• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әдебиет 06 Сәуір, 2018

Әкім Тарази: Достарымды мен өзім таңдадым (Жазушы толғанысының эскиздері)

2218 рет
көрсетілді

Қазақ қаламгерлерінің ішінде өмірдегі һәм өнернамадағы мінезі де, мәнері де өзгеше жазушы Әкім Тарази ағамыз екендігіне ешкім шүбә келтіре қоймас. Кезінде әдебиет саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері атануы да әбден заңды құбылыс еді. Ал енді екінің біріне беріле бермес Бейімбет Майлин атындағы сыйлықты ен­ші­легенде суреткердің ай­рық­ша шынайылық қыр­лары ескерілгені анық. Өмір шындығын жүрек сүз­гісінен елеп өткізіп, боя­ма­сыз да әсі­ресіз көркем шын­дық­қа айналдыруда Әкім Тарази меңгерген ше­берлік мектебінің тағы­лы­мы мол. Сол үшін де біз әңгімені Әкім аға­ның әдебиетке қалай кел­генінен бастағанды жөн көріп едік.

­­­– Менің әдебиетке келуім, бір жағы қалжыңға сүйеп айтсам, етікшіге байланысты болды, – деп жазушы аға әнтек жымиды да, сөзін әрі қарай жалғады. – Кәдімгі етік тігетін кісі. Ол кезде мына Шу ауданының орталығы Новотроицкіде жас мұғаліммін. Осында менен бірер жыл бұрын, 50-ші жылдардың басында, сотталып Сібірге айдалар алдында атақты тарихшы Бекмаханов сабақ берген. Сонда біздің үйдің қасында бір етікші кісі тұрды. Үйінің алдынан арлы-берлі өтіп жүремін. Бір күні «Әй бала, бері кел!» деп шақырып алды.

– Сен мына Үкеңнің бала­сысың ба?

– Иә.

– Үкеңнің баласы болсаң, ары өтесің, бері өтесің, неге маған сәлем бермейсің? Мен отырмын ғой мына жерде...

– Кешіріңіз, аға, сізді танымаймын ғой, – деппін сасқа­ным­нан.

– Е, жұрттың бәрі танығанда сен неге танымайсың. Мен етік тігудің шеберімін. Міне, мына етіктерді қарашы. Мына етік, ана етік. Менің тек бір емшілігім бар. Мен тек 38-ші өлшем етік тігемін...

...Мен үндемей тыңдап тұр­мын. «Неге?» деп сұрасам тағы да қиын боп қала ма деймін. Ал етік­ші көршіміз әңгімесін ары қарай айта берді.

– Сен білесің бе? Совет Ода­ғының жауы көп, – деді, – Егер мен 39,40,41-ші размер­лі етіктерді тік­сем, анау аме­ри­калықтар, ағыл­шындар, неміс­тер ойлайды ғой, мынау Қазақстандағы қазақтардың бәрінің аяқтары өсіп кеткен екен деп. Ертеңнен қара кешке дейін жұмыс істейді екен деп ойлайды. Ал егер 38-ден төмен, 35,36-шы өлшемді етік тіксем, дұшпандарымыз аямайды бізді. «Әй, мыналар жалқау екен, үйден шықпай жатып алады екен. Сондықтан аяқтары өспей қалған» деп ойлайды. Осы себептен де мен ылғи тек қана 38-ші өлшем етік тігемін.

– Қызық жағдай екен. Советтік қоғамның пародиясы сияқты ма, қалай?

– Күлеміз-ау. Күлетін емес, жылайтын нәрсе, әрине... 15 шақ­ты етікті сөреге тізіп қой­ып­ты. Ішімнен күліп тұрмын. Көзінше, енді күле алмаймын ғой. Үйге келгесін бәрін әкеме айтып едім: «Қарағым, ол үйге неменеге барып жүрсің. Ол бір есі кіресілі-шығасылы науқас адам ғой» деп қабағын шытты. Кейін ойласам, науқас адам тұрмақ, сау адамның да советтік санасының осыдан озып кеткені шамалы екен-ау. Мен оны қайдан білейін, содан кейін сол әсермен «Етікші» деген» фельетон сыпатындағы әңгіме жаздым. Бір жақсысы, сол кезде «Ара» – «Шмель» журналы шыға бастады, редакторы Ғабит Мүсірепов деген хабарды «С­оциалистік Қазақстан» га­зе­тінен көзім шалды. Содан әң­гі­­мемді әлгі журналға салдым да жібердім.

