• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Сәуір, 2018

Жас өлкетанушылар назарындағы шаһар

700 рет
көрсетілді

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға жұмылдыру мақсатында 38 жоғары оқу орнының басын біріктіріп, жуырда ғана құрылған Университеттер альянсы «Алматы туралы 100 қызықты дерек» жобасының тұсауын кесті.

Бірегей жобаны қолға алып, бастама көтерген Альянстың өлкетанушы-этнографтар клу­бы болып отыр. Жобаны жү­зеге асыруға археология, өлкетану және этнография саласы бойынша өз ықыласымен ізденіп жүрген тарихшы ғалымдармен бірге, бірнеше мың алматылық оқушы мен студент те жұмылдырылды. Жас өлкетанушылар алғашқы табыстары мен әсері туралы әлеуметтік желілерде, мерзімді басылымдарда пайымды пікір­лерімен бөлісіп отырады. Жоба мерзімі аяқталған соң жұмыс нәтижесі негізінде Ал­маты мен қала маңындағы тарихи, археологиялық ескерткіштердің картасы жасалып, «Алматы қа­ласы туралы 100 қызықты дерек» атты жаңа жинақ жарық көрмек.

Өлкетанушы-этнографтар клубының жетекшісі, ҚазҰУ-дің тарих, археология және этнология факультетінің деканы Меңдігүл Ноғайбаеваның айтуын­ша, жобаның мақсаты – ғалымдардың қолдауымен жас буынды Алматы қаласының тарихи мұрасын зерттеп, зерделеуге ерте бастан баулу. «Жоба қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған «Туған жер» бағдарламасының ма­ңызды құрам­дас бөлігі болып табылады. Біз өлкетану туралы ой мен ұстанымдарды оқу бағдарламасына белсенді түрде енгізуді қолға алдық. Сондай-ақ жастардың бойындағы отан­шылдық сезімді ояту мақ­сатында тарихи-өлкетану және этнографиялық жұмыстар жүр­­гіземіз. Ал Отанды сүю деге­­німіз, ең алдымен өз туған жеріңе, өз айналаңа сүйіс­пеншіліктен басталады», дей­ді қанат қағып отырған жа­­ңа жобаның жетекшісі М.Ноғайбаева.

Ал Қыздар мемлекеттік педа­гогикалық универ­ситетінің доценті Әлия Исаева өз баянда­масында этнографиялық маз­мұндағы сауалдама жүргізген сту­дент-еріктілер тобының жұмысы туралы әңгіме­лесе, Қазақ спорт және туризм ака­демиясының доцен­ті, экскурсия жүргізуші О.Лютерович: «Алматы – мың жылдық тарихы бар қайталанбайтын қала. Мұнда сәулет өнері мен мәдениеттің сан түрлі ғажа­йып ескерткіштері шоғырланған. Шаһарымыз көз қуан­­дыратын көрікті орындарға өте бай. Алматы ерте­ден-ақ шетелдік және отандық саяхатшылар үшін ту­рис­­тік орталыққа ай­налған, енді міне, оның басқа да жа­ңа мүмкіндіктерінің көкжиегі көрініп келеді», дейді.

Жас өлкетанушылар өз зерттеулерінің қорытын­дысын көпшілікке жариялай бастады. Мысалы, М.Базарбаев атындағы №138 мектептің 11 сынып оқушысы Дінмұхамед Әлиасқаров өз мектебінің өл­кетанушылар клубы арқы­лы Алматы қаласындағы ғи­ма­раттардың тарихы, көше атау­лары, сондай-ақ атақты адамдардың өмірбаяны туралы жаңа мәліметтер мен ақпараттарға қанық болғанын айтты. Мектеп бітіргелі отырған жас түлектің айтуынша, мұндай бағыттағы жұмыс адамның бо­йындағы ізгілік, құрмет сезімін, ең бастысы келешекке сенімін оятпай қоймайды.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