Сәуірдің алғашқы жексенбісі – геологтердің кәсіби мерекесі. Бұл орайда мұнайлы Маңғыстау өңіріндегі «Кендірлі» демалыс аймағында «ҚазМұнайГаз»Барлау Өндіру» АҚ компаниялар тобы геологтерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті.
Жиынға «Өзенмұнайгаз», «Ембімұнайгаз», «Қаражанбасмұнай» акционерлік қоғамдары, «ҚазГерМұнай» бірлескен кәсіпорны», «Карповский Северный», «Урал Ойл энд Газ», «Су өндіру және тасымалдау», «Қазақ газ өңдеу зауыты», «Өзенмұнайсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің геолог-мамандары қатысып, жердің қыртысы және ішкі қабаттары, олардың құрамы, құрылысы, қозғалысы, даму тарихы, орналасу заңдылықтары туралы баяндамалары мен слайдтарын ұсынып, қызу талқылады. Олар өздерінің алдында кен орындарын өңдеу, байыту сияқты күрделі міндеттер тұрғандығына тоқталып өтті. Жиынға геология саласының дамуына, жоғары деңгейге көтерілуіне тер төккен ардагер-геологтер де қатысып, өздерінің бай тәжірибелерімен бөлісті.
Кеңестік кезеңде геолог десе, көз алдымызға балға мен жолдорба ұстаған мамандар елестейтін. Қазіргі геологтер – заманауи компьютерлік және ғарыштық технологиялармен жабдықталған кәсіп иесі. Жиында сөз алған «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ өндіріс және кен орындарын игеру жөніндегі басқарушы директор Қуанышбай Нұрғалиев сала мамандарына арналған «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ бас директоры Құрманғазы Есқазиевтің арнайы құттықтау тілегін жеткізді.
«Құрметті әріптестер, кәсіби мереке құтты болсын. Сіздерге зор денсаулық, баянды бақыт, еңбектеріңізге жеміс тілеймін. Өткен жылы геологтер күнін қазақ мұнайының қарашаңырағы «Ембімұнайгазда» салтанатты атап өттік. Міне, биыл дәстүрді жалғастырып, геологтер күнін «Өзенмұнайгазда» атап өтіп отырмыз.
Бір ғасырдан астам тарихы бар мұнай-газ секторы – бүгінде стратегиялық саланың бірі. Соның ішінде мұнай қорын ұлғайту, жаңа кен көздерін табу, сонымен қатар еліміздегі ескі кен орындарын қайта жандандыру бағытындағы жұмыстар мұнайшы геологтерге үлкен сенім, ауыр жүк артады. Сіздер жер қойнауын барлау, мұнай-газ қорларын көбейту, жаңа кен орындарын игеру, өндіріс көлемін арттыру сияқты жауапты міндеттерді абыройлы атқарып отырсыздар. Сала мамандарына жүктелген жауапкершілік жүгі ауыр, салмақты.
Сіздер мамандыққа адалдық деген қағиданы берік ұстанып, бұл бағыттағы жұмыстарды табысты атқаруға күш салып келесіздер. Өнім көлемін ұлғайтудағы ізденістер, тиімді геологиялық-техникалық шаралар, өндіріске енгізіліп жатқан жаңалықтар өз нәтижесін беріп отыр. Компания өндірістік қызметінде жеткен жетістіктерде әрқайсыңыздың үлкен үлесіңіз бар. Сіздердің қажырлы қызметтеріңіз үшін бас директор Құрманғазы Орынғазыұлының атынан және өз атымнан зор алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да жоғары жетістіктерге жете беріңіздер», деді Қ.Нұрғалиев. Кәсіби мерекеге орай еңбегімен еленген мұнайшы геологтер Құрмет грамоталары және Алғыс хаттармен марапатталды.
