да көтерді.
Осының барлығы да Тәуелсіздігіміздің арқасы. Тәуелсіздікке қолымыз жетпесе, жоғарыда аталған жайлардың бірі де жүзеге аспас еді. Кім сенің жаңа астанаңды қажет етер еді? Оған рұқсат та етпес еді. Әлемге шашыраған қандастарыңды жинамақ түгілі, бұл жайында әңгіме қозғасаң, оны ұлтшылдыққа балап, басыңа бәле жабар еді. Шекара туралы сөз айтқызар ма еді? Қайта қажет десе, құйқалы жеріңді кесіп алып, басқаға беріп жатты. Қарсы тұра алмадық. Еуропаның басын қосқан саммит өткізбек түгілі, сол Еуропа Қазақстан дейтін ел барын, қазақ дейтін халық барын да білмейтін.
Бізге Тәуелсіздіктің бергені көп. Ең алдымен, еңсесі биік іргелі ел болдық. Бізде жасалып жатқан іске, халқымыздың қаһармандығына әлем тамсанып қарайтын биікке көтерілдік. Астанамыз әлемдік саясаттың бір орталығына айналды. Бізге қарап басқалар бой түзейтін дәрежеге жеттік.
Әрине, өмірде барлық нәрсе ойдағыдай бола бермейді. Кейде бір саладағы дамуымыздың қарқыны көңілден шықпай жатады. Сөйтсе де, барымызды бағалай білгеніміз де жөн шығар. Айталық, қазір тілге байланысты сөз көп. Көбіне, ешнәрсе жасалмай жатқандай сөйлейтініміз де бар. Ол жөн емес. Сол тілге байланысты қыруар іс тындырылды. Алматының қарт тұрғыны ретінде бір мысал айтайын. Бұрынырақта қалада қазақтар сирек еді. Кейде адам толы көлікте бір-екі қандасымыз кездесер еді. Тіпті кейде көпшілік орында қазақша сөз де естімейтінсің. Қазір қалада қазақтар көпшілікке айналды. Бір кезде қалада бір ғана қазақ мектебі болғанын жұрт біледі. Қазір 50 мектеп бар! Бұл сол тәуелсіздіктің арқасында болған істер. Шүкіршілік ететін жай.
Өміріміздің барлық саласында осындай жетістігіміз бар. Ең бастысы – ұстанған бағытымыз халықтың мүддесіне сай. Ертеңіміз бүгінгіден әлдеқайда жақсы болатынына көпшіліктің күмәні жоқ. Қаһарман халқымыз сол жарқын болашағымыздың қамымен өмір сүріп жатыр. Мен соған қуанамын.
Сұлтан ЖИЕНБАЕВ, соғыс және еңбек ардагері, Алматы қаласының құрметті азаматы.