Біраз уақыт өтті. Хабар жоқ. Е, баспайтын болған шығар деп жүре бердім. Бір күні үйге телефон соқты.

– Әкім деген бала бар ма?

– Бар.

– Әй сен ана Үкең деген ақсақалдың баласысың ба? 

– Иә.

– Мен Әбен Сатыбалдиев деген ағаң боламын. «Ара» жур­­налының жауапты хатшы­сымын. Сенің «Етікшіңді» оқы­дық. Күлдік. Бірақ баспаймыз. Де­генмен сен өзің келіп бізге жолығып кет.

Осыдан көп ұзамай пионер вожатый ретінде балаларды бастап апаруым керек болып Алматыға жолым түсті. Бір күні келе жатсақ бас поштаға қарсы беттен «Ара»-«Шмель» деген жазуы бар үйі ұшыраса кетті. Балаларды тапсырдым да, кірдім. Бойымнан толқу сезіндім. Бір есікте «Ғабит Мүсірепов» деген жазу тұр. Оған кіруге батпадым. Себебі оқулықтан суреті де, шығармалары да санамызға сіңіп қалған, пірдей елестейді. Қазақ совет әдебиеті ол кезде Сәбит Мұқановтан басталады. Мұхтар Әуезов. Ғабит Мүсірепов. Ғабиден Мұстафин. Оқулықта осы төртеуі тұратын.  Содан мен «жауапты хатшы» деп жазылған есікті аштым. Телефонда сөйлескен Әбен Сатыбалдиев. «Етікшің» бізге ұнады. Бірақ баспаймыз» деп анада айтқанын қайталады тағы. «Баспаса неге шақырады?» деп ойлаймын. Іле осы ойыма жауап қатқандай: «Есесіне біз сені қызметке аламыз» деді. Шамалыдан кейін Ғабит Мү­сіреповке алып кірді.

 Ғабең жарықтық әуелі маған қараған жоқ. Басын салбыратып өз ойымен отырғандай. Міз бағар емес. Үндемейді, алып кірген кісі де үндемейді. Әсіресе жас кезімде менің мінезім де келіскен мінез емес еді. Осы, қарғып тұрып шығып кетсем бе екен деп ойладым. Бір сәт дегбірім таусылып тұруға оңтайлана бергенімде Ғабең басын көтерді.

– Сен, қарағым, Үртай Әшімовтің баласысың ба?

– Иә.

– Ол кісі Орынборда оқыған ғой.

– Иә.

– Сол жақта мен ол кісіні көр­генмін бірнеше рет... ал се­нің мынауыңды біз баспаймыз, қа­рағым. Бірақ мен сені қызметке аламын. 85 сом айлық жете ме саған?

Ол кезде мұғалімдердің айлы­ғы 40-50 сомның айналасында.

– Жетеді, аға, – дедім.

– Онда мына жігітке приказ бер. Ертең сағат 8-де келсін.

Былай шыққасын Әбен аға «Жолың болғыш жігіт екенсің!» деп арқамнан қақты. Осылай «Етік­шім» басылмаса да қыз­мет­ке тұруға септігін тигізді, әдебиет ортасына енгізіп жіберді. Бірақ кейін жарияланды. 

– Қамқоршыңыз Ғабең болса жолыңыз қалай болмасын? Шынында да ақжолтай еке­нсіз. Одан соң да талай жақ­сы аға­лар кездескен болар?