Расберген Махмұдов,
«ҚазМұнайгаз»Барлау Өндіру» АҚ Геология және кен орындарын игеру департаменті директорының орынбасары:
– Биылғы жылы кәсіби мерекеге байланысты «ҚазМұнайГаз»Барлау Өндіру» акционерлік қоғамына қарасты мекемелердің геологтер қауымы Каспий теңізі жағасында орналасқан «Кендірлі» мекенінде бас қосып семинар өткізді. 2017 жылы орындалған жұмыс бағдар-ламасына талдау жасалып, қол жеткен жетістіктерді ортаға салып, алдағы болашақта жасалатын жоспарлар айқындалды. Мұнай-газ саласында геологтер көптеген бағыттарда қызмет атқарады. Олар мұнай-газ қорларын іздестіру, барлаудан бастап, мұнай мен газ кеніштерін игеру, өндіру процесінде мұнай-газ қорларын толықтыру және ең соңғы кезеңде мұнай-газ қорлары таусылған кезде кеніштерді жою жұмыстарына қатысады.
Мұнай-газ қорларын толықтыру геологтер үшін маңызды міндет. Осы көрсеткіште 2017 жылы «Өзенмұнайгаз» АҚ геологтері табысқа қол жеткізіп, Өзен-Қарамандыбас кеніштеріндегі мұнай қорын 6,8 млн тоннаға өсірді. Бұл көрсеткіш бір жылдық мұнай өндіру көлемінен асып түсті. «Ембімұнайгаз» АҚ геологтері де айтарлықтай жақсы табыстарға жетті. Мұнай-газ қорларын толықтыру 2,9 млн тоннадан асты. Бұл көрсеткіште «Ембімұнайгаз» АҚ бір жылдық мұнай өндіру көлемінен асып түсті. «Кендірліде» өткен семинарда көптеген геологтер қол жеткізген табыстары үшін Алғыс хаттар және Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Болашақта алда тұрған міндеттердің бірі – жүргізілген үш өлшемді сейсмикалық барлау жұмыстарының нәтижесінде Өзен-Қарамандыбас аймағында және Қаратон тұз асты құрылымында 6000 метр тереңдікке палеозой қабатына ұңғымалар бұрғылау жұмыстарын сәтті іске асыру және «Өзенмұнайгаз» АҚ пен «Ембімұнайгаз» АҚ мұнай-газ қорларын еселеп толықтыру.
Барлық әріптестеріме алдағы уақытта да жоғары жетістіктер тілеймін.
Айнагүл Мұстажанова,
«Ембімұнайгаз» АҚ «Қайнармұнайгаз» МГӨБ Кенбай мұнай және газ өндіру цехының геологі:
– «Өзенмұнайгаз» АҚ-та геологтер күні жақсы өтті, ұйымдастыруы, қарсы алуы бәрі бізге ұнады. Өткен жылы «Ембімұнайгазда» өткенде олар Атырауға келген болатын. Жиын барысында геология саласындағы бүгінгі жетістіктер мен алдағы жоспарлар сөз болды. Марапатталғандар да көп болды, соның ішінде өзім де «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ-тың Құрмет грамотасын иелендім. Әріптестеріммен өзара пікір алмасып, жер көріп әрі марапат алып марқайып қайттық. Мереке құтты болсын!
Жеңіс Бағытов, «Ембімұнайгаз» АҚ «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ Прорва кен орнын игеру тобының өнідірістік басқармасының геологі:
– Өзенде геологтердің бас-қосуы жақсы өтті. Жер асты қойнауын барлап, мұнайды табатын геологтер. Сол бағытта көптеген алғыс, жылы лебіздер айтылды. Әсіресе А.Сахиев, А.Өтесінов сынды еңбек ардагерлерінің «мұнайдың көп болуы геологтерге де байланысты. Көп оқып, көп ізденіңдер. Қазіргі талап басқа. Жаңа технологияларды өндіріске енгізу керек. Соған орай ізденуден талмаңыздар» деп айтқан өсиеттері көңілге қонымды. Сол бағытта еңбек етіп келеміз. «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ-тың Алғыс хатын алғаным мені қанаттандырғаны да рас. Геологтердің еңбегі әрдайым елене берсін!
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»