• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Сәуір, 2018

«Мансап» – Ақтөбе студенттік мемлекеттік қызмет мектебі

739 рет
көрсетілді

Наурыз айының соңғы күндерінің бірінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің жанындағы «Мансап» атауын иеленген Ақтөбе студенттік мемлекеттік қызмет мектебінің іс-тәжірибесімен танысқан едік. 

Біз барған күні 2016 жылы қанатқақты жоба ретінде құрылған мектептің үшінші маусымы ашылған-ды. Осыған орай арнайы дәрісханада осы бастаманың басты ұйымдастырушысы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Қайыржан Токушев алғашқы дәрісті оқыды.

Одан кейін жоба жетекшісі­мен өзара әңгімелесу барысында мектепті құрудағы басты мақсат – студенттер мен жастарды мем­лекеттік қызметке алдын ала бейімдеу, оның алғашқы әліп­песін үйрету екеніне қанықтық. Сонымен бірге мұнда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл таныта білудің бірқатар иі­рімдері де жас тыңдаушыларға та­ныстырылады. Мемлекеттік қыз­метке орналасудың алғашқы қадамы тестік жүйеден өтуден, әрі өзге де тиісті заңнамалық құ­жат­тарды игеруден басталатыны белгілі. «Мансап» мектебіне қабылдану үшін конкурстан өтеді. Бірінші, мемлекеттік қыз­мет­шіге арналған тестілеуден өтеді, екінші эссе жазады.

Сонымен бірге олар «Ман­сап» мектебіндегі білім беру үрдісі кезінде өңірге және елімізге танымал белді тұл­ға­лардың дәрістерін тыңдайды. Әрі біліктілігі жоғары лектор­лар­мен ашық форматта емін-еркін ой-пікір алмаса алады. Іс басындағы азаматтар мен маман-сарапшылардың өмір­­лік тәжірибесі ертеңгі маман­дық иелерін мемлекеттік қыз­меттің қыр-сырын алдын ала ұғы­нуға ұмтылдырары анық. Екінші бір ерекшелік – мек­теп тыңдаушыларының мем­лекеттік органдарда өңдіріс­тік тәжірибеден өтуі. Ең бас­­тысы «Мансаптағы» дәріс­тер студенттердің негізгі оқу бағ­дар­ламасына ешқандай кедергісін келтірмейді. Оның үстіне мұн­дағы оқу үрдісі тегін жү­зеге асы­рылады. 

– Мемлекеттік қызметтің бас­ты қағидаты меритократия­ ұғы­мы­нан тамыр тартады. Бұл жас талаптың біреудің қолдауынсыз, қоңырауынсыз, тек өз күшімен, өз ақыл-қайратымен және өз білік-білімімен сатылап өсуі деген сөз. Мектепті құрудағы мақсатымыздың бірі – осындай шындық пен әділетке сту­дент­тердің көздерін жеткізу еді. Тәубе, бұл ойымыз көңілден шы­ғып келеді дейді жобаның үйлестірушісі Қайыржан Токушев.

Бұдан екі жыл бұрын «Ман­сап» қанатқақты жоба ретінде ашылған кезде оған оқуға 25 сту­дент ықылас таныт­қан. Кейін оның 19-на мектепті тәмамда­ға­ны жөніндегі сертификаттар тапсырылған. Ал келесі 2017 жылы оған қатысуға ниет білдіргендердің саны 252-ге жетіп, бес есеге бір-ақ көтерілген. Сөз жоқ бұл өте сүйінішті жайт. Мемлекеттік қызметке деген ұмтылыс пен қызығушылықтың көріністерін аңғарта алатын құнды көрсеткіш.

Аталған жылы заңнаманы білуге арналған тестілеуден 102 студент сүрінбей өткені де тәуір нәтиже. Бұдан кейінгі уәкілетті орган өкілдерімен әңгімелесу барысы бойынша тест тапсырғандардың бестен-бірі мектеп табалдырығын аттапты. Бүгінгі күні олардың дені мемлекеттік қызметтің әр саласында қызмет атқарып жүр. Солардың бірі, Ақтөбе облыстық білім басқармасының бас маманы Ризат Қарасаев «Мансап» мек­тебі өз өмірінің жаңа пара­ғын ашқанын айтып берді. Оның табалдырығын аттағаннан кейін көңілдегі күмәнді ойларымның бәрі сейілді. Менің таңдауым – мемлекеттік қызмет болып шықты. Бұл үшін бас­тама иеле­ріне алғысым мен ризашы­лы­ғым шексіз, дейді ол.

Ал мектептің екінші бір түлегі Медет Камилов мемле­кет­тік қызметке жастарды ал­дын-ала әзірлеу мен тарту тың әрі жаңашыл жоба еке­­ні­не тоқталды. Бұған қоса «Мансапта» теория мен тәжірибенің тығыз үйлесім табуы өте пайдалы болғанын жеткізді. Шыны керек, бұрын-соңды білмеген ақпаратқа қа­нық болдым. Мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасында тағылымдамадан өттім. Депар­та­мент қызметкерлерімен бірі­ге отырып жұмыс істедім. Тәртіп­ті үйрендім. Әдеп пен қыз­мет­тік қарым-қатынастардың құн­дылықтарын бойыма сіңірдім, деп ағынан жарылды ол. Қысқасы «Мансап» Ақтөбе студенттік мемлекеттік қызмет мектебі ерекше, айрықша әрі бірегей жоба екені анық. Сірә үйренуге тұрарлықтай үрдістің бір мысалы осындай-ақ болар.

Темір ҚҰСАЙЫН,  «Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