– Иә, сөйтіп Ғабең жолымды ашты. Бұл 1956 жыл. 23 жас­тамын. Нағыз қайнап тұрған кезім. Әу бастан осылай жақсы адамдар, әулие кісілер кездесті. Солардың тәрбиесінде болдық. Әбен Сатыбалдиев. Одан соң тікелей бөлім бастығым Өтебай Қанахин. Бұрынғы офицер. Тәртіптің адамы. Кейін үлкен жа­зушы болды. «Етікшімді» оқы­ғаннан кейін «Социалистік Қазақстанның» фельетоншысы Балғабек Қыдырбекұлының да оң қабағына іліндім. Үнемі ілтипатында жүрдім. Осындай жақсы ағалардың арқасында әдебиетке жол ашылды. Ел ішіне командировкаға көп шықтым. Анда-мында жібереді, шағым хаттарды тексеремін. Көбінесе Шымкент, Қызылордаға барамын. Ғабеңнің бір жақсылығы, әкем қатты ауырып, үйде болуыма тура келгенінде де қызметтен бо­сатпады, мақаламды жазып тұр­дым, ауылда жүріп-ақ жала­қым­ды алып тұрдым. Әнеки, үлкен жүректі аға қамқорлығы осы емес пе?! 

Жастықтың жігер-жалы­нымен көп жаздым, бірақ авторы ретінде атымды көрсетпедім. Түрлі бүркеншік аттар қойдым. Хат иесінің атынан да фельетон жазатынмын. Сол фельетондарды өзімнің шығармам деп айтуға намыстанып жүрдім. Әдебиетке мөлдіреген таза қалпымда, еште­ңе­ге былғанбай, жазушылық ат­қа кір жұқтырмай келуім керек деп ойладым. Фельетон да әде­би­еттің бір жанры екеніне мән бер­меппін.

– Тілді, жанды, қанды салып жазған шығарсыз оған да?

– Жаздым. Қаламымнан шыққан нәрсенің бәріне барымды салатын әдетім. Бір қызығы, прозам 7 том, пьесаларым мен фельетондарым бір-бір том болып кейін кітаптарым шыққан соң қарап оқысам, менің барлық шығармаларымда мысқыл, әжуа, кекесін табы бар екен. Стиліме сіңісіп, табиғи түрде араласып кіріп кеткен. Ғабеңнің арқасында. Юморы да бар, бәрі де бар. Өмір­дің өз күлкісі. Жазушы бол­ға­ным, әдебиетке келуім сондай үл­­кен ағалардың арқасы деп бі­ле­мін.

Осы арада айтайын, менің бір өкінішім, қол созса жетерлік жақын жерде тұрып Әуезовке батылым жетіп, батып бара алмадым, сәлем бере алмадым. «Абайын» оқыдым. Қызықтым. Ол кісімен бір күні Мәскеуде, «Москва» қонақүйінде ұшырасып қалдым. «Крокодильге» де жазып жүретін кезім. Іссапармен келіп тұрамын. Мен қонақүйге кіре бергенде Мұхтар Әуезов шығып келе жатыр екен. Қалт тұра қалдым. Ол кісі жайымен шығып кетті. Ал кешке сыр­тқа шығайын десем, ішке кіріп келе жатыр. Содан өзім сол ара­да біртүрлі боп, ырым қы­лып есіктегі қолы тиген жерді ұс­тадым. Мынау Мұхаңның қо­лы тиген жер ғой деп едәуір уа­қыт толғана, толқып ұстап тұр­дым. Дәл қасында тұрып батып сәлем бере алмағаным өмір бой­ғы ғасыл арманым болып қал­ды. Әуезов Мәскеуде қайтыс бол­ған­да да мен сонда, ВГИК-тің екі жылдық сценарийшілер курсын­да оқып жүргем. Жазушылар ода­ғында кезекшілік атқаруға кел­ген Ғабең де Мәскеуде бола­тын. Айтайын дегенім, менің мі­незім қатты. Әкем өлгенде жылай алмадым. Шешем сонда: «Жыла! Неге жыламай тұрсың?!» деп желкемнен түйіп жіберді. Кейін анам қайтыс болғанда да жылай алмадым. Неге екенін білмеймін. Онда «Жыла!» деп желкемнен түйіп жіберетін де ешкім болмады. Ал енді Мұхтар Әуезов қайтыс болғанда өз-өзім­нен жыладым. Мәскеуде оқуда жүр­гем. Қасымда ешкім жоқ. Жалғызбын ғой. Сол әсер етті ме? Жалғыздықтың күйігі ме? Әл­де әдебиеттің киесі ме мені жы­латқан? Сірә, екеуі де болар.

– ВГИК-тің курсына қай жы­лы түсіп жүрсіз?

– Киногерлер одағының екі жылдық курсы ғой. Кино­сце­на­рий­шілер дайындайды. Бұған түсуіме де Ғабеңнің шарапаты тиген. Барған жылым – 1960. 1962 жылы бітірдім. Бір жылдан кейін қайтадан бардым. Бірте-бірте Мәскеу мені баурап, біте қай­насып кеттім. Кейін «Ли­те­ра­турная газетада» екі жыл қыз­мет еттім. Алматыдағы тіл­шісі болдым.

– Әкім аға, орыс тілін осын­ша­лықты деңгейде қай жерде, қалай меңгеріп алғансыз сонда?

– Жаңа айтқан Новотроицк деген Шу ауданының орталығы. Сонда оншақты ғана қазақ болатын, қалғанының бәрі орыс. Мен өзім мектепті қазақша бітірсем де, осындағы орыс мектебінде орыс тілінен сабақ бердім. ВГИК курсында екі жыл, одан Жо­ғары комсомол мектебінде бір жыл оқыдым. Осының бәрі әрі Мәскеуде жүріп оқуым орыс ті­лін тез, жақсы меңгеруіме сеп­тігін тигізді. Себебі үнемі із­деніс, оқу-тоқу үстінде болдым. Шуда пионер лагерінің дирек­торы болып жүргенде-ақ Толстойдың әуелі төрт томын түгел оқып шықтым. Одан екі том «Анна Каренинасын». Сөй­тіп бірте-бірте орыс әдебиеті ар­қылы орыстың тілін, онда да көр­кем әдеби тілін меңгердім. Кө­шенің тілі емес, құнарлы орыс тілін Толстой арқылы, Пуш­кин, Лермонтов арқылы, Тур­генев ар­қылы үйрендім. Әрі ме­нің зер­дем, жадым, есте сақтау қа­бі­­летім күшті болды. Бір-екі оқы­ғаннан жаттап алып орыс тілінде мәнерлеп айтып беремін. Пушкиннің небір өлеңдерін саңқылдатып жатқа соғамын, оқушыларыма.

– Ал енді алғашқы кесек шығармаларыңыз жайында да айта отырсаңыз?

– Әуелде жазушы боламын деген ойым жоқ еді. Ғабеңнің қол астында «Ара»-«Шмельге» орыс тілінде келетін хаттарға жауап беріп жүрдім. Сосын өзім де ананы-мынаны орысша жаза бастадым. Сөйтіп «Тұлпардың ізімен» атты алғашқы повесімді орыс тілінде жазып бастырдым. Осылай жалғастырып жаза бергенімде бұл күндері мүйізі қарағайдай орыс тілді қазақ жазушысы болып қалыптасуым да бек мүмкін еді. Бірақ іштен бір на­мыс түрткілей берді. «Мен неге?! Орыс тілі – бай тіл. Тол­стой­дың тілі, Чеховтың тілі. Құр­мет­т­еймін. Бірақ мен неге өзімнің ана тілімде жазбаймын?!» деп күрт қазақ тіліне көштім. Бұл оңай болмады. Әуезовті оқып шық­қаннан кейін – Әуезовтің тілі, Әуезовпен ауырдым. Мүсі­ре­повті оқығаннан кейін Ғабеңе еліктедім. Ақырында, әдебиетке, көркем әдебиетке көркем әдебиет арқылы келдім. Өзім бел орта­сында жүрген өмірді жаздым негізінен.Кейіпкерлерім де айна­лам­дағы адамдар, замандастарым бол­ды. Айталық, «Аяз бен Бибі» пове­сінің негізіне Шудағы пио- нер лагерінде жүрген кездегі оқиғалар алынған. Жазушылық жол­дың ауырлығын, қат-қабат қайшылығын да, солақай сын­ның есеңгіретер соққысын да се­зінбей, бастан кешпей қал­ған жоқпын. Мысалы, тәуір шы­ғар­маларым санатындағы ал­ғашқы романым «Тасжарған» туралы «Сумасшедший бред Акима Тарази» деп шыққан бетбақ мақаланы да көргенбіз, көтергенбіз. Шүкір құдайға, біраз жылдар өткенде осы романымды әділімен бағалап, аспанға көтерген, менің пайымымша, ақиқатын айтқан: «Тас­жарған» десе Тасжарған!» деген жүрекжарды лебізді де естуді нәсіп етіпті.

Ақырында келіп елге белгілі, қазақтың белді бір жазушысы болғаным үшін, тағы да айтамын, Ғабеңе рухани қарыздармын. Сонымен бірге сол жылдарда мен шығармасын оқымаған қа­зақ жазушысы жоқ болатын. Бұл да әдебиетке адалдықтың бір көрінісі. Сол кездердегі аға жа­зу­шылардың бауырмалдығы керемет-тін. Бір күні көшеде келе жатсам Тайыр Жароков аға: «Әй әлгі етікші туралы жазған сен баласың ба?» дейді. Басымды изеп едім, «Бері келші, маңдайыңнан иіскейін» деп маңдайымнан иіскеді. Әдеби ортадағы алғаусыз көңіл, ылғалсыз ауан осындай-ды.

– Сіздің қатар құрал­пас­та­ры­ңыз шетінен мықты жазушылар. Достық, құрдастық әңгімелеріңіз де, әзілдеріңіз де ғажап. Соны бір еске түсірсеңіз қайтеді?

– Замандастарымның ішінен достарымды мен өзім таңдадым. Елде жүргенде де жас толқын қатарластарымды да көп оқы­дым. Сайын Мұратбеков пен Қали­хан Ысқақовқа бірден құлап түстім. Ал Рамазан Тоқтаровтың шы­ғар­маларын ұнатпай жүр­дім. Бір­де: «Сенің мұның не, шығармаларыңның бәрі хал­ту­р­а» деп ұрыстым. Содан ол маған қатты ренжіп, ерегісіп, Сол­­түстікке, Мұзды мұхитқа ке­­тіп қалды. Қайтып келгеннен кей­ін бірнеше ай өткенде маған те­лефон соқты: «Әй Әкім, мен «Сол­түстік шұғыласы» деген жа­ңа роман жаздым. Міне, саған өзім айтып отырмын, «Жұлдыз» жур­налына шығып жатыр, сен соны оқышы», деді.

Романын оқып шықтым да, Павлодарда жатқан Рамазанға өзім барып, үйінде қона жатып, жақсы шығармасымен құттықтадым. Мәре-сәре болдық. «Мынау керемет! Алматыға қайт» дедім. Рамазан да балаша қуанды. Осындай да болған.

Қалихан мен Сайынды да өзім тауып алдым. Олар мені Алтайға алып кетіп, үш ай бойы аралатып көрсетті. Таудың басына шық­тық, етегіне түстік. Сол кезде ел көріп, жер көріп, қыдырып жү­ре береміз. Жазушы болған соң өмірді, табиғатты көру керек дейміз. Бір күні Сайын келіп Тал­ды­қорғанға шақырды. Ол жақ­та екі ай жүрдім. Шымкент пен Мақ­таралды өзіміз барып көрдік. Талантты жазушы Нәсіреддин Се­рәлиев Қызылордаға шақы­рып, Нәсіреддин досымның қа­сын­да екі ай жүрдім. Сыр елі­нің шуағына бөленіп, керемет әсе­р­лен­дім.

– Ойпырмай, сол кездегі дос­тық­тарыңыз қандай, ә?!

– Менің байлығым – осындай тамаша достарым болды.

– «Бес тапал» деген әңгіме де осы­ған байланысты шыққан ба?

– Әйгілі бес тапалдың әуелдегі құ­рамы: мен, Қалихан, Рамазан, Сайын, сосын Бек Тоғысбаев деген жазушы досымыз. Өзі әрі тәуір әнші еді. Бірақ Сайын бір күні өкпесін айтты. «Әй, мен сендерден он сантиметрдей биікпін ғой» деді. «Онда сен шықтың» дедім. Қалихан бірдеңе деп келе жатыр еді. «Қалихан, қой, екеуміз өкпелемейік, сен екеуміз тапалдықтан өмір-бақи құтыла алмаймыз» деп тоқтаттым. «Енді төрт тапал, бір нахал болдық» дедім. «Бір нахал» дегенім ана бізге қосылғысы келмей тұрған Сай­ын ғой. Бұл өзі бір клуб си­яқ­ты болды. Сайын айтуын айт­са да, іс жүзінде өле-өлгенше осы клуб­тың жұлын-жота, бел омыр­­тқа­сындай болып өтті. Бекті кей­ін шығарып тастадық. Себебі ол мақала жазып, бәрімізді сынады. Сынағанына ренжіген жоқпыз, бірақ мінезімен келісе алмадық. «Бес тапалдың» клубына кейін Қадыр Мырзалиев, басқа да жі­гіт­тер қосылды. Жетеу болдық, одан да көбейдік. Жарна төлеп, рес­торанға апарамыз. Сондай бір қызық дәурен, керемет әзіл-қал­жың, жарастықтың заманы бо­лып еді.

– Әкім аға, осы достарыңыз бар, өздеріңіз алпысыншы-жет­пі­сінші жылдардан бастап әде­би­еттің туын көтердіңіздер емес пе?

– Менің достарым әдебиеттің та­рихында классик болып қалды. Қазақ әдебиетінің төртінші буыны бұл. Сайынды классик емес деп кім айтады? Қалиханды, Ра­маз­анды классик емес деуші табыла ма? Қадыр мен Жұмекеннің классиктігіне кім таласады? Біз­дің тобымыз үлкен. Қырық шақты болып келдік. Соның бір он бесі қазақ әдебиетінің классигі атанды. Мұқағалидің жасы үл­ке­нірек, әдебиетке бұрынырақ кел­се де, біздің буынға кірді. Же­текшіміз Мұқағали болып қал­ды. Сырбай, Ғафулардан кей­інгі біздің жаңа буынды сол басқарды. Біз әдебиетке әде­биеттен келген жоқпыз. Біз ел­дің, қазақтың тұрмысын көріп, солардың көрген қиындығын көріп келдік. Ал әдебиетке әде­биеттен келгендер іске жарамай қалды. Мен журналистерді құр­метт­­еймін, қатты сыйлаймын. Бі­рақ үлкен әдебиетке журналис­тикадан келуді де құптамаймын. 

Бірге жүрген достарымның бәрінің кітаптарын соңғы жылдары түгел қайтадан оқып шықтым. Тірлікте қадірін білмейсің. Солар дү­ниеден өтіп кеткеннен кей­ін бәрін сағынасың, іздейсің. Кезінде де оқығам. Бірақ қазіргі оқу басқаша. Автордың өзінің кө­зі жоқ, кейінгіге аманат етіп қалдырған сөзімен ғана бірме-бір, бетпе-бет қаласың. Барынша әділ боласың. Басқа көзбен қарайсың. Тапалдар клубындағы дос­тарым шетінен толағайлар екен деген тоқтамымды осылай бе­кіттім. Мен осы достарымның еш­қайсынан артық болған жоқ­пын, артық емеспін. Әр уақытта өзім­нің алдымда Сайын, Қа­ли­хан, Рамазан, Мұқағали, Жұ­ме­кен, Қадыр, Сағи бар деп сөй­лей­мін.

– Қазір немен шұғылданып жүрс­із?

– Біраз айдың жүзі болды, Әкім Тарази деген жазушыны оқып жүрмін. Сыни тұрғыдан. Астын сызып. Бір ауыз сөзбен түйіп айтсам, Әкім Тарази деген жазушы Әкім Әшімов деген оқырманға ұнады. Тіпті леп белгісін қойған жерлерім де бар. Бірақ соңғы сөзді қазақтың оқыр­ман қауымы, кейінгі ұрпақ айтады, шығармаларымның әділ бағасын болашақ береді деп білемін.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен  Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»